05.05.2021, 20:25 17503

Мәжіліс сайлау туралы Конституциялық заңға түзетулер жобасын мақұлдады

Депутаттар ауыл әкімінің сайлау комиссиясы сайланған әкім ретінде тіркеген сәттен бастап өз міндеттеріне кірісу құқығын бекітуді ұсынды.
НҰР-СҰЛТАН. 5 МАМЫР - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға ілеспе заң жобасымен түзетулер жобасын мақұлдады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Парламенті Мәжілісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Заң жобасы бойынша, әкімдікке кандидаттарды саяси партиялармен де, азаматтардың өзін-өзі ұсыну тәртібімен де кандидатураларды беру көзделеді. 
 
Кандидаттарды тіркеу, кандидатураны алып тастау тәртібі, әкімді сайлау кезінде дауыстарды санау, осы сайлаудың қорытындыларын анықтау және жариялау тәртібі белгіленеді. 
 
Заң жобасымен барлық деңгейдегі сайлауда берілетін бюллетеньдерге "барлығына қарсы" баған енгізіледі. Саяси партиялар үшін Парламент Мәжілісіне өту шегі төмендетіледі. Сондай-ақ, заң жобасында аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты нормалар қамтылған. 
 
Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин:
 

Заң жобасы тікелей Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленді. Онда Президентіміздің саяси партияларға және сайлауда берілетін бюллетенге қатысты ұсыныстары енгізілді. Сонымен бірге, ауылдың, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды, қамтамасыз ететін жаңа нормалар қабылданды. Осының барлығы Мемлекет Басшысының саяси жаңғырту бастамаларын заң жағынан қолдауға арналған тағы бір нақты қадам", - деуге болады деді. 

 
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, ол ең алдымен, мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге және әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға жаңа серпін беретін болады. Бұл өте маңызды мәселе. Себебі, жергілікті халықпен тікелей байланыс орнататын негізгі тұлға ол - әрине ауылдың әкімі. 
 
Сонымен бірге, бұл заң жобасы ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі арттыруға да зор ықпал ететіні сөзсіз.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны