30.01.2026, 16:46 2611
Олжас Бектенов Павлодар облысында энергоқауіпсіздікті нығайту және көмір генерациясын дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының жүзеге асырылу барысын тексерді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, көмір генерациясын дамыту және экономика мен халықтың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін жабу үшін жаңа қуаттарды іске қосу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді. Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің тұрақты жұмысын және энергетика мен көмір өндіруде цифрлық шешімдер енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Сапар аясында Олжас Бектенов өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының дамуымен танысты. Павлодар облысы - электр энергетикасын өндіру мен дамытудың флагманы. 2025 жылы өңір елдегі жалпы көрсеткіштің 42%-ын өндірді. Екібастұздағы бірқатар энергетикалық нысан, атап айтқанда, МАЭС-1, МАЭС-2, "Богатырь Көмір" ЖШС көмір кеніші мысалында жұмысының ағымдағы тиімділік көрсеткіштері мен энергия кешенін одан әрі дамыту перспективалары қаралды.
Премьер-министрге еліміздегі қатты отынмен жұмыс істейтін ең ірі станса - Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1 алаңында нысанды жаңғырту барысы туралы баяндалды. Отынмен қамтамасыз ету жүйесін реконструкциялау, жаңа түтін құбырын салу, кейін ескісін бөлшектеу - өңірді энергиямен қамту сенімділігін арттырудың негізгі элементтерінің бірі.
Сондай-ақ өңірдегі генерациялық және желілік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар, оның ішінде қуаты 325 МВт Ақсу МАЭС-тегі №7 энергоблокты реконструкциялау, жекелеген энергия көздерін жаңғырту, сондай-ақ заманауи технологияларға негізделген жаңа жобаларды әзірлеу және баламалы энергияны дамыту жобалары таныстырылды.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, биыл Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа қуат көзін, оның ішінде 2 427,6 МВт газ жобаларын және 245,8 МВт ЖЭК-ті іске қосу жоспарланып отыр. Барлығы 13 жоба, оның ішінде Текелі энергокешені, Атырау ЖЭО, Түркістан облысында, Алматы қаласында бу-газ қондырғылары және т. б. жобалар іске асырылады.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымының барысы туралы баяндады. Энергия көздеріндегі негізгі 46 жабдықта жөндеу жұмыстары аяқталып, 37,1 шақырым жылу желілері жаңғыртылды, бұл жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тозу деңгейін 1,5%-ға төмендетуге мүмкіндік берді.
Екібастұз МАЭС-2-нің құрылыс алаңында Премьер-министр стансаны кеңейту және реконструкциялау жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Бүгінгі таңда мұндағы энергия қуаты 1 ГВт-ты құрайды. №3 және №4 энергия блоктарын салу стансаның қуатын 2,1 ГВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. "Самұрық-Энерго" АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов аталған блоктар 2028 жылғы қыркүйекте (№3 энергоблок) және 2030 жылғы қыркүйекте (№4 энергоблок) пайдалануға берілетінін баяндады. Кеңейту жобасын жүзеге асыруға салынатын инвестициялардың жиынтық көлемі 1,2 трлн теңгеден асады.
МАЭС-3 құрылысының жобасы бойынша қуат көздерін кезең-кезеңімен енгізе отырып, "таза көмір" технологиясы негізінде жалпы қуаты 2,64 ГВт болатын жаңа көмір генерациясын құру жоспарланып отырғаны атап өтілді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда қуат көздерінің жеткілікті болуын қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың аса маңызды бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін атап өтті. МАЭС-2-нің қосымша энергия блоктарын іске қосу және МАЭС-3-тің құрылысын бастау - бұл барлық экономикаға серпін береді. Біз біртіндеп энергия тапшылығын жойып, отандық бизнеспен қатар инвесторлар үшін де қажетті энергия қуаттарын ұсынуға мүмкіндік аламыз", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр "Богатырь Көмір" ЖШС карьерінде болып, ашық тәсілмен көмір өндіру процесімен танысты. Бұл - аумағы 43 шаршы шақырым, тереңдігі 300 метр болатын әлемдегі ең ірі разрез. Кәсіпорын "Богатырь" және "Северный" сынды екі кеніште көмір өндіреді. Қазіргі уақытта өндірістік процестерді автоматтандыру кезеңін іс жүзіне асыру аяқталды. Бұл бағыттағы дамудың келесі кезеңі ЖИ мүмкіндіктерін қолдану болмақ. Осы мақсатта ЖИ элементтері бар екі жоба жоспарланған, олар - "Жүк ағынын оңтайландырушы" және "Тау-кен жұмыстарын жоспарлау" қосымшалары.
Бүгінгі таңда "Богатырь Көмір" ЖШС - еліміздің жетекші көмір өндіруші активтерінің бірі: Қазақстандағы көмір өндірісінің жалпы көлемінің 38%-ы кәсіпорынның үлесіне тиесілі. Оның қоры - 2,3 млрд тоннадан астам, бұл көмірмен ұзақ уақыт бойы тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бас директор Евгений Мастернак өндіріс көлемін ұлғайту жоспарлары туралы хабарлады. Қазіргі уақытта "Богатырь" және "Северный" кеніштерінің жалпы өндірістік қуаты жылына 42 млн тоннаны құрайды. 2026 жылға арналған нысаналы көрсеткіш - 45,2 млн тонна, 2032 жылға қарай оны 56,5 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда. Алдағы 7 жылда жаңа құрылыс салуға, жабдық сатып алуға, реконструкциялауға, жаңғыртуға және жөндеуге шамамен 360 млрд теңге инвестицияланатыны атап өтілді.
Премьер-министрге кәсіпорында жүзеге асырылған цифрлық шешімдер туралы да хабарланды. Олар - Blast Maker бұрғылап-жару жұмыстарын жобалауға арналған бағдарламалық-техникалық кешені, диспетчерлік басқарудың автоматтандырылған жүйелері, электр энергиясын техникалық есепке алу жүйесі, сондай-ақ карьерлік самосвал жүргізушісінің сергектік деңгейін бақылау жүйесі.
Сондай-ақ 2026-2030 жылдар аралығында бірқатар инновацияны енгізу жоспарлануда:
- жүк ағындарын оңтайландыру модулі көмірді жедел жөнелтуге, вагондар мен техниканың тоқтап қалуын қысқартуға ықпал етеді;
- локомотив машинисінің қырағылықты бақылау жүйесі қауіпсіздікті арттыруға және адам факторына байланысты болатын апаттар қаупін азайтуға бағытталған;
- "Пилотсыз тиеу" шешімі араластыра-тиеу машинасын қашықтан басқаруды қамтамасыз етеді;
- Қосалқы техникаға арналған MES жүйесі нақты уақыт режимінде жабдықтың жұмысын және жоспарлардың орындалуын көруге мүмкіндік береді, бұл өндірісті бақылау мен басқаруды жеңілдетеді.
Президенттің елдің көмір әлеуетін стратегиялық ресурс ретінде пайдалану жөніндегі тапсырмаларына сәйкес Премьер-министр заманауи технологияларды енгізудің және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттырудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекет басшысы сондай-ақ көмір өндірісін дамытуға ұлттық жоба мәртебесін беру міндетін қойды. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жобаға "таза көмір" технологиясы негізінде қазіргі заманғы шешімдердің басымдығы мен экологиялық заңнама талаптарын сақтай отырып, шамамен 7,6 ГВт көмір генерациясы енгізілетін болады. Өсіп келе жатқан тұтынуды қамтамасыз ету үшін 2026 жылы шамамен 2,6 ГВт қуат көзін, 2027 жылы шамамен 1 ГВт қуатты іске қосу жоспарлануда. Осылайша, келесі жылдың І тоқсанының соңына қарай экономиканың электр энергиясына деген барлық қажеттілігі жабылады деп күтілуде, ал жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВтсағ деңгейінде профицит қамтамасыз етілетін болады.
Екібастұздағы энергокешен нысандарына аралау қорытындысы бойынша Премьер-министр белгіленген мерзімде МАЭС‑1-ді жаңғырту жұмыстарын, МАЭС-2-дегі №3 және №4 энергоблоктардың құрылысын аяқтауды және уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ "Богатырь Көмір" ЖШС-нің инвестициялық жоспарларын жүзеге асыруға жәрдемдесуді тапсырды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
30.01.2026, 22:06 1661
Үкімет кәмелетке толмағандар арасындағы қауіп-қатердің алдын алуға бағытталған жеке профилактикалық жұмысты күшейтіп, өңірлік комиссиялардың жұмысын жаңғыртуда
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Үкіметте кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың қызметі, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер ортасында құқықбұзушылық пен буллингтің алдын алу шаралары қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Талқылауға министрліктер мен мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ бейнебайланыс арқылы қосылған өңір әкімдіктері қатысты.
Отырыс барысында формалды әрекет етуден бас тартып, алдын ала және нақты бағытталған профилактикалық жұмысқа көшу қажеттігіне ерекше назар аударылды. Бірқатар өңірлерде басқару тәртібі мен ведомствоаралық үйлестіруді түбегейлі күшейтуді талап ететін жағдайлардың сақталып отырғаны атап өтілді. Мысал ретінде қоғамдық қауіпсіздікке қатысты резонансты оқиғалар, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі жекелеген бюджеттік шешімдердің тиімділігіне байланысты мәселелер айтылды.
Сонымен қатар, балаларды қолдау шараларын алғаш рет бірыңғай кешенді форматта біріктірген "Қазақстан балалары" бағдарламасының іске асырылу барысы да талқыланды.
Біз санға емес, сапаға жұмыс істеуіміз керек - әр бала бойынша нақты нәтижеге қол жеткізу маңызды. Комиссия формалды орган болып қалмауы тиіс. Әрбір жағдай жеке қаралып, тиісті сүйемелдеу белгіленіп, қабылданған шаралардың іс жүзіндегі нәтижесі міндетті түрде тексерілуі қажет. Біз үшін бала болашағы бәрінен маңызды", - деп атап өтті Аида Балаева.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, бір апта ішінде өңірлік комиссиялардың құрамын жаңартып, оларды сарапшылар қауымдастығы, ата-аналар ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық кеңестер өкілдері есебінен кеңейту, сондай-ақ "Қазақстан балалары" бағдарламасын іске асыру аясында өңірлерге республикалық құжат негізінде, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, өз жоспарларын бекіту тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2026, 21:59 1876
Алматы облысында ауыр жүк тасымалдайтын тіркемелер өндірісі іске қосылады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысының Қарасай ауданына жасаған жұмыс сапарында 200 тоннаға дейінгі ауыр жүк көтеретін тіркемелер өндіруді көздейтін жаңа индустриялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Өндіріс индустриялық-өндірістік "Алтын таға" кешені базасында орналастырылады. Мұнда жеке цех қалыптастырылып, жақын арада арнайы жабдықтарды жеткізу және монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
Алтын таға" кешені өңірдегі негізгі өндірістік нысандардың бірі саналады. Мұнда қалалық және жоғары кернеулі электр беру желілеріне арналған темірбетон тіректер шығарылады. Кәсіпорынның тәулігіне орташа өндірістік қуаты 300-ден астам конструкцияны құрайды, бұл елдегі инвестициялық жобалардың шамамен 90%-ының қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кәсіпорында заманауи технологиялық шешімдер енгізілуде.
Бұл цех PIR сэндвич-панельдерін өндіретін заманауи желімен жабдықталған. Мұндай өндірістік желі Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отыр. Өндірістік қуаты жылына 1,5 млн шаршы метр панель шығаруға мүмкіндік береді. Өнімнің басты артықшылығы - жоғары жылу оқшаулау және энергия тиімділігі, бұл ғимараттарды жылыту мен пайдалануға кететін шығындарды айтарлықтай азайтады. Гигроскопиялық қасиеттерінің болмауы панельдердің қызмет ету мерзімін 50 жылға дейін қамтамасыз етеді", - деді кәсіпорынның коммерциялық директоры Валерий Ухватов.
Сонымен қатар кәсіпорын жыл сайын 500 мың шаршы метрге дейін тротуар плиталарын, шамамен 6 мың дана машина жасау өнімдерін, 6 мың тоннадан астам металл конструкцияларын және 1,5 млн шаршы метрге дейін сэндвич-панель шығарады.
Кешенді дамытудың басым бағыттарының бірі - отандық өнеркәсіп үшін стратегиялық маңызы бар ауыр жүк тасымалдайтын тіркемелер өндірісін іске қосу.
Біз 200 тоннаға дейінгі жүк көтергіш тіркемелер өндірісін жолға қоюды жоспарлап отырмыз. Біздің бағалауымыз бойынша, Қазақстанға жыл сайын негізінен Қытайдан шамамен 2 мыңға жуық тіркеме мен кран-балка әкелінеді, ал мұндай техника ел ішінде өндірілмейді. Біздің мақсатымыз - ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп, экспортқа шығу", - деді компания директоры Әлішер Нұрмағанбет.
Қазіргі уақытта кәсіпорында өңірдің 300-ден астам тұрғыны жұмыспен қамтылған.
Өндіріс алаңымен танысу барысында Қанат Бозымбаев тиісті мемлекеттік органдарға шығарылатын ұзын өлшемді автомобиль тіркемелері мен стационарлық көтергіш механизмдерді сертификаттау және сынақтан өткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен қатар вице-премьер кәсіпорында шығарылатын темірбетон өнімдерін су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында ирригациялық желілерді жаңғыртуда, сондай-ақ ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды жаңартуда кеңінен қолдануды тапсырды. Бұл жүзеге асырылып жатқан жобалардағы отандық қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2026, 20:38 2821
Конституциялық реформа: Жаңа Ата заң қалай өзгереді
Достарға айту
Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Ата заңның жобасын таныстырды. Бұған дейін комиссия мүшелері Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен елдің саяси дамуына қатысты біршама ой айтқанын білеміз. Kazinform тілшісі ұсыныстардың ұзын-ырғасын қысқаша шолып, басты құқықтық құжаттың қалай жазылатынына үңілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Конституция мәтінінің 84%-ы өзгереді
Президент өткен жылғы Жолдауында Конституцияны реформалауға байланысты ұсыныс жасаған болатын. Халық арасында Ата заңның заман талабынан қалыс тұсы айтылғанымен, басты пәрмен Жолдаудан кейін басталды.
Қазан айынан бері Ата заңға қатысты азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында "Парламенттік реформа" деген арнайы бөлім ашылды, 7 партия мен жетекші саяси институттар тақырыпқа қатысты ойын жеткізді. Нәтижесінде Парламентаризм институты 2 мыңға жуық ұсынысты жүйелеумен айналысқан. Енді, міне, бірнеше аптадан бері ұсыныстар талқыланып жатыр. 21 қаңтарда құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия үздіксіз жұмыс істеді.
Ата заңға енгізілетін түзетулердің жиынтық жобасында Преамбула, 11 бөлім мен 95 бап бар. "Халық кеңесі" және "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу" атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ы өзгергенін білдіреді.
Құрылтай мен Халық кеңесі қалай құрылады?
Конституциядағы өзгерістердің алғашқы легі мемлекеттік құрылымды реформалаудан басталмақ. Оның ішінде вице-президент лауазымы мен бір палаталы парламенттің сипаты нақтыланады.
Мысалы, Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтай құрылады. Жұмыс тобы мүшелері Құрылтайдағы депутат саны 145 депутат болу керек деген ұйғарымға келген. Оның үстіне депутаттарды сайлауда толығымен пропорционалды жүйе қолданылады және жаңа Парламентте депутаттар 5 жыл мерзімге партиялық тізім бойынша өтуі мүмкін.
Құрылтайға депутат болуды қалайтын азаматтарға қойылатын талаптар жөнінде пікірталас болды. Соңында бұрын Мәжіліс депутаттығына үміткерге қойылған талап Құрылтайда қолданылады деп шешілген. Яғни, 25 жастан асқан болуы әрі соңғы 10 жылда елде тұрақты тұрған кез келген азамат мандат ала алады деген сөз. Бастысы, Президент квотасы енгізілмейді, яғни арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған партиялық квота сақталады.
Құрылтайда заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматы енгізіледі. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны анықталса, үшінші оқылым заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы ықтимал.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі жаңалықтың бірі - Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы. Жаңа орган заң шығару бастамасы құқығына ие болатын жоғары консультативтік құрылым ретінде Конституцияда бекітілмек. Комиссия отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Конституцияда Кеңеске жеке бөлім арналатынын айтты.
- Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырылатынын қамту керек. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды, - деді Ержан Жиенбаев.
Вице-президент
Конституциялық комиссияның отырысында елдегі екінші адам - вице-президенттің болашақ функциялары талқыланды. Алдағы уақытта Ата заңда вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілетін реттейтін жеке бап болады.
Белгілісі, вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Аталған лауызымға келетін азаматтың саяси партияға мүше болуына, депутат атануына, жоғары қызмет атқаруына, тіпті кәсіппен айналысуына жол жоқ. Ал лауазымнан босату туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды деген жоспар бар.
Ұсыныстардың жай-жапсарын аңдасақ, вице-президент халықаралық аренада, елдегі басқару құрылымдарында мемлекет басшысының атынан сөз сөйлеуге құқы бар. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі.
Сәл шегініс жасап, Конституциядағы Президенттің мемлекеттік орган басшыларын тағайындау құзыретіне қатысты өзгерісті айта кетейік. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Президент кімдерді дербес тағайындай алатынын тізіп шықты.
- Президентке қызметі ұлттық қауіпсіздікті, қаржылық тұрақтылықты және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жеке-дара тағайындау ұсынылады. Бұл Бас прокурор, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы аудиторлық палата, Жоғарғы сот кеңесі төрағалары, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдарына қатысты, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Негізгі құжаттағы "Президент" бөлімінің ережелері қайта қаралды. Нақтырақ, президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселесі өзгереді. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа норма енгізіледі.
- Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсуге құқығы нақты жазылып отыр. Ондай рәсімдер Конституциялық Сот арқылы жүретін болады. Ары қарай Президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіппен Конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға - Вице-Президентке, Құрылтай төрағасына немесе Премьер-министрге өту рәсімдері басталады...
Республика Президенті лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізу туралы жариялайды. Ол сайлау екі ай ішінде өткізіледі, деген нормалар ұсынылып отыр, - деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Жеке деректі қорғау һәм "Миранда ережесі"
Елдің негізгі тірегі саналатын маңызды құжатты қайта жазуға саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар бірлесе жұмыс істеді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері батыл ұсыныстар айтып, қоғам талап еткен қадамдарды саралауға тырысқан. Басымдық құқық саласына беріліп отыр. Бастыларына тоқталайық.
Ата заңда Конституциялық соттың мәртебесі бекиді. 71-бапта "Конституциялық сот ол конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағындағы Конституция үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган" деп жазылуы мүмкін.
Аты өзгерген "Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері" бөлімінде түзетулер жетерлік. Енді адвокатураның мәртебесі Конституцияда жеке бапта нақтыланады. Бұл ұсынысты Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев айтты. Оған қоса кінәсіздік презумпциясы және өзін кінәлауға тыйым нормаларын бекітуді көтергендер бар.
Айта кетейік, Ата заңда адамның жеке басына тиіспеу, "Миранда ережесі" секілді ұғымдар болады. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың мәліметінше, Конституцияның 7-бөліміндегі сот төрелігінің қағидаты ретінде қарастырылған кейбір ереже осы бөлімге адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде ауыстырылып, дербес бапқа біріктірілмек.
- Озық конституциялық тәжірибеге сүйене отырып, жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды. Өмір сүру құқық абсолюттілігі, адамға бағдарлану, оның жеке басына тиіспеу, "Миранда ережесі" бекітілді. Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілді. Құқықтық айқындық қағидаты заңнама жүйесіне арқау болып қала бермек, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Деректерді қорғау құжат мәтінімен шегеленеді. Тақырыптың екі бағыты ретінде жеке дерек пен кәсіби құпияға жататын деректер мәселелері көтерілген.
Отырыста Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауға арналған бапты қолдады. Оның сөзінше, жеке дерек құқық пен бостандықты білдіреді. Сондықтан Конституцияда жеке дерек ұғымы бекітіліп, мемлекет тарапынан кепілдендірілуі тиіс. Мұнда жеке деректердің заңсыз жиналу, өңдеу, сақтау және пайдалану мәселесі сөз болып отыр. Бұл, соның ішінде, цифрлық технологияларды қолдану арқылы өңделетін деректерді де қамтиды.
Депутат кәсіби құпияларға баса назар аударды. Яғни, қызмет бабы бойынша және еңбек қатынастарына байланысты қолжетімділігі шектеулі деректер туралы мәлімет алған тұлғалар ол ақпараттардың құпиялығын қамтамасыз етуге міндетті екені Ата заңмен бекітілуі керек.
- Бірқатар мамандық өкіліне сеніп тапсырылатын жеке отбасы деректерін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін "кәсіби құпия" деп бекіту қажет. Оларға дәрігер құпиясы, адвокат құпиясы, мойындау құпиясы, алдын ала тергеу құпиясы, нотариалдық әрекеттер құпиясы сияқты деректер жатады, - деп тарқатты Марат Бәшімов.
Конституциялық реформа аясында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқын қорғау мәселесі де қарастырылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым заңбұзушылықтың едәуір бөлігі интернет пен цифрлық ортаға ауысты деген ойда. Бұл жағдай жаңа құқықтық тәсілдерді талап етуде.
- Қазір қылмыстың басым бөлігі цифрлық кеңістікке көшіп барады. Интернетте қылмыс жасау үшін күш қолданудың қажеті жоқ, тек тетігін білсең жеткілікті. Адамның цифрлық құқықтары оның физикалық құқықтарымен бірдей қорғалуы керек деген ұстаным ұсынылды, - деді Айдос Сарым.
Жалпы Конституциялық кепілдік тек қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс - ол цифрлық кеңістікте де толыққанды жұмыс істеуі шарт. Сондықтан комиссия мүшелері интернет-алаяқтыққа қарсы конституциялық кепілдік қажет деген тұжырымда.
Цензура тыйымы
Ескеретін жайт, жаңа редакцияда еркіндік ұғымы ерекше айтылды - шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы, бейбіт жиын. Мұның барлығы болашақ құжатта бар.
Мысалы, Мәжіліс депутаты Никита Шаталов сөз бостандығы мен бейбіт жиналыс өткізу құқы сақталады деп пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның 18 және 32-баптарына енгізілетін редакциялық нақтылау тек формальді сипатқа ие және азаматтардың негізгі құқықтарына әсер етпейді.
- Бұл баптардағы шектеулер бұрыннан бар еді, қазір тек оларды нақтылап отырмыз. Жаңа тыйымдар енгізілмейді, тек қоғам үшін маңызды нормаларды түсінікті етіп, қате түсіндірілуіне жол бермеу мақсатында түзетіліп жатыр, - деді Никита Шаталов.
Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлованың пайымдауынша, Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тікелей тыйым салынатын күн жақын. Бұл нормалар азаматтық институттар мен мемлекет арасындағы сенімнің негізін қалыптастырады деген үміт басым.
- Қоғамдағы алаңдаушылықтың бір бөлігі қолданыстағы Конституцияның 12-бабымен байланысты екенін түсінемін. Онда бір адамның құқы мен бостандығы өзге адамның құқы мен бостандығы басталатын жерде шектелетіні айтылған. Алайда мұндай шектеулер қазірдің өзінде бар екенін және олардың Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына толық сәйкес келетінін атап өткен жөн, - деп түсіндірді Қарлығаш Жаманқұлова.
Алғаш рет Конституцияда "зияткерлік меншік", "шығармашылық еркіндік құқы" ұғымдары пайда болады. Әсіресе, Конституцияның 20-бабында шығармашылық еркіндік құқы жаңаша сипатқа ие болып, оның жекелеген түрлері көрсетілмек. Ұсыныс иесі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің сөзінше, аталған бап шығармашылық еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтайды.
- Осы түзетулер шығармашылық еркіндігін тиімді құруға ықпал етіп, заң деңгейінде құқықтық қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймын. Сонымен қатар, аталған бапта құқықтарды пайдаланудың шектері де айқындалып отыр, яғни ақпарат тарату бостандығы басқа азаматтардың құқықтарын, қоғамдық тәртіпті және қоғамның рухани адамгершілік құндылықтарын бұзбауы тиіс екені көрсетіледі, - деді Мереке Құлкенов.
Айта кетейік, қоғамдық институттарға еркіндік берілгенімен, бақылау да күшейе түсетін болды. Конституциясының жаңа редакциясында саяси партиялар мен кәсіподақтарды шетелден қаржыландыруға тыйым салынады.
Қоғам мен отбасының рөлі қандай?
Мінберде сөйлеген спикерлер арасында елдегі діни ахуалды көтергендер аз болмады. "Қазақстан заңгерлер одағының" төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің барлық діни бірлестіктерге қатысты ұстанымы бейтарап болуы керек десе, "Қазақ газеттері" ЖШС бас директоры Диқан Қамзабекұлы білім беру жүйесін діни фанатизмнен қорғайтын норма енгізуді ұсынды.
- Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлт дәстүрін тәрк еткен діндарсымақтар пайда болды. Ең қауіптісі, олар ұрпағын да жат бағытта тәрбиелеуге көшті. Фанатизм мен көрсоқырлық білім жүйесіне ене бастады.
Білім жүйесі - жаңашылдық пен даму, ғылым мен технология, инновация алаңы. Бұл - өсу мен өріс, шығармашылық пен мәдениет ортасы. Дана Абай мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының арманы осы. Ендеше, білім жүйесіндегі зайырлылық пен мәдениеттің Ата заңда нақты жазылуы зиялылық дәстүрдің талабы деп білеміз, - деді Дихан Қамзабекұлы.
Келешек" жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева білім берудің зайырлы сипатын бекітетін түзетулерді қолдады.
- Білім берудің зайырлы сипатын нақты түрде бекіту жөніндегі ұсыныс жастар үшін аса маңызды әрі уақтылы қадам. Бұл - абстрактілі мәселе емес, нақты практикалық іс. Мектеп тең мүмкіндіктер кеңістігі, дәстүрлерге құрмет сақталатын, алайда қандай да бір көзқарасты таңу немесе радикалды ықпалдарға жол берілмейтін орта болуы тиіс. Конституцияда тікелей норманың бекітілуі тәрбие мен білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады, - деді ол.
Конституцияны жаңарту кезінде отбасы тақырыбын талқылау - ел болашағын бағдарлаумен пара-пар. Осы тұрғыда комиссия мүшелері отбасы институтына қатысты ойларын ортаға салды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынды. Оның тұжырымына сүйенсек, Ата заң жай құқықтық нормалар жиынтығы емес, халықтың келешегін шешетін құжат болуы тиіс.
- Ата заңымызда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейтуіміз керек деп санаймын. Оған жауапты ер мен әйелдің рөлін, олардың жауапкершілігін, ара-қатынасын нақты шегелейтін уақыт келді, - деді Елнұр Бейсенбаев.
Бас құжатта отбасы құндылығы барынша талданған. Конституция жобасында отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау мәселелері бұрынғыдай мемлекеттің ерекше қамқорлығында қалады. 27-бапта неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Ал балаларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті ретінде жазылады.
Мәтіндік қате мен аударма осалдығы
Орайы келгенде Конституциядағы мағыналық қателерді айта кеткен жөн. Заңгерлер 84 пайыз жаңарған мәтіннің терминологиялық алшақтық ада болғанын қалайды. Себебі бұған дейін қолданыстағы құжатта кей заң терминдері қате қолданылып келген.
М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, конституциялық мәтіннің тілдік нұсқаларына бірізділік керек.
- Қазіргі Конституцияда "заңды" сөзі 16 рет, "құқылы" сөзі − 5 рет, "құқығы бар" − 27 рет, "құқығы жоқ" − 5 рет, "хақысы жоқ" − 3 рет қолданылған. Бірақ бір ғана сөз бір ғана мағыналық жүк арқалап тұрған жоқ. "құқылы" термині бірде "в праве" орнына, ал бірде "имеет право" орнына қолданылады. Ал "қызмет" сөзі "должность" мағынасында 31 жерде, "деятельность" мағынасында − 37 жерде, "функция" мағынасында − 3 жерде, "служба" мағынасында − 6 жерде қолданылған, - деп тарқатты Т. Нәрікбаев.
Комиссия мүшесі айтқан тағы бір мысал − Үкімет мүшелерінің жауапкершілігіне қатысты "персонально отвечает" сөз тіркесі. Аталған сөз Ата заңның қазақша нұсқасында бір жерде - "дербес жауап береді" деп, бір бапта − "жеке-дара жауап береді" деп аударылған.
- Аудармаға байланысты, "общественная нравственность" ұғымы қазақша нұсқасында "қоғамдық имандылық" деп жазылған. Оны "қоғамдық әдеп" деп ауыстыруды ұсынамыз. Бұл түзету мемлекетіміздің зайырлы сипатын нақтылай түседі, - деп толықтырды заңгер.
30 жылда Ата Заң 6 рет өзгерді
Ширек ғасырдан астам уақытта елдің басты құқықтық құжаты 6 рет түзетілді: 55 бапқа 1100-ден астам толықтыру енгізілген. Ендігі өзгеріс алдыңғыларына қарағанда ауқымды. Жаңа редакция референдумда қолдау тапса, 77 бап қайта жазылмақ.
Ескеретін жайт, жаңа Конституцияның оныншы бөлімінде Ата заңға өзгеріс енгізу жолы нақтыланды. Яғни, енді Конституцияға түзетулер енгізу Президенттің шешімі бойынша тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы мүмкін. Парламент арқылы түзетулер енгізу мүмкіндігі алынып тасталды.
Өзгеріссіз қалатын тұсын қоса кетейік. Оның ішінде депутаттарға қойылатын талаптар, сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу туралы нормалар, Президент туыстарының мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап сол күйі қайта қосылады. Ең бастысы, мемлекеттің біртұтастығы және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма еш өзгеріссіз қалмақ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2026, 18:55 2106
Су үнемдеу, күріш егісін шектеу және су қоймаларының құрылысын бақылау: Қанат Бозымбаев Алматы облысын аралады
Достарға айту
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысында су ресурстарын тиімді пайдалану және ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Ұлттық экономика министрлігінің және "AMANAT" партиясының өкілдері, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Кеңесте вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету, су үнемдеу технологияларын енгізу, егістік құрылымын әртараптандыру, су ресурстарын есепке алу мен бөлуді цифрландыру, тарифтік саясатты жетілдіру және суды заңсыз алудың жолын кесу шаралары талқыланды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп судың "қара нарығымен" күрес жөніндегі жол картасын әзірледі. Жол картасы аясында республикалық және өңірлік деңгейде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылады. Құжатта анықталған заңбұзушылықтарды талдау, цифрлық мониторинг құралдарын енгізу, тексерулер мен рейдтер ұйымдастыру, сондай-ақ лауазымды тұлғалар мен су шаруашылығы ұйымдары жасайтын құқықбұзушылықтарды анықтау және алдын алу мақсатындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар қарастырылған.
Вице-премьер Күрті су қоймасынан суды заңсыз алудың жолын кесуге ерекше назар аударуды тапсырды.
Суару маусымында тұрақты су пайдалануды қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру шаралары көзделген. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, Алматы облысында күріш егісінің жалпы аумағы 5,8 мың гектардан аспауы тиіс.
Белгіленген лимиттерді сақтау мақсатында суды меншікті нормадан артық тұтынған, өсірілетін дақылдарды өз бетінше ауыстырған және тиісті келісімшартсыз су алған жағдайда тарифтерді ұлғайтуды көздейтін суармалы суды пайдалану қағидалары қабылданды.
Суармалы судың тапшылығы ел экономикасының дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан су ресурстарын пайдалану тиімділігін арттыру мәселесі аса өзекті. Әкімдік дақылдар құрылымын әртараптандыруға және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды енгізуге ерекше назар аударуы тиіс. Күріш дақылдарының ауданын Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен индикаторларға сәйкес келтіру қажет. Былтырғы күрделі жағдайға қарамастан, вегетация кезеңінің салыстырмалы түрде жеңіл өтуіне су үнемдеу технологияларын енгізу ықпал етті. Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапары барысында атап өткендей, су ресурстарының 50%-дан астамы жерге сіңіп кетеді. Бұл заманауи жүйелерді қолданатын көрші елдермен трансшекаралық суды бөлу жөніндегі келіссөздерді қиындатады. Алдағы 3-4 жылда бұл мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет", - деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
2030 жылға дейін Қазақстандағы 1,3 млн гектар суармалы жерді су үнемдеу жүйелерімен қамту жоспарланып отыр. Оның ішінде Алматы облысы бойынша көрсеткіш - 186,6 мың гектар. Осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін 2026-2028 жылдары республика бойынша жалпы сипаттағы трансферттер аясында су үнемдеу технологияларын енгізуді қолдауға және суару суының құнын субсидиялауға 228,2 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылмен салыстырғанда төрт есе көп. Оның ішінде Алматы облысына 27,6 млрд теңге бекітілген.
2028 жылға дейінгі су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі Бартоғай су қоймасын реконструкциялау жобасын әзірлеп жатыр. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын топтық су құбыры мен төрт магистральдық канал салу жоспарланған. Үлкен Алматы каналының учаскелерін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биыл толық аяқталады.
Жергілікті атқарушы органдар "Сұңқар" және "Тегермен" су қоймаларын салуға арналған жобалау-сметалық құжат дайындап жатыр. Сонымен қатар төрт су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 74 гидротехникалық құрылысты көпфакторлы тексеруден өткізу көзделген.
Вице-премьер облыс әкімдігіне осы жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды және нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Ислам даму банкімен ынтымақтастық аясында Еңбекшіқазақ, Балқаш, Ұйғыр және Райымбек аудандарында суару желілерін реконструкциялау жобаларын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нысандардың жалпы ұзындығы 550 шақырымнан асады. Нәтижесінде 34 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы жері тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Бұл өңірдің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және оның климаттық тұрақтылығын арттыруға елеулі үлес қосады.
Кеңесте "Ауыл аманаты" бағдарламасының жүзеге асырылу барысы да қаралды. Биыл Алматы облысында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға 10,8 млрд теңге бөлінеді.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлының айтуынша, бағдарлама қазірдің өзінде айқын әлеуметтік-экономикалық нәтиже көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындарының орташа табысы 23%-ға артқан, ал кейбір кәсіпкерлердің өнімдері басқа өңірлерге және экспорттық нарықтарға шығарылып жатыр.
Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 1436 жоба қаржыландырылып, 90 кооператив құрылды және 1616 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қазіргі таңда Алматы облысы халқының 81%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Қанат Бозымбаев ауылда тұрақты табыс көздерін, жұмыс орындарын және шағын бизнесті дамытуға қажетті жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Өңірде "Ауыл аманаты" бағдарламасының сапалы орындалуын бақылау Ұлттық экономика министрлігіне жүктелді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2026, 17:51 2431
Олжас Бектенов Екібастұздағы "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі Президент тапсырмасының орындалу барысын тексерді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Екібастұз энергия торабы базасында Президенттің "Деректерді өңдеу орталығы алқабы" жобасын жүзеге асыру жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Екібастұз МАЭС-1 ауданында болашақта 1300 гектардан астам аумақта ұлғайту мүмкіндігі бар ауданы 200 гектар жер учаскесі айқындалды. Мұнда есептеу инфрақұрылымы, "бұлтты" сервистер және ЖИ мүмкіндіктері орналастырылатын арнайы аймақты құрылмақ.
Президент тапсырмасы бойынша біз ауқымды инфрақұрылымдық жоба - "Деректерді өңдеу орталығы алқабын" жүзеге асыруды бастаймыз. Бұл экономиканың жоғары технологиялық секторының дамуына елеулі серпін береді. Барлық мемлекеттік орган мен жауапты ұйымдар нәтижеге жету үшін барынша тиімді жұмыс істеуі қажет", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министрге "Деректерді өңдеу орталығы алқабының" дизайн-жобасы таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, "Қазақтелеком" АҚ төрағасы Бағдат Мусин жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы туралы баяндады.
ДӨО алқабы" экожүйесі Екібастұз энергия торабының энергетикалық қуаттары негізінде құрылатын болады. Тұжырымдамада нысанды қазіргі бар энергетикалық инфрақұрылымды пайдалана отырып, қуаттарды енгізудің нақты белгіленген параметрлері бойынша кезең-кезеңімен дамыту көзделген.
Жоба шеңберінде ұзындығы 15 шақырым электр тарату желілерін сондай-ақ қуаты 300 МВт болатын және оны болашақта 1 ГВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар төмендеткіш қосалқы стансалардың инфрақұрылымын салу қарастырылған. Энергетика, есептеу қуатын пайдалану, ЖИ және тағы да басқа салаларда 500 жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құру жоспарлануда. Осыған байланысты IT-мамандарды даярлауға баса назар аударылады. Инвесторлар үшін Арнайы экономикалық аймақтар қағидаты негізінде инфрақұрылым құру, тариф белгілеу және салықтық преференциялар беру түрінде жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінген. Жобаға болжанып отырған инвестиция көлемі шамамен $30 млрд-ты құрайды. Бүгінгі таңда ірі халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде.
Премьер-министр Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту контексінде "ДӨО алқабының" стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Жасанды интеллект және цифрлық даму, Энергетика министрліктеріне, Павлодар облысының әкімдігіне "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп жобаны жедел жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайлар мен инфрақұрылымды қамтамасыз ету тапсырылды.
Бұл - болашақтың индустриясы. Біз бәсекелестік артықшылықтарымызды тиімді пайдалана білуіміз керек. Жобаны жүзеге асыруға электр энергиясы, климат, транскаспий кабелі сияқты қажетті алғышарттар бар. Сондықтан қабылдануға тиіс барлық шешімдерді енгізіңіздер, созбалаңға салмай, алға жылжу қажет. Бұл жобамен мен өзім тікелей айналысамын. Біз мүмкіндігінше қысқа мерзімде осы кезеңнен өтіп, әлемдік компаниялармен келісімшарттарды бекіту және қуаттарды жеткізу бағытында жұмыс істеуіміз керек", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
30.01.2026, 15:31 3086
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтерлер форумында сөйлеген сөзі
Сурет: Akorda
Достарға айту
Ақорда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Волонтерлер форумында сөйлеген сөзін жариялады.
Құрметті еріктілер!
Қадірлі қауым!
Баршаңызға Волонтерлер форумының ашылуы құтты болсын!
Бұл - шын мәнінде ерекше басқосу. Бәріңіз де бүгінгі форумға еліміздің әр аймағынан келіп жатсыздар. Мен Сіздерді қоғам игілігі үшін қызмет етіп жүрген Қазақстанның нағыз отаншыл, жасампаз және қамқор жастары деп санаймын.
Биыл бүкіл әлем Халықаралық еріктілер жылын атап өтуде. Өздеріңіз білесіздер, бұл бастаманы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының 75-ші сессиясында көтердім. Еліміздің ұсынысы жаһандық ауқымда қолдау тапты. Біз өркениетті ел ретінде күллі адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптейміз, оны келешек ұрпаққа аманат етеміз.
Ерікті болу - игі істер жасау, жақсылық істеп, басқаға үлгі көрсету, Отаныңа адал қызмет ету, туған жеріңе жанашыр болу деген сөз. Ниеті түзу, жаны таза адамдар осы жолды таңдайды, еріктілер қатарына қосылып, қажырлы еңбек етеді. Еріктілерді озық ойлы қоғамның айнасы деп айтсақ, артық болмайды. Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз. Осы орайда, бүгін мен барша еріктілерге шынайы алғысымды айтамын.
Сіздер барлық игі істің басы-қасында, халқымыздың арасында жүрсіздер! Еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Жаңа ғана бірнеше азамат сөз сөйледі, салмақты ойларын ортаға салды. Ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Олардың көбін мен қолдаймын, ең пайдалы ұсыныстарыңызды жүзеге асыруға тапсырма беремін. Халқымыз "Ақыл - жастан" деп бекер айтпаған. Қазақстанның болашағы - осындай белсенді әрі жігерлі ұл-қыздарымыздың қолында. Бәріңізге "Жарайсыздар!" деп айтқым келеді.
Қазақ - болмысынан кеңпейіл халық. Қиналған адамға қол ұшын беру - ұлтымыздың бойында бар асыл қасиет. Бабаларымыз жақыныңа жанашыр болуды, табиғатты аялауды адамгершіліктің белгісі санаған. Әрдайым ынтымақ пен бірлікті сақтап, тату-тәтті өмір сүруді ұрпағына өсиет еткен. Ұлы Абай "толық адам" болудың бір шарты - жұртқа жақсылық жасау, шапағатыңды тигізу деген. Сіздер осы өсиетке сай еңбек етіп, "Адал азамат" деген атқа лайықты істерді атқарып жүрсіздер. Әсіресе, сын сағаттарда волонтерлеріміз кез келген шаруаға зор жауапкершілікпен қарап, белсенді жұмыс істеуде. Пандемия кезінде еріктілердің ерлігіне бүкіл ел куә болды. Күрделі кезеңде мыңдаған волонтер алдыңғы шепте еңбек етті. Олар дәрігерлерге, тәртіп сақшыларына, мұғалімдерге, мұқтаж жандарға көмектесті. Алапат тасқын кезінде еріктілер құтқарушылармен бірге ортақ іске атсалысты. Апат күндері 50 мың волонтер табанды жұмыс істеді. Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, көп.
Халқымыз "Жақсыны ісінен таны" деген. Сіздер қазақтың мейірбан ұлт екенін іс жүзінде көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға мәлім, мен Мемлекет басшысы ретінде еріктілер қозғалысына ерекше мән беремін. Қазақстан "волонтер болам, қоғамдық іспен айналысам" деген әрбір азаматты қолдайды. Қазір елімізде 1 ұлттық және 20 аймақтық фронт-офис табысты жұмыс істеп тұр. Еріктілердің саны да артып келеді. 2020 жылы Қазақстанда 50 мың волонтер бар еді. Қазір олардың қатары 300 мың адамға жетті. Елге пайдалы жұмыспен айналысатын ұйымдардың саны төрт есеге жуық өсіп, 800-ден асты.
Қазіргі таңда еріктілеріміз экология, білім, мәдениет және басқа да салалар бойынша маңызды бастамалар көтеруде. Соның ішінде "Жас ағаш", "Эко бақылау", "Білім волонтерлері" жобаларын ерекше атап өтуге болады. Осындай іс-шараларға 100 мыңға жуық ерікті қатысты. Әр бастаманың елге, қоғамға берер пайдасы мол. Мен өздеріңіз сияқты жасампаз жастарға зор үміт артамын. Біз бәріміз бір ел болып, ауқымды шаруа атқардық. Енді тоқтамай, тек қана алға қарай жүру үшін заман ағымына сай болу өте маңызды. Сондықтан еріктілер қозғалысын дамытуға қатысты бірнеше өзекті міндетке тоқталайын.
БІРІНШІ. Волонтерлік қызметте жаңа технологияларды кеңінен пайдалану керек.
Мен Жолдауымда Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрлық ел болуға тиіс деген міндет қойдым. Соған сәйкес нақты жұмыс істеліп жатыр. Ел өмірінің барлық саласына озық технология тәсілдері, әсіресе, жасанды интеллект жүйесі енгізіле бастады. Еріктілер қозғалысы да бұл жұмыстан шет қалмауы керек. Мен волонтердің цифрлық паспортын жасау туралы ұсынысты толық қолдаймын.
ЕКІНШІ. Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр.
Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы "Орнықты келешек үшін бірге!" ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын.
ҮШІНШІ мәселе. Азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет.
Бұл - өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық. Бүгінде еріктілер елді-мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде "Таза Қазақстан" аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл - біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. "Таза Қазақстан" қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет.
ТӨРТІНШІ. Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.
Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн. Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды.
БЕСІНШІ. Корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту - өте маңызды міндет.
Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан.
Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды. Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды. Сондықтан мен былтыр арнайы "Мейірім" орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ.
Қымбатты достар!
Волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешуші сәтте өтіп жатыр. Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды. Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл - өте маңызды мәселе.
Халықтан келіп түскен ұсыныстарды жүйелеп, жинақтау үшін Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына барлық аймақтың өкілдері мен түрлі санаттағы азаматтар, халық қалаулылары, орталық атқарушы органдардың басшылары, құқықтанушы ғалымдар, тіл мамандары және белсенді жастар кірді. Қоғам өкілдерін қамту ауқымы, кәсібилік мен азаматтық жауапкершілік тұрғысынан алғанда, мұндай комиссия елімізде бұрын-соңды болмаған деп сеніммен айтуға болады. Комиссия жұмысы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне тың серпін берді. Комиссия мүшелері конституциялық реформаға қатысты әр мәселені егжей-тегжейлі қарап, жан-жақты талқылап, ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Осыған дейін Комиссияның 5 отырысы өтті. Оның бәрі әлеуметтік желіде тікелей эфирден көрсетіліп, ақпарат құралдары арқылы кеңінен таратылды. Мен талқылау барысын мұқият қадағалап отырмын. Осы орайда, Ата Заңымызға қатысты көптеген прогрессивті, инновациялық ұсыныс берілді деп сеніммен айта аламын. Түптеп келгенде мұның бәрі еліміздің Ата Заңына негіз болады. Бұл әлемде қалыптасқан қазіргі күрделі кезеңде біртұтас Қазақстан халқына бағыт сілтейтін маңызды құжатқа айналады деп сенемін.
Конституция, бұл - кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын. Бұл да халқымыздың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды тәсілі деп сенемін.
Тағы бір айта кететін маңызды жайт: Комиссия Конституцияға қатысты ұсыныстың бәрін мұқият саралап шықты. Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады. Кешегі отырыстағы пікірталаста Комиссия мүшелері "Ата Заңға енгізілетін өзгерістер ауқымына қарасақ, жаңа Конституция қабылдауымыз керек" деген байлам жасады. Шын мәнінде, ұсынылған түзетулер жобасы елді институционалдық-құқықтық тұрғыда жаңғыртумен ғана шектелмейді. Сонымен бірге бұл қадам тұтас мемлекеттік жүйені қайта түзуге жол ашады. Түбірімен өзгерген мүлдем жаңа құжаттың бейнесі қалыптасты.
Ата Заңымызда жарқын болашаққа нық қадам басқан бүгінгі Қазақстанның тұғыры әбден бекіген мемлекет ретіндегі идеалдары, қағидаттары мен басымдықтары көрініс табады. Әрине, қолданыстағы Ата Заң Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына елеулі үлес қосты. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Сондықтан былтырғы 30 тамызда Конституцияның 30 жылдығын кеңінен атап өттік.
Комиссия мүшелері ұсынған заңнамалық ережелерде адам құқықтары бәрінен жоғары тұратыны және адам капиталы ең қымбат құндылық екені айқын көрсетілген. Сондай-ақ әр азаматтың өз әлеуетін іске асыруға теңдей мүмкіндік беретін әділ қоғам құруды көздейді. Ғылым-білім, инновация салаларын дамытудың маңызына ерекше назар аударылып отыр. Жаңа тарихи кезеңде еліміздің цифрлық дәуірге бейімделуі жеткіліксіз. Жасанды интеллект және басқа да озық технологиялар біздің қоғамға қызмет етуі қажет. Сондықтан даму көшінің бағытын нақты айқындауымыз керек. Ата заңымызда адамгершілік құндылықтарды ерекшелеп, бөлек жазу ұсынылды. Бұл да - өте маңызды. Басқаша айтқанда, адам жасанды интеллектіге қызмет етпейді, керісінше, адамзаттың ақыл-ойынан туындаған жасанды интеллект тұрмыс-тіршіліктің барлық саласында толайым табысқа жетуі үшін азаматтарға көмектеседі.
Конституцияда гуманитарлық құндылықтарды қалыптастыру маңызды деп санаймын. Атап айтқанда, жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға, табиғатты аялауға басымдық беру жөнінде сөз қозғап отырмыз. Бұл мәселе бүгінгі баяндамашылардың сөзінде қамтылды. Идеяларыңызды қолдаймын. Сонымен қатар бай мәдени мұрамызды сақтауға, дәріптеуге бағытталған волонтерлеріміздің қызметін де қуаттаймын. Конституцияға енгізілетін өзгерістер еліміздің дамуын жаңа әрі сапалы деңгейге көтереді. Бүкіл мемлекеттік жүйені қайта құрып, билік пен қоғамның ықпалдастығын жетілдіре түседі. Ұсынылған түзетулердің ішінде жауапты әрі жасампаз отаншылдық туралы идея бар. Патриотизм - құр ұран емес. Бұл қасиетті ұғымға жауапкершілікпен қараған абзал. Мен бұл жайында жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында айтқан болатынмын.
Отаншыл азамат дегеніміз - жауапкершілігі жоғары және жасампаз азамат. Мен еліміздегі әрбір еріктіні - баршаңызды дәл осындай нағыз отаншыл азаматтар деп санаймын. Жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясы әрбір волонтердің жанына жақын. Менің бұған еш күмәнім жоқ. Әрбір азамат өзінің және қоғамның игілігі жолында күнделікті адал еңбек етіп, әлемді жақсарта түсуге ұмтылуға тиіс. Отанға деген шынайы сүйіспеншілік - осы.
Танымал қоғам қайраткері пастор Мартин Лютер Кинг "I have a dream", яғни "Менің де арманым бар" деген еді. Сондықтан "мына әлемді жақсарта түсемін" деп армандаңыздар. Мұраттарыңызға жетесіздер деп ойлаймын.
Құрметті достар!
Әлемдегі ахуалды көріп-біліп отырсыздар. Түрлі қақтығыстар мен шиеленістер ушығып, болашақты болжау қиынға соғуда. Соған қарамастан еліміз өсіп-өркендеп келеді. Біз табанды еңбектің арқасында барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Кез келген сын-қатерге төтеп береміз. Өскелең ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, ұқыпты, тәртіпті, жинақы болғаны, жақсы мен жаманды айыра білгені айрықша маңызды.
Тағы да атап өткім келеді: мен халқымыздың, әсіресе, жас буынның күш-жігеріне, жасампаз рухына сенемін. Қазақстан - біздің жалғыз Отанымыз, бәріміздің қастерлі мекеніміз. Елімізді ешкім сырттан келіп көркейтіп бермейді. Қазақстанның мықты, қуатты, озық болғаны тек бізге ғана керек. Сүйікті Отанымызды көркейту, яғни Заң мен тәртіп үстемдік құрған, Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру - баршамызға ортақ міндет. Осы міндетті орындау үшін бәріміз бір қоғам болып еңбек етейік, достар!
Жолдарыңыз әрқашан ашық болсын! Аман болыңыздар!
