21.09.2022, 16:23 12776

Құны 5 миллиард теңгені құрайтын заңсыз басып алынған жерлер мемлекетке қайтарылды

Құны 5 миллиард теңгені құрайтын заңсыз басып алынған жерлер мемлекетке қайтарылды
АСТАНА. 21 ҚЫРКҮЙЕК - Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия заңсыз берілген немесе пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін қайтарып жатыр.
 
Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбектің мәліметінше, жердің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағаны және заңсыз берілгені үшін прокурорлар 109,5 мың гектар жер телімін қайтару бойынша қадағалау актілерін енгізген.
 
Оның 5 млрд-тан астам теңгеге 75 мың гектары қайтарылды.
 
- Қостанай облысында аудандық жергілікті атқарушы орган Жер кодексін бұза отырып, оған өкілеттігі болмаса да (облыстық деңгейдің ғана құзыреті) кадастрлық құны 12 млн теңге болатын 1 мың гектар жерді АҚ-ға берген. Бұдан бөлек, АҚ осы учаскеде жұмыс жүргізу барысында Су кодексінің 5-бабын бұзған (су объектілерін ұтымды пайдалану қағидатын бұза отырып "Кіші таңат" көлін құрғатқан), осыған орай құны 140 млн АҚШ долларынан асатын 7 млн тоннадан астам кен өндіруге АҚ алған экологиялық рұқсаттың да күші жойылды;
 
- Екібастұзда кадастрлық құны 102 млн теңге болатын жалпы ауданы 15,3 мың гектар пайдаланылмайтын жер учаскелері;
 
- Ақмола облысының Қосшы қаласында кадастрлық құны 600 млн теңгеден асатын 20 гектар жер учаскесі, ол 2005 жылы сауда-саттық рәсімін сақтамай, ЖШС-ның пайдасына заңды бұза отырып сатылған;
 
- Жамбыл облысының Сарысу ауданында кадастрлық құны 336 млн теңге 60 мың гектар жер учаскесі қайтарылды, ол сәйкес арыз және жерге орналастыру жобасын ұсынбастан ЖШС-ға заңсыз берілген.
 

Сонымен қатар Алматы облысында кадастрлық құны 140 миллион теңге болатын, заңсыз берілген немесе нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған 16 мың гектар жерді мемлекетке қайтару туралы бес қадағалау актісі енгізілді. Мысалы, Қарасай ауданында ЖШС 2006 жылдан бері кадастрлық құны 64 миллион теңге болатын 4 546 гектар ауыл шаруашылығы жерін пайдаланбаған. Бұл жерлердің бір бөлігі Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қорғалатын аймағында орналасқан", - деп қорытындылады Зейін Әліпбек. 


Бұған дейін хабарланғандай, экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының үш айында мемлекетке келтірілген залал өтеліп, жалпы сомасы 523 млрд теңгеден астам активтер қайтарылды.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны