04.06.2026, 17:34 6636

Қазақстан Елшісі Конго Республикасының Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Конго Республикасының Президентіне Сенім грамоталарын тапсырды
Сурет: gov.kz
Қазақстан Республикасының Конго Республикасындағы қоса атқарушы Елшісі Жан Ғалиев Сенім грамоталарын тапсыру рәсіміне орай Халық Сарайында Президент Дени Сассу-Нгессоның қабылдауында болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Қазақ дипломаты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен сәлемін жеткізіп, "Астана Браззавильмен өзара қызығушылық тудыратын басым бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты прагматизм қағидаттарына сүйене отырып одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге бейіл" екенін жеткізді.

Конго Республикасының Президенті Қазақстан Басшысына ізгі тілектерін жолдап, Қ.Тоқаевпен достық әрі сенімді қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын және оның халықаралық аренадағы белсенді қызметіне үлкен құрметпен қарайтынын атап өтті.

Өткен кездесулерімізді әрдайым ыстық ықыласпен еске аламын. Елімізбен арадағы келешегі кемел ынтымақтастықты дамытуға ұдайы назар аударып келе жатқан қадірлі әріптесім әрі досыма шынайы ризашылығымды білдіремін", - деп атап өтті Д.Сассу-Нгессо. Ол сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның Африка құрлығындағы дипломатиялық өкілдігін нығайтып, оны одан әрі кеңейту жөніндегі шешімінің көрегендігі мен сындарлы сипатын жоғары бағалады.


Конго Республикасы үшін Қазақстанның цифрландыру және жасанды интеллект, телекоммуникациялар, энергетика, көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамыту, қаржылық технологиялар мен банк ісі саласындағы тәжірибесі мен әзірлемелері ерекше қызығушылық тудырады. Браззавиль бүкіл Орталық Африка аймағы үшін қазақстандық астық пен тыңайтқыштарды импорттау мүмкіндіктерін зерделеуде. Сондай-ақ конголық жастарды Қазақстанның білім беру мекемелеріне оқуға жіберу туралы тілек білдірілді.

Тараптар екі елдің стратегиялық маңызды географиялық орналасуға ие екендігі және орталық хабтар болып табылатындығы, оларды Орта дәліз бен Пуэнт-Нуар теңіз порты арқылы байланыстыру сауда-экономикалық серіктестік мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейте алады деген ортақ пікірде болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны