20.09.2022, 18:12 10221

500 миллиардтан астам теңге Қазақстан бюджетіне қайтарылды

500 миллиардтан астам теңге Қазақстан бюджетіне қайтарылды
АСТАНА. 20 ҚЫРКҮЙЕК - Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жұмысының үш айында мемлекетке келтірілген залал өтеліп, жалпы сомасы 523 млрд теңгеден астам активтер қайтарылды, деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек.
 

Қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мемлекетке шамамен 518 млрд теңге, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан - 173 млн АҚШ доллары өтелді. Прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне 5 млрд теңгеден астам сомаға 75 мың га жер қайтарылды. 600-ден астам теміржол және оларға қатысты жер телімдері қайтарылды", - деп нақтылады Әліпбек.

 
Экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия үш айдың ішінде 7 оператордан шамамен 60 млрд теңге өндіріп алды.
 
Комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек хабарлағандай, қабылданған шараларға байланысты олардың кейбіреуі бойынша нәтиже бар.
 

Бұрын хабарланғандай, Бас прокуратура жүргізген тексерулердің қорытындысы бойынша 10 уәкілетті экономикалық операторға 107 млрд теңге кедендік төлемдер мен салықтар қосымша есептелді. Биыл тамызда 6 оператор ("Almobi Group", "Ехргеңң Кеден Сервис", "Group of the companies TDA", "Ai-To Progress", "Global Logistics Ved" және "TL NIKA кеден" ЖШС) бюджетке 2,7 млрд теңгені өтеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі "Tex Alliance" ЖШС-ға қатысты тергеу аясында қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 2-15 қыркүйек аралығында 56,9 млрд теңге өндіріп алынды", - деді Зейін Әліпбек.

 
Бұдан басқа, қадағалау актісі бойынша мемлекет кірісіне "КазГерСтрой БК" ЖШС-дан Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігі алдындағы міндеттемелерін орындамағаны үшін 330 миллион теңге мөлшерінде залал өндіріп алынды.
 
 "Қызылжар орман шаруашылығы" КММ мемлекеттік мүлкі СҚО әкімдігінің теңгеріміне қайтарылды, ол 149 миллион теңгеге "TranscomLTD" ЖК-нің пайдасына заңсыз иеліктен шығарылған. Сатып алу-сату шарты бұзылды.
 
Олигополия субъектілерінің пайдасына бұрын шығарылған сот шешімдері ҚР Бас прокуратурасының наразылығы бойынша қайта қаралып жатыр. 
 
Сонымен қатар, экономикалық ресурстарды заңсыз шоғырландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның веб-сайты жасалды.
 

Онда арнайы бөлім бар, сол арқылы сайтқа кірушілер хабарлама қалдыра алады немесе комиссия қызметінің мәселелері бойынша ұсыныс енгізе алады", - деп хабарлады комиссияның ресми өкілі Зейін Әліпбек. 


Еске сала кетейік, аталған комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен құрылған болатын. Оны ҚР Бас прокуроры Берік Асылов басқарады, оның құрамына құқық қорғау, орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың бірінші басшылары кіреді. Мемлекет басшысы комиссияның қызметін жеке бақылауға ниетті екенін мәлімдеді.
 
Ақпарат көзі: inform.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны