24.04.2026, 15:50 1541
Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI экожүйесін дамытуға арналған негізі алаң саналатын Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Орталықта жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламалары жүргізіліп, стартап-бастамалар мен басқа да қолданбалы шешімдердің енгізілуіне жағдай жасалады.
Іске асырылып жатқан жобалар ЖИ технологиясын мемлекеттік секторда, бизнесте және күнделікті өмірде қолдануға мүмкіндік береді.
Жалпы, Орталық Мемлекет басшысының Қазақстанды технологиялық, заманауи және бәсекеге қабілетті елге айналдыруды көздейтін стратегиялық бағдарын орындау мақсатында құрылған.
Президент Орталықты аралау барысында Astana Smart City жобасының іске қосылғанына куә болды. Бұл - интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама. Presight.AI компаниясының бас директоры Томас Прамотедхам қала жүйелері мен деректерді нақты уақыт режимінде біріктіретін бірыңғай АІ-платформаны, сондай-ақ оның шаһарды басқару тиімділігін арттыру барысындағы қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты.
Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған болатын. Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ.
Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, соның ішінде ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады.
Тағы бір білім беру алаңы - цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы. Мұнда генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын ойлап табу, анимация, 3D-модельдеу, роботты техника, киноөнім және цифрлық музыка секілді 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім беріледі.
Бұдан бөлек, Президентке AI Research University тұжырымдамасы таныстырылды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады. Студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Оқу үдерісін биыл 1 қыркүйектен бастау жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ ойындары-2026" халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосты. Фиджитал-атлеттер арасындағы дода Астана қаласында 29 шілде мен 9 тамыз күндері аралығында өтеді.
Мемлекет басшысына отандық CryptoPay жүйесін пайдалану арқылы Қазақстандағы алғашқы криптовалютамен төлеу үрдісі көрсетілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
24.04.2026, 16:47 1786
Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі
Сурет: Akorda
Достарға айту
Президент елімізде қоғамның барлық саласын қамтыған ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанына тоқталды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл, ең алдымен, еліміздің келешегі үшін өте маңызды және тарихи қадам болды. Азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз мұны жақсы түсінеді. Олар республикалық референдумға белсене қатысып, Ата заңды қолдап, дауыс берді. Жұртымыз бір қоғам болып жауапкершілік пен отаншылдық рухының озық үлгісін көрсетті. Тұғырына қонған жаңа Конституцияда халқымыздың бірегей болмысы, басты құндылықтары мен биік мақсаттары көрініс тапты. Бүгін осы жиынға ел жастары, білімді, білікті, зияткер азаматтар қатысып отыр. Мен сіздерді Қазақстанның жарқын болашағы деп санаймын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы озық ойлы жастар елімізді биік белестерге бастап, ұлтымыздың мерейін өсіретініне сенім білдірді.
- Халық Конституциясы - өскелең ұрпаққа жол көрсететін темірқазық. Жаңа Ата заңымыз - Әділетті Қазақстанның мызғымас тұғыры. Заң мен тәртіп қағидаты мемлекетіміздің өзегіне, ұлт санасының арқауына айналды. "Таза Қазақстан" тұжырымдамасы халқымыздың туған жерге, тұмса табиғатқа деген қамқорлығын күшейтті. Елімізде қоғамдық маңызы бар жұмысты міндет емес, қастерлі парыз санайтын нағыз жанашыр азаматтар көбейді. Біз оларды еріктілер немесе волонтерлер деп атаймыз. Міне, осы құндылықтардың бәрі де Халық Конституциясының преамбуласына арнайы жазылды. Мемлекеттің басты байлығы - адам. Сондықтан адам капиталын дамыту конституциялық міндет ретінде айқындалды. Бас құжатта еліміздің ғылым мен білімге, инновацияға басымдық беретіні нақты көрсетілді, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде әлемнің аса жоғары жылдамдықпен дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, қазіргідей құбылмалы, дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет.
- Елімізде осы бағытта нақты жұмыс істеліп жатыр. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық негіз жасалып, Цифрлық кодекс қабылданды. "Жасанды интеллект туралы" Заң күшіне енді. Таяу арада Қазақстанның цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Бәріңізге белгілі, биыл елімізде - "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы". Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек, - деді Мемлекет басшысы.
Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы тәсілдерді үнемі жаңартып отыруды талап ететінін атап өтті.
- Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат - елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінен бастап креативті индустрияға дейінгі салаларды қамтиды. Жазда Астанада "Болашақ ойындары" өтеді. Дәстүрлі ережелер мен киберспортты ұштастыратын жарысқа әлемнің 50 елінен мыңға жуық спортшы қатысады. Жаңа спорт түрі озық технологияларды күнделікті тұрмысқа жедел бейімдеуге, ең бастысы, жастар арасында спортты насихаттауға жол ашады, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, күзде Қазақстанда Astana AI Film Festival атты тағы бір маңызды халықаралық байқау ұйымдастырылады.
- Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Жасанды интеллект шығармашылық табиғатына түбегейлі бетбұрыс әкеледі, өзін танытудың жаңа формаларын ашады әрі таланттардың алдынан шығатын кедергілерді азайтады. Қазақстан осы жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуға ұмтылады. Сонымен қатар жасанды интеллект әсерінен креативті индустрия жойылады, қазіргі күйінде сақталмайды деген пессимистік болжамдарды ескеру керек. Сондықтан барлық үрдісті бақылап, өзгерістерге дер кезінде бейімделу қажет. Фестивалді ұйымдастыру Қазақстанды халықаралық аренадағы инновациялар мен жасампаз бастамалар орталықтарының бірі ретінде көрсету үшін өте маңызды, - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру және жасанды интеллектіні жаппай енгізу үдерісі ауқымды өзгерістерге жол ашқанын айтты.
- Сондықтан біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифрлық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек. Биыл елімізде жаңа үлгідегі технологиялық білім ордасы - Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл ғылым саласы үшін маңызды оқиға болмақ. Енді алдымызда тұрған өзекті міндет: біз осы салада білікті маман даярлау ісіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Дарынды жастарды тартып, оларға сапалы білім беру қажет. Сондай-ақ келешегі зор технологиялық жобалар мен компанияларға қолдау көрсету айрықша маңызды. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі де еліміз үшін тиімді болары анық, - деді Мемлекет басшысы.
Бүгін екі байқаудың жеңімпаздары марапатталатынын жеткізген Президенттің айтуынша, ұшқыр ой мен терең білім сынға түсетін мұндай додалардың берері мол.
- Мазмұнды әрі тартысты жарыстар арқылы жаңашылдық, ізденімпаздық, жасампаздық құндылықтары кеңінен дәріптеледі. Қоғамда жаңа технологиялық мәдениет қалыптасады. Alem.ai battle сайысына мектеп оқушылары, студенттер, жас ғалымдар және IT саласының мамандары қатысты. Олар өзара тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетті. Байқау аясында дарынды азаматтарымыз денсаулық сақтау жүйесі, білім беру саласы және жасанды интеллект модельдерін үйрету мәселесіне қатысты инновациялық шешімдер ұсынды. Сондықтан бұл сайысты озық идеялардың бәсекесі десек, қате болмайды. Осындай шаралар сіздерді кәсіби тұрғыдан шыңдайды, елімізде және әлемде сұранысқа ие болатын маңызды жобаларды іске асыруға жол ашады деп сенемін. AI Governance Cup байқауының да мән-маңызы айрықша. Бұл сайыста жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсынылды. Соның ішінде медициналық куәландыру жүйесін автоматтандыру, интеллектуалдық прокурорлық қадағалау, педагогтерді қолдау жүйелерін ерекше атап өтуге болады. Мұның бәрі идея немесе пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймауы керек. Негізгі мақсат - озық идеялар мен бастамаларды мемлекеттік құрылымдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыру. Осыған баса назар аудару қажет. Осындай беделді байқауларда жүлделі болу - шын мәнінде, үлкен жетістік. Сіздердің жеңістеріңіз - үздіксіз ізденіс пен табанды еңбектің жемісі екені сөзсіз. Бәріңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет жаңашыл, жасампаз азаматтарға зор үміт артады, әрдайым қолдау көрсетеді, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы alem.ai battle ұлттық байқауы мен мемлекеттік органдар арасындағы AI Governance Cup байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
alem.ai battle жарысының жеңімпаздары төрт аталым бойынша анықталды:
- AI Young Talents - ағзадағы глюкоза мөлшерін инвазивті емес тәсілмен анықтайтын SuGuard жүйесі;
- AI Driving Power - мұғалімдердің жұмысын автоматтандыруға арналған Ustaz AI шешімі;
- AI Innovators - ЖИ арқылы қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға арналған Robio диагностикалық қолғабы;
- Future Builders - ЖИ-модельдерін үйретуге қолданылатын сапалы деректерді жинауға және қалыптастыруға арналған NCSPEECH стартап сервисі.
Үздік ЖИ-шешімдер байқауында мемлекеттік органдар арасынан Ішкі істер министрлігі ("AI Қауіпсіздік" аталымы бойынша), Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ("AI Экономика"), Астана қаласының әкімдігі ("AI Әлеуметтік саясат"), Ақмола облысының әкімдігі ("AI Өңір"), Қарағанды облысының әкімдігі ("AI Азаматтарға қызмет") және "KEGOC" АҚ ("AI Квазимемлекеттік сектор") топ жарды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
24.04.2026, 12:55 1221
Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын жүзеге асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов туризм және спорт министрі, Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдері, сондай-ақ Almaty Superski жобасын жүзеге асыруға жауапты Kazakh Tourism Development Ltd басшылығының қатысуымен Алматы тау кластерін (АТК) дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министр жоспарланған іс-шаралардың орындалу барысы, жобалардың ағымдағы мәртебесі және АТК дамыту жөніндегі алдағы қадамдар туралы баяндамаларды тыңдады.
Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспары 73 іс-шараны қамтиды, оның 49-ын биыл жүзеге асыру жоспарлаған. Бірінші кезеңде Шымбұлақты жаңғырту және Бутаковка, Кімасар шатқалдары аймақтарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылы басталады және Пионер, Oi-Qaragai курорттарын дамытуды, сондай-ақ оларды аспалы жол жүйесі арқылы біріктіруді қамтиды.
Kazakh Tourism Development Ltd атқарушы директоры Ержан Еркінбаев Almaty Superski тұжырымдамасында жаяу серуендеушілердің кешенді инфрақұрылымын, заманауи визит-орталықтарын және соқпақтар мен маршрут белгілерінен бастап биік таулы аймақтардағы шұғыл байланысқа, цифрлық навигацияға және күрделілігі әртүрлі деңгейдегі маршруттар каталогтеріне дейін бірыңғай қауіпсіздік жүйесін құруға ерекше мән берілетінін баяндады. Жобаның ерекшелігі Шымбұлақ, Almaty Superski курорттарына және басқа да келешегі зор бағыттарға аспалы жолдардың негізгі көлік торабы болатын бірыңғай вокзал болады.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды Алматы қаласының әкімдігі атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Шымбұлақты жаңғырту аясында биыл мамыр айында жеті аспалы көпірдің алғашқысының құрылысы басталады. Жыл соңына дейін екі жаңа желіні аяқтау жоспарлануда, оған 5 шақырымнан астам трассаны қосылады (қазіргі жалпы ұзындығы - 18 км). Сондай-ақ Шымбұлақта 2 аспалы жол жаңғыртылады.
Almaty Superski жобасы қазір инженерлік инфрақұрылым дайындап, жабдықтар сатып алуда. Биыл 8 көпір мен су өткізу құрылыстарын салу көзделген. Биылғы маусым айында ұзындығы 6 шақырым автожол құрылысын бастау жоспарланып отыр. Газбен жабдықтау және кәріз желілері 2027 жылы жолмен бір мезгілде салынады. Жалпы, қала әкімдігінің мәлімдеуінше, инженерлік инфрақұрылым мен автожол 2027 жылдың қыркүйегіне дейін аяқталады деп күтілуде.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өңірде 92,8 млрд теңге болатын 15 іс-шара көзделгенін, оның 83,8 млрд теңгесі жеке инвестициялар екенін баяндады. Oi-Qaragai курортында бүгінде бірқатар жұмыстар орындалды, соның ішінде 10 орындық гондола және 6 орындық аспалы жол, шаңғы трассаларының бірінші кезеңі, параглайдинг алаңы және басқа да нысандар пайдалануға берілді. 2027 жылдың III тоқсанында курортты қосымша электрмен жабдықтау жобасы аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, "Тау-Тұран - Байбұлақ" автомобиль жолын күрделі жөндеу жоспарлануда.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар тарапынан жұмыс қарқыны баяу екенін айтты. Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортының дамуы ерекше бақылауда екені атап өтілді.
Алматы тау кластері мен Almaty Superski курортын дамыту - экономика үшін туристер ағынын ұлғайтуға және инвесторларды тартуға тікелей ықпал ететін маңызды жобалар. Оларды жүзеге асыру негізсіз созылып бара жатыр. Мемлекеттік органдар бұл жұмысқа толық кіріскен жоқ. Барлық мәселені жедел және бірлесіп шешіңіздер", - деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр бірқатар тапсырма берді. Олар - АТК және Almaty Superski жобалары бойынша мемлекеттік сараптама қорытындыларын уақытында беру; жобаларды ғылыми сүйемелдеу; арнайы және өрт сөндіру техникаларының өтуі үшін қосымша учаскелер бөлу жөнінде шаралар қабылдау; Almaty Superski курортының нысандарын салуды бастау үшін уақытша инфрақұрылым (жолдар, инженерлік желілер және т.б.) жүргізу және қажетті келісімдер беруді қамтамасыз ету.
Жалпы, Алматы тау кластерін және Almaty Superski жобасын дамыту заманауи және қолжетімді тау инфрақұрылымын кеңейтуге, бұқаралық және кәсіби спортты танымал етуге, сондай-ақ жыл бойғы демалысты ынталандыруға бағытталған. Almaty Superski жобасы өңір экономикасы үшін жаңа өсу нүктесіне айналуға, мыңдаған жұмыс орындарын құруға, туристік ағынды ұлғайтуға, Қазақстанның тау туризмінің халықаралық картасындағы позициясын нығайтуға және Алматының Орталық Азияның заманауи туристік орталығы ретінде дамуына жаңа серпін беруге қабілетті.
Тұжырымдаманың маңызды бөлігі балалар мен жасөспірімдерді қысқы спорт түрлерімен, белсенді өмір салтымен және тауда қауіпсіздікті сақтау мәдениетімен таныстыру үшін мектеп және білім беру бағдарламаларын іске қосу болмақ. Кадрларды даярлау мақсатында тау шаңғысы мамандықтары бойынша 350-ге жуық грант бөлу жоспарлануда. Колледждер аспалы жол инженерлерін, көтергіш механиктерді, трассалар мен қар инженерлерін, қар зеңбіректері, қар көшкіні және тағы да басқалар бойынша мамандар даярлауды бастайды.
Жұмыстардың жекелеген бір бағыты - салалық ғылыми институттармен және сар
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
17.04.2026, 07:52 40831
Олжас Бектенов Президент тапсырмаларын орындау аясында "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында алға қойған міндеттері аясында "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы" жобасының қазіргі жағдайы жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин баяндады.
Павлодар облысының Екібастұз қаласында "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасын жүзеге асыру шеңберінде жер учаскелері айқындалып, негізгі келісімдер жасалды, сондай-ақ қуаты 215 МВт болатын қосалқы станса сатып алынды. Аталған шаралар жобаның энергетикалық инфрақұрылымының негізін қалыптастырады.
Кеңес барысында инвесторлар үшін одан әрі қажетті жағдай қалыптастыру аясында энергиямен жабдықтаудың жеңілдетілген тарифтік моделі бекітіліп, тиісті инвестициялық және салықтық преференциялар белгіленді.
