21.04.2021, 20:30 13001

Мәжіліс бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын мақұлдады

Заң жобасында стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр.
НҰР-СҰЛТАН. 21 СӘУІР - ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Заң жобасы Парламенттің, Есеп комитетінің, сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарын іске асыруға бағытталған", - деді Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

 
Ұлттық экономика министрлігі басшысының айтуынша, заң жобасы бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті қалыптастыруды көздейді. Онда мемлекеттік қаржы жағдайына әсер ететін макроэкономикалық, демографиялық, қаржылық және басқа да тәуекелдердің талдауы қамтылады. Аталған есеп жыл сайын Парламентке республикалық бюджеттің жобасымен бірге енгізіледі.
 
Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең аз көлемінде белгіленген жалпы сипаттағы трансферттер қаражатын басқа шығыстарға қайта бөлу мүмкіндігін беру ұсынылып отыр.
 
Заң жобасында бөлінген қаражат толық игерілмей, жыл соңында қаражат кері қайтарылған жағдайда, төртінші тоқсанда стратегиялық жоспарлардың нысаналы индикаторларын өзгертуге тыйым салу көзделген.
 
Мемлекеттік қолдау шараларына бөлінген қаражаттың пайдаланылуына бақылау мен мониторингті күшейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды қаржылай және қаржылай емес қолдау операторларына және қарыз алуға мемлекет кепілдік берген квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қазынашылықта шоттар ашу көзделіп отыр.
 

Заңнамада белгіленген мақсаттарға пайдаланылмаған аударымдар аудиторлық есеп нәтижелері бойынша республикалық бюджетке қайтарылады", - деді министр.

 
Жергілікті атқарушы органдарға жергілікті бюджеттің қолма-қол ақша тапшылығын жабуға қарыздар бөлу мерзімін 3 жылдан 6 айға дейін қысқарту ұсынылады.
 
Заң жобасында стратегиялық жоспарлар мен өңірлерді дамыту бағдарламаларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде бюджеттің шығыстары туралы аналитикалық есепті қалыптастыру көзделіп отыр. Парламентте жылдық есепті қарау кезінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттерді пайдалану бойынша әкімдердің есебі тыңдалады.
 
Ұлттық экономика министрлігі басшысы мемлекеттік қарыз алуды жетілдіру шеңберінде қарызға алған қаражатты белгіленген мерзімде игермегені үшін жауапкершілік енгізіліп, жергілікті атқарушы органдарға үшінші тұлғалар үшін борыштық міндеттемелерді қабылдауға тыйым салынатынын атап көрсетті.
 
Жоспарланатын шығыстардың негіздемелігін арттыру үшін бекітілген заттай нормаларға жылына бір рет өзгеріс енгізу ұсынылады.
 

Заң жобасында нақтылау сипатындағы түзетулер де көзделген. Республикалық бюджетті нақтылау жағдайлары айқындалып отырады. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының мазмұны нақтыланады. Ұлттық Банкте ашылған Бірыңғай қазынашылық шоттағы қаражаттың күнделікті қалдығына есептелетін сыйақы бюджеттік түсімдерге кіреді", - деді Әсет Ерғалиев.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны