Мәжіліс ғалымдарға академиялық еркіндік беретін заң жобасын талқылайды
Сурет: Depositphotos
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Онда депутаттар ғылым мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылап, Қазақстан мен Аустрия Үкіметтері арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялауы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Сонымен Мәжіліс бірінші оқылымда депутаттар бастамашы болған ғылым мәселелері жөніндегі заң жобасын қарайды. Бұл құжатта ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің мәртебесін айқындау, олардың академиялық еркіндігі мен шығармашылық еркіндігін, құқықтарының кепілдіктерін бекіту, сондай-ақ ғылыми қызмет бағыттарын өз бетінше жоспарлау және таңдау құқығы қамтылып отыр.
Сонымен қатар профессорлық-оқытушылық құрамға шамадан тыс аудиториялық жүктемені шектеу енгізіледі. Ғылыми зерттеу жүргізу мерзімдерін бекіту, оларды қаржыландыру тәртібі, сондай-ақ оқушыларға олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына дайындалу үшін ғылыми инфрақұрылымды пайдалану құқығын беру жөніндегі нормалар ұсынылады. Заң жобасында композиттік қызметті енгізу есебінен дәрілік заттарды тіркеудің жеңілдетілген және жеделдетілген тәртібін енгізу, референс-зертханаларды реттеу тәртібін айқындау және өзге де нормалар көзделеді.
Сондай-ақ жалпы отырыста депутаттар 2025 жылғы 28 ақпанда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Аустрия Үкіметтері арасындағы заңсыз жүрген адамдарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялау туралы келісімді қарайды. Бұл келісімді Мәжіліс 4 ақпан күні жұмысқа алған болатын. Сол кезде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева 2025 жылғы 28 ақпанда Астана қаласында рәсімделгенін айтты.
- Келісім Қазақстан мен Аустрия аумақтарында ұлттық заңнаманы бұзған адамдарды қабылдау және транзиттеу мәселелерін реттейді. Келісімді ратификациялау екі ел арасындағы ынтымақтастықтың қолайлы жағдайларын қамтамасыз етеді және заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімділігін арттырады. Келісім Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар туралы заңына сәйкес ратификациялауға жатады, - деген еді Мәжіліс депутаты.
Бұдан бөлек, депутаттар әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын, қорғаныс және әскери қызметті, педагог мәртебесі мен білім беруді жетілдіру, сондай-ақ педагог мәртебесі бөлігінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу мәселелері туралы жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.
Айта кетейік, бұған дейінгі Мәжілістің жалпы отырысында депутаттардың бастамасымен әзірленген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
- Бүгінгі таңда газ саласы Қазақстан үшін бір мезгілде үш маңызды міндетті атқарып отыр. Біріншіден, тауарлық газ - шектеулі әрі стратегиялық ресурс, оны тиімсіз пайдалану болашақта энергетикалық және экономикалық тәуекелдерге әкелуі мүмкін. Бүгінгі таңда елімізде газдың ресурстық базасы шамамен 3,8 трлн текше метрді құрайды. ал жылдық өндіру көлемі 60 млрд текше метрдің айналасында, - деді заң жобасын таныстырған мәжілісмен Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, екіншіден, елімізде газ көмірге қарағанда экологиялық тұрғыдан анағұрлым таза энергия көзі ретінде климаттық күн тәртібіндегі міндеттерді орындауда маңызды рөл атқарады.
- Үшіншіден, бұл - елді газдандыру арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру және өңірлер арасындағы әлеуметтік теңгерімді қамтамасыз ету құралы. Газдың жылдық өндіру көрсеткіштер сырттай жеткілікті көрінгенімен, бүгінгі күні мемлекеттің ішкі тұтыну көлемі 21,6 млрд текше метрге жетті. Қазіргі таңда елімізді газдандыру деңгейі 64,2 пайызды құрап отыр, - деді ол.
Депутаттың айтуынша, заң жобасын Мәжіліс қабылдаған жағдайда Жергілікті атқарушы органдарға автогаз құю станцияларының шекті санын белгілеу құқығы беріліп,газ тұтыну нормадан асқан жағдайда баға белгілеуде сараланған тәсіл қолданылылады.Газды есепке алудың бірыңғай цифрлық жүйесі қалыптастырылып,жаңа автогаз құю станциялары сыйымдылықтарды жер астына орналастыруға міндеттеледі.
Сонымен қатар депутаттар Қазақстан мен Перу Республикасының ынтымақтастығына қатысты үш заңды қабылдады.
Бірінші қабылданғаны - "Қазақстан мен Перу арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" Заң. Шарттың негізгі мақсаты - тараптардың өзара ынтымақтастығы мен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек арқылы қылмыстың алдын алу, тергеу, қылмыстық қудалау және жолын кесу тиімділігін арттыру.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметінше, құжат аясында өзара құқықтық көмек ақпарат беруді, адамдарды анықтауды, іздестіруді, тінтуді және жауап алуды, сараптама жүргізуді, дәлелдемелер беруді, сондай-ақ тараптардың ұлттық заңнамаларында көзделген көмектің басқа да нысандарын қоса алғанда, бірқатар шараны іске асыруды көздейді.
Екіншісі - "Қазақстан мен Перу арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы" Заң.
Шарттың негізгі мақсаты - бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өздері азаматтары саналатын мемлекетте жазасын өтеу үшін беру тәртібі мен шарттарын айқындау мәселелерінде тиімді ынтымақтастық орнату. Құжат бойынша бір тараптың аумағында сотталған адам белгіленген жазаны өтеу үшін екінші тараптың аумағына берілуі мүмкін.
Қабылданған үшінші құжат - "Қазақстан мен Перу арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы" Заң.
Шарт тараптардың аумағында жүрген, ұстап беруге алып келетін қылмыстары үшін қылмыстық қудалау мақсатында немесе соттың заңды күшіне енген үкімін орындау үшін іздеуде жүрген кез келген адамды ұстап беру бөлігінде мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты орнатуға бағытталған. Құжатта адамдарды ұстап берудің және одан бас тартудың нақты негіздері қарастырылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