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 21:55 29286
Алматы әуежайының инвестициялық жоспарларын іске асыру мәселелері Қазақстан СІМ-де қаралды
Достарға айту
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен "Kazakh Invest" ҰК" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ президенті Гөкер Косемен кездесу өткізді, оның барысында елдегі ең ірі авиациялық хабты дамытуға бағытталған инвестициялық жоспарларды іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Тараптар әуежай инфрақұрылымын кеңейтуге, өткізу қабілетін арттыруға және жолаушылар мен жүк ағындарына қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған жобалардың қазіргі ахуалын талқылады. Алматы халықаралық әуежайын басқаратын "TAV Airports" компаниясының Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің жұмысына бақылаушы мәртебесінде қатысатыны аталып өтті.
Кездесу аясында Алматы әуежайының халықаралық және өңірлік әуе тасымалдарының негізгі торабы ретіндегі стратегиялық басымдықтары туралы ақпарат ұсынылды. Кездесу барысында Гөкер Косе Алматы халықаралық әуежайын дамытудың қазіргі көрінісін таныстырып, инвестициялық бағдарламаның негізгі кезеңдерін айқындады, сондай-ақ жобаларды кезең-кезеңімен іске асыруға, инфрақұрылымдық жүктемеге және қуаттарды одан әрі кеңейтуге қатысты практикалық мәселелерге тоқталды. Жолаушылар және жүк тасымалдарының орнықты өсімін қамтамасыз ету және әуежайдың операциялық тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ә.Қуантыров авиациялық инфрақұрылым саласындағы жобалар елдің ұзақ мерзімді көлік басымдықтарын, инвесторлардың мүдделерін және қалалық ортаның орнықты дамуын ескере отырып, теңгерімді тәсілді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет мұндай бастамаларды бәсекеге қабілетті көлік жүйесін қалыптастырудың маңызды элементі ретінде қарастырады және инвестициялық шешімдерді іске асыру үшін болжамды жағдайлар жасауға байланысты мәселелер бойынша одан әрі диалогқа дайын.
Талқылау қорытындысы бойынша тараптар Алматы әуежайының инвестициялық бастамаларын сүйемелдеу бойынша өзара іс-қимылды және әрекеттерді үйлестіруді одан әрі жалғастыруға мүдделілігін растады. Авиациялық инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырудың, іскерлік белсенділіктің өсуінің және елдің халықаралық логистикалық және туристік бағыттарға интеграциялануының негізгі факторларының бірі ретінде қарастырылатыны аталып өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
29.01.2026, 19:51 27161
Жоғары аудиторлық палата Алматы қаласында жүргізген аудит қорытындысы шығарылды
Достарға айту
Алматы қаласында бюджет қаражаты мен активтерінің пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді (1 қаңтар мен 17 қыркүйек аралығы қамтылды). Аудит қорытындысы ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында қаралды, деп хабарлайды ҚР Жоғары аудиторлық палатасының баспасөз қызметінен.
Бүгінгі таңда Алматы республиканың ең ірі экономикалық орталығы болып отыр. Халықтың 11%-дан астамы тұратын қала
ЖІӨ-нің шамамен 22%-ын құрайды. Алайда қала экономикасы әлі де негізінен сауда мен көрсетілетін қызметтерге бағдарланған, ал өндірістік және инновациялық секторлардың даму серпіні төмен. Бұл Алматының өсу қарқынын тежейді.
Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексеру барысында жоспарлау, басқару және бақылау саласында кемшіліктер мен жекелеген бұзушылықтар анықталды.
Мәселен, Алматының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары үнемі түзетулер енгізілуіне қарамастан, басқарудың айтарлықтай тиімді құралына айналмады. Аудит барысында жоспарланған іс-шараларды толық қаржыландырмау практикасы анықталды. Бұл жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік бермейді.
Бюджеттік инвестициялық жобалар санының 2022 жылғы
365-тен 2025 жылы 529-ға дейін өсуіне қарамастан, оларды іске асыруда кемшіліктер бар.
Мысалы, 2021 жылы жасалған Жас Қанат шағын ауданында 41 көппәтерлі үй салу жобасы бойынша аудит кезінде 7 үй құрылысы аяқталмаған, ал тағы 12-сі іргелес аумақтың абаттандырылмауына байланысты коммуналдық меншікке берілмеген.
Тексеру барысында Қалалық мобилділік басқармасының жұмысына қатысты да көптеген сұрақ туындады. Басқарма 2022-2025 жылдары тасымалдаушыларға 2,3 млрд теңгеге негізсіз субсидиялар төлеуге жол берген.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес Жер қатынастары басқармасы жер учаскелерін бөлу кезінде ашықтықты арттырып, олардың нысаналы пайдаланылуына бақылауды күшейтуі қажет. Құрылыс тығыздығының сақталмауы нәтижесінде инженерлік және көлік инфрақұрылымына жүктеме ұлғая түсті, сондай-ақ қала тұрғындары үшін әлеуметтік игіліктерге қадамдық қолжетімділіктің болмауына әкелді.
Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметіне келетін болсақ, аудиторлардың пікірінше, ӘКК тиімсіз жұмыс істейді. Мәселен, тұрғын үй құрылысына арналған шамамен 30 млрд теңге бюджеттік инвестициялар үш жылға жуық игерілмеген күйінде қалып отыр.
ӘКК сонымен қатар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға толық көлемде қол жеткізе алмады. Бюджеттік кредиттер тиімсіз пайдаланылған және қаржы құралдарына орналастырылған.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 203 млрд теңгеден астам сомаға қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру жүргізу кезінде оның 26 млрд теңгеден астамы өтелді, сондай-ақ есепке алу бойынша және жұмыстарды орындау жолымен 83 млрд теңгеден астамы қалпына келтірілді.
Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 417 факт бойынша материалдар әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.
Жоғары аудиторлық палатаның тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою және Алматы қаласында стратегиялық жоспарлауды, активтерді басқаруды, бюджеттік тәртіпті жақсарту бойынша қажетті тапсырмалар мен ұсынымдар берілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
30.01.2026, 17:05Қазақстан Орталық Азия ядролық қарусыз аймағына төрағалық ететін болады 30.01.2026, 18:07 4926Кувейт Қазақстаннан ет өнімдерін жеткізуге қызығушылық танытуда30.01.2026, 19:10 4696Испания депутаттарына Қазақстандағы конституциялық реформалар бағыты таныстырылды30.01.2026, 20:12 4426Қазанда қазақ ұлттық-мәдени автономиясының дамуы мен 2026 жылға арналған жоспарлар талқыланды30.01.2026, 21:16 4211Афина энергетикалық саммитінде Қазақстанның энергетикалық басымдықтары мен реформалары таныстырылды
27.01.2026, 16:57 70761Мемлекет басшысы Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады27.01.2026, 11:55 70026Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогқа Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай жеделхат жолдады27.01.2026, 09:48 60516Астанада көрнекті қазақ дипломаты Нәзір Төреқұловты еске алуға арналған салтанатты жиын өтті26.01.2026, 21:46 51836Ыстанбұлда Қазақстанның инвестициялық, экспорттық және туристік әлеуеті таныстырылды29.01.2026, 11:37 47976Қазақстан СІМ-де халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды
21.01.2026, 10:52 216421Қазақстанда заңды және жеке тұлғалар үшін мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі регламенттеледі21.01.2026, 11:19 216381Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнама жетілдірілуде21.01.2026, 09:49 2149962025 жылы қазақстандықтарға 806 млрд теңгеден астам сомада бала тууына және бала күтіміне байланысты жәрдемақылар төленді20.01.2026, 22:18 212866Шымкенттің полиция бастығы және оның орынбасары қызметінен кетті20.01.2026, 18:14 208436Тоқаев ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізімінде болуға лайық жәдігерлерді атады