Бағдат Мусин халықаралық технологиялық және инвестициялық компанияларды тарту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын баяндады. АҚШ, Қытай және Үндістан елдерінен "бұлтты" есептеу, үлкен деректерді өңдеу және ЖИ салаларында жұмыс істейтін 20-дан астам hyperscale-компаниялармен келіссөздер жүргізілді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша 100 МВт-тан жоғары қуатқа алдын ала сұраныс қалыптастырылды. Сонымен қатар "Деректерді өңдеу орталықтары алқабы" жобасының жалпы әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жетеді және ірі "зәкірлік" клиенттерді орналастыруға есептелген.
Жалпы алғанда, "ДӨО алқабы" жобасын жүзеге асыру Қазақстанда ірі өңірлік цифрлық хабты қалыптастыруға және әлемдік жетекші технологиялық компанияларды тартуға бағытталған.
Премьер-министр қажетті нормативтік шешімдер қабылдауды жеделдетуді және жобаның барлық кезеңінің белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 16:27 187136
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бірінші тоқсан қорытындысы бойынша үш есеге төмендеді
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен инфляцияны тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте бірінші тоқсанның алдын ала қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, наурыз айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының орташа өсу индексі 0,3%-ды құрады. Бұл өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда (0,9%) үш есе төмен.
Жалпы алғанда, бірінші тоқсанда баға өсімі 1,2% болды, бұл да 2025 жылдың осы кезеңіндегі деңгейден (3,8%) үш есе төмен. Бұл динамика баға өсімінің тұрақты баяулауын көрсетеді.
Кеңесте ресми статистика тұтыну бағалары индексін есептеудің халықаралық әдістемесіне сәйкес қалыптастырылатыны және 537 тауар мен қызмет түрін қамтитыны айтылды. Мониторинг бүкіл ел бойынша 12 мыңнан астам сауда нысанында жүргізіледі. Ішкі сауда жүйесінде шамамен 760 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді, олардың 300 мыңнан астамы азық-түлік өнімдерін сатумен айналысады.
Бағаның негізгі төмендеуі көкөніс тобы бойынша тіркелді. Қырыққабат 1,9%-ға, қызанақ 2,6%-ға, пияз 10,9%-ға, қияр 22,6%-ға арзандады. Жыл басынан бері қияр бағасы 31,1%-ға төмендеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудегі оң динамика көбіне жылыжай шаруашылықтарын қолдау бағдарламасының арқасында мүмкін болды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың жалпы алаңы 1,33 мың гектарды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 12,6 гектарға артты. Негізгі өсім фермерлік жылыжайлар есебінен қамтамасыз етілді - 713,3 гектардан 799,4 гектарға дейін.
Қазіргі уақытта министрлік өнеркәсіптік жылыжайлармен қызанақ пен қияр бағасын тұрақтандыру жөнінде меморандумдар жасасу бойынша келіссөздер жүргізуде", - деп хабарлады Айжан Бижанова.
Оған қосымша "ҚТЖ" ҰК" АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрін, сондай-ақ әлеуметтік нан өндіруге арналған ұнды тасымалдауда теміржол тарифтеріне айтарлықтай жеңілдіктер беру мәселесін пысықтауда.
Көктемде ерте пісетін көкөністерге бағаның маусымдық өсуі ескеріле отырып, ел нарығындағы өткен жылғы өнім қоры мен басқа елдерден жеткізілетін ерте пісетін өнімдердің жағдайы да өз алдына бөлек қаралды. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорларындағы өткен жылғы өнім қорлары қарқынды түрде сатылуда. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, олардың қалдығы жалпы қор көлемінің шамамен 24%-ын құрайды.
Наурыз айының басынан бастап елдің ішкі нарығына Қытайдан жаңа көкөністердің күнделікті жеткізу ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта 3200 тонна картоп, 800 тонна сәбіз, 14 тонна ақ қырыққабат жеткізілді.
31 наурыз күні Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті, өңірлік ӘКК, ірі сауда желілері, KTZ-Express және QazTrade өкілдерінен құралған делегация ерте пісетін өнімдерді сатып алу үшін Өзбекстанның оңтүстік өңірлеріне барады.
Бағаның төмендеуіне Наурыз мейрамы кезеңінде өткен мерекелік жәрмеңкелер де қосымша әсер етті. Ел бойынша мереке күндері 200-ден астам тақырыптық жәрмеңке өткізілді. Жалпы, жыл басынан бері 1,5 мың жәрмеңке ұйымдастырылды. Nauryz sale акциясына 70%-ға дейінгі жеңілдіктер ұсынған 300 сауда субъектісі қатысып, 4 миллионнан астам адам қамтылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 12:00 188501
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының Усть-Лугадағы вахтолық лагеріндегі жағдайға түсініктеме
Сурет: Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург (РФ) қаласындағы Бас консулдығы
Достарға айту
Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кентте болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
2026 жылғы 28 наурызда Қазақстан Республикасының Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығының қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін ҚР азаматтарымен, оның ішінде тұрмыстық жанжал нәтижесінде ұсталған азаматтармен кездесу өткізді. Аталған кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымдардың вахталық қызметкерлері.
Мәлім болғандай, бастапқыда тәртіпсіздіктерге бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдердің 30-дан астам азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар тұлғаларға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімдері қабылданды. Тағы үш ҚР азаматына қатысты тергеу жүргізілуде. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж тұлғалар жоқ. Барлық ҚР азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде.
Сондай-ақ вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында орын алған жағдай сындарлы түрде талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды.
Қазіргі уақытта вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу іс-шаралары жалғасуда, оның қорытындылары бойынша жанжалға қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 10:04 189231
Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесті
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық Аралды құтқару қорының басқарма мүшелерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Қазақстан аталған қорға төрағалық етуін биыл аяқтайды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиынға Тәжікстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзода, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Тангрыгулы Атахаллыев, Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Өзбекстан Республикасының су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев, Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрінің орынбасары - Министрлік жанындағы Су ресурстары қызметінің директоры Алмаз Жээналиев, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салалық министрліктері мен ведомство басшылары қатысты.
Су шаруашылығы саласындағы өңірлік ынтымақтастықты әрі қарай дамыту, Қор қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ биылғы 22 сәуірде Астанада өтетін ХАҚҚ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық мәселелері қаралды.
Олжас Бектенов Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған Аралды құтқару және трансшекаралық су ресурстарын тұрақты басқару мәселелері басым бағыттар қатарында екенін атап өтті. ХАҚҚ отыз жылдан астам уақыт бойы Орталық Азия мемлекеттерінің су, экологиялық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзара әрекеттесуінің негізгі өңірлік алаңы болып отырғаны баса айтылды.
Кездесу барысында су есебін жүргізу мен басқаруды цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді.
Мұнда Сырдария және Әмудария өзендері бассейндерінде су ресурстарын есепке алу, мониторинг жүргізу және бөлу бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені кезең-кезеңімен енгізу туралы сөз болып отыр. Цифрландыру мен есепке алу су пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етеді деп ойлаймын. Сенімді деректердің болуы және бірлескен мониторинг мемлекеттер арасындағы сенімнің негізі болып саналады және су ресурстарын басқарудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қазіргі заманғы шарттық-құқықтық базаны қалыптастыру аясында Қазақстан Орталық Азияның су ресурстарын пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенциясын пысықтауды қолдайды. Құжат су ресурстарын ұтымды пайдалану, трансшекаралық зиянның алдын алу және гидрологиялық ақпарат алмасуды дамыту бойынша келісілген қағидаттарды бекітуі тиіс.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық су проблемаларын шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Халықаралық су ұйымын құруды ұсынды. Бұл бастама күш-жігерді біріктіруге және қосымша ресурстарды тартуға, соның ішінде өңірлік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Қор жұмысының тиімділігін арттыру, оның институттары арасындағы үйлестіруді күшейту және қабылданатын шешімдердің нәтижелі жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдастырушылық құрылымын және шарттық-құқықтық базасын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ алдағы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы қарсаңында негізгі мәселелер бойынша келісілген тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогті жалғастыруға, су дипломатиясын дамытуға және өңірдің су ресурстарын тұрақты басқаруға, сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған ортақ шешімдерді бірлесіп іздеуге мүдделі екенін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.03.2026, 09:13 189606
Бауыржан Артықов лауазымынан босатылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Мемлекет басшысының өкімімен Бауыржан Артықов "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
1973 жылы 4 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданы Самсоновка ауылында туған.
1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының № 24 орта мектебін тәмамдады.
1) 1993 жылы - ҚР ҚК кіші офицерлері курсы (Мотоатқыштар әскерлерінің офицері);
2) 1994 жылы - Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесі;
3) 2006 жылы - "Қайнар" университеті (Педагогика және психология);
2008 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті (Әскери және әкімшілік басқару);
4) 2019 жылы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті (Әскери істегі стратегиялық менеджмент).
Мансап
1991 жылдан 1993 жылға дейін мерзімді әскери қызмет атқарды.
Взвод командирінен бастап Десанттық - шабуылдау әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары-штаб бастығына дейінгі лауазымдарда әскери қызмет атқарды.
2023 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы Департаментінің бастығы болды.
2024 жылғы 5 ақпанда Мемлекет басшысының Өкімімен "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалды.
II дәрежелі "АЙБЫН" орденімен, мерейтойлық медальдармен және "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен наградталған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
20.03.2026, 09:23 367966
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ораза айт мерекесімен құттықтады
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы 2026 жылғы 20 наурыз, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
Қадірлі отандастар!
Ораза айт мерекесі құтты болсын!
Бұл - бүкіл мұсылман қауымы үшін мән-маңызы ерекше, қасиетті мереке. Осы мейрамда рухани тазару мен парасаттылық, сабырлық пен қанағатшылдық, өзара сыйластық пен тілектестік, жанашырлық пен жақсылық құндылықтары дәріптеледі.
Отыз күн ораза тұтқан жұрт иманын байытып, кемелдікке ұмтылады. Төзімін шыңдап, төңірегіне қамқорлық танытады. Игі істерге ұйытқы болып, мұқтаж жандарға қол ұшын созады.
Ата дәстүріміз бен асыл дініміз елдің бірлігін нығайтып, қоғамның берекесін арттыратын игі амалдар жасауға үндейді.
Биыл Ораза айт мейрамы Наурыз мерекесімен қатар келіп, ел дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің жаршысына айналды. Мұның символдық мәні зор. Қазақстан халқы Жаңа Ата заңды қабылдап, жарқын болашаққа, Әділеттілік пен Өркендеуге бастайтын жолды таңдады. Конституциялық реформаны жаппай қолдау арқылы ұлт тарихының жаңа парағын ашты.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, толайым табыс тілеймін!
Еліміз аман, жеріміз тыныш болсын!
Ораза айт қабыл болсын!
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
25.04.2026, 10:15Алматы - мейірімді адамдар қаласы
24.04.2026, 14:53 2881Қазақстан мен Оман Сұлтандығы арасында Инвестициялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды24.04.2026, 21:57 2396Қазақстан мен Германия "жасыл" стратегиялық серіктестікті нығайтуда: климат, су және орнықты даму24.04.2026, 16:47 1336Мемлекет басшысы Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі24.04.2026, 15:50 1091Мемлекет басшысы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды24.04.2026, 12:55 771Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын жүзеге асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды
10.04.2026, 23:02 724306Қазақстан-Польша Үкіметаралық комиссиясы аясында ынтымақтастық перспективалары қарастырылды10.04.2026, 22:00 459626Сеулде "Орталық Азия - Корея Республикасы" алғашқы саммитіне дайындық мәселелері талқыланды13.04.2026, 19:54 Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады391261Қазақстан CІМ басшысы мен ҰҚШҰ Бас хатшысы бұдан әрі болатын өзара іс-қимылдың мәселелерін талқылады13.04.2026, 21:35 391066Қазақстан СІМ-де Франция Сенаты делегациясымен кездесу өтті14.04.2026, 09:37 390871Латвия мен Қазақстан көлік және логистика салаларындағы екіжақты байланыстарды нығайтуды жалғастыруда

