ШЫҰ: Жаңа белес пен зор мүмкіндіктер
Сурет: primeminister.kz
Дүние дидарында диалог қай кезде де бәтуаластыққа жол бастайтын ең басты құндылық саналады. Елдердің бірлік пен бітімгершілік жолында өзара құлақ асуы және дәуір сұраныстарына сай тізе қосып жауап әзірлеуі халықаралық жүйенің орнықтылығын айқындай түседі. Әсіресе өзгерістер мен дағдарыстар тұсында мұндай бірлескен қадамдардың маңызы зор. Осы ретте қазіргі әлемде мемлекеттер арасындағы өзара сенімге селкеу түсуін диалогтің уақыт өткен сайын тапшы "ресурсқа" айналып бара жатқанының салдары дер едік.
Дей тұрғанмен, дәл бүгінгі халықаралық саясатта елдердің сындарлы үндестігін орнатып, бейбітшілік пен өзара сенімді нығайтуға, тату көршілік пен ынтымақтастық тың әлеуетін ашуға қалтқысыз қызмет етіп жатқан іргесі берік көпжақты құрылымдардың да жарқын мысалдары бар. Осындай бірегей бірлестіктердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын сеніммен атап өтуге болады.
Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 2001 жылғы 15 маусымда құрылған ШЫҰ бүгінде әлемдегі ең ірі өңірлік көпжақты ұйымдардың бірі ретінде орнықты.
Бірлестіктің ширек ғасырға созылған дара даму жолы ШЫҰ үшін сенім қалыптастырудың, мәміле іздеудің және Еуразия кеңістігіндегі әріптестікті нығайтудың бірегей тарихына айналды. Ұйым осы уақыт ішінде тарихи тұрғыдан алғанда күрделі әрі серпінді даму жолынан өтіп, өзінің өміршеңдігін ғана емес, ерекше тиімділігі мен қажеттілігін жан-жақты дәлелдеді.
ШЫҰ-ның шежіресі 1996 жылы Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан елдері іргесін қалаған "Шанхай бестігінен" бастау алады. Бірлестіктің алға қойған негізгі мақсаттарына қолдау білдіре отырып, 2001 жылы оған Өзбекстан қосылды. Нәтижесінде, "Шанхай бестігі" Шанхай ынтымақтастық ұйымы ретінде керегесін кеңейтіп, оның Орталық Азиялық түпқазығы қағылды. Қазіргі таңда ШЫҰ-ға әлемнің 10 мемлекеті - мүше. Бүгінде ұйым құрамына Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Иран және Беларусь кіреді. Осылайша, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үлесіне Еуразия құрлығының 60 пайыздан астамы, Жер шары халқының жартысына жуығы және әлемдік ішкі жалпы өнімнің едәуір бөлігі тиесілі екеніне тоқталып өтуіміз керек.
Осы уақыт ішінде ұйым халықаралық және өңірлік ықпалды құрылымдар қатарындағы өзінің абырой-беделін жылдан-жылға дәйекті түрде нығайтып келеді. Халықаралық бірлестік қауіпсіздікті, тұрақтылықты және орнықты дамуды қамтамасыз етудің қайратты тетігі ретінде танылды. Осы жерде атап өтер жайт, бүгінде біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының жаһандық рөлінің артып келе жатқанына куә болып отырмыз.
Ұйымның өзара тиімділікке және тең құқыққа бағытталуы, сондай-ақ оның қандай да бір идеологияның үстемдігіне жол бермеуге негізделген сындарлы әрі прагматикалық ынтымақтастық тәсілі - баға жетпес құндылық. Бұл тәсіл "Шанхай рухы" деген атауға ие болды және ұйымға мүше мемлекеттер таңдаған ерекше даму стратегиясын айқындайды. Уақыттың өзі көрсетіп бергендей, ШЫҰ аясындағы көпжақты өзара іс-қимыл тетіктері өзінің өміршеңдігі мен жоғары тиімділігін барынша дәлелдеді.
Соңғы саммиттердің нәтижелері ұйымның алға қойған міндеттері мен мақсаттарының ауқымдылығын айқын түрде паш етті. Яғни ШЫҰ-ның саясат, қауіпсіздік, сауда, экономика және гуманитарлық саладағы өзекті өңірлік мәселелер бойынша шұғыл әрі тиімді шешімдер қабылдай алатынын тағы бір мәрте танытты.
Бұл орайда Қазақстан ұсынған жоба бойынша 2024 жылы қабылданған ШЫҰ-ның "Әділетті бейбітшілік, келісім және даму жолындағы әлемдік бірлік туралы" бастамасы осы іргелі істің жарқын үлгісіне айналды. Бұл - сенімді нығайту, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау қағидаттарын қамтитын бұрын-соңды болмаған кешенді құжат. Уақыт өте келе аталған бастама БҰҰ Бас Ассамблеясына ресми құжат ретінде ұсынылды.
Қауіпсіздік мәселесі - ШЫҰ-ның күн тәртібіндегі негізгі бағыттардың қатарында тұр. Осы кезеңде Ұйым терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы бірлескен күресте айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Бұл жауапты жұмыста ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымына ерекше рөл жүктелген. Қабылданған шаралардың тиімділігі терроризм инфрақұрылымын жоюға қатысты нәтижелі қадамдармен дәйектеліп отыр. Ақпарат алмасудың жедел жүйесі қалыптастырылып, терроризмге қарсы тұрақты оқу-жаттығулар өткізіліп келеді. Сарапшылардың бағалауынша, күш-жігерді үйлестірудің арқасында ШЫҰ кеңістігіндегі террористік әрекеттердің саны тұрақты түрде азайып келеді.
Сонымен қатар өңір ауқымында көлік, энергетика, инвестиция және технология салаларындағы тұрақты өзара байланыстарға негізделген Еуразиялық кеңістіктің қалыптасуы Ұйымның қол жеткізген қомақты жетістіктерінің бірі саналады. Дәлірек айтқанда, қатысушы елдердің егемендігін құрмет тұтатын, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттарына сүйенетін икемді экономикалық әріптестік үлгісі құрылды.
Жемісті ықпалдастықты нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде ШЫҰ Даму банкін құру жөніндегі келісімге қол жеткізілді. Қазіргі уақытта осы жоба бойынша келіссөздер белсенді түрде жүргізіліп келеді. Болашақта бұл қаржы институты ұйым кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық жобаларды іске асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналады деген сенім бар.
Бұған қоса ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызы жыл санап артып келеді. Бүгінде ұйым аясында өзіндік өрнегімен танылған бірқатар брендтік жоба жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында ШЫҰ университеті, "Шекарасыз білім беру" жобасы, "Рухани киелі орындар" бағдарламасы, ШЫҰ-ның туристік және мәдени астаналары, Жастар форумы және басқа да көптеген бастамалар бар. Бұл жобалар ұйымның мәртебесін асырып қана қоймай, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтатын маңызды көпір қызметін атқарып жүр.
Қазақстан ШЫҰ қағидаттарының берік жақтаушысы саналады әрі ұйымның институционалдық дамуы мен халықаралық беделін арттыруды тұрақты түрде қолдап келеді.
Атап айтқанда, еліміздің 2017 жылғы төрағалығы кезінде Ұйымның құрамына Үндістан мен Пәкістан қабылданып, ШЫҰ кеңістігі кеңеюінің алғашқы кезеңі лайықты жүзеге асырылды. Ал 2024 жылғы Астана саммитінде ШЫҰ алғаш рет "ондық" форматында үн қатты. Дәл осы саммитте Беларусь Республикасы толыққанды мүше ретінде алғаш рет алқалы жиынға қатысты.
Бұған қоса Қазақстанның бастамасымен және басқа мүше мемлекеттердің қолдауымен ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясы, Азық-түлік қауіпсіздігі бағдарламасы, Шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы келісім, Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес бағдарламасы сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Қазақстанның ұйым аясындағы басым бағыттарының бірі - ерекше екпінмен өзгеріп жатқан халықаралық жағдайға бейімделу арқылы ШЫҰ қызметінің тиімділігін арттыру.
Астана Ұйымды жаңғыртуды, оның институттарын заманауи сын-қатерлерге бейімдеуді және ынтымақтастықтың тәжірибелік мазмұнын күшейтуді дәйекті түрде қолдап келеді.
Осы тұрғыда Қазақстанның 2023-2024 жылдардағы ШЫҰ-ға төрағалығы ерекше маңызға ие болды. 2024 жылғы Астана саммитінде ұйым қызметін жетілдіру үдерісі басталып, оның институционалдық тұрақтылығын нығайтуға, шешім қабылдау тиімділігін арттыруға және мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадамдар жасалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық тұрақсыздық жағдайында ШЫҰ жаңа геосаяси және экономикалық шынайы ахуалға дер кезінде бейімделуі қажет екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан ұйым қызметіне кешенді талдау жүргізуді, оның ішінде шешім қабылдау тетіктерін, бірлескен жобаларды іске асыру барысын және салалық құрылымдардың қызметін үйлестіру мәселелерін қарастыруды ұсынды.
Қазақстан бастамашылық еткен ШЫҰ қызметін жетілдіру үдерісі қазіргі таңда мүше мемлекеттер тарапынан белсенді түрде талқыланып жүр. Бұл іргелі бастаманың негізгі мақсаты - ұйымның тәжірибелік тиімділігін арттыру және оның Еуразия кеңістігіндегі халықаралық ынтымақтастықтың жетекші орталықтарының бірі ретіндегі рөлін күшейту.
Қазақстан ұйымның экономикалық құрамдас бөлігін нығайтуды да қолдайды. Бұл бағыт - ШЫҰ әлеуетінің толық пайдаланылмауына байланысты жиі сынға ұшырайды және осы тақылеттес пікірлердің белгілі бір дәрежеде негізі бар екенін мойындау қажет.
Ішкі жалпы өнім көлемі бойынша ШЫҰ әлемдегі ең ірі бірлестіктердің санатына жатады. Мүше мемлекеттердің сыртқы сауда айналымы әртүрлі бағалаулар бойынша шамамен 1 трлн долларды құрайды. Ұйым құрамында әлемдегі ең ірі энергия өндірушілер мен тұтынушылар бар. Сонымен қатар өңір аумағы арқылы халықаралық маңызы бар негізгі құрлықтық көлік дәліздері өтеді.
ШЫҰ-ның экономикалық әлеуеті ұйымның серпінді экономикалық ынтымақтастықтың маңызды орталықтарының біріне айналуына толық мүмкіндік туғызады. Алайда бұл әлеует әлі де толық көлемде игерілген жоқ. Осыны ескере отырып, Қазақстан бірлескен инвестициялық жобаларды жандандыруды, өзара есеп айырысуларда ұлттық валюталарды кеңінен пайдалануды және ұйымға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік дәліздерін дамытуды ұсынады.
Өз тарапынан Қазақстан цифрлық бейімделу деңгейі жоғары әрі қызмет көрсету саласында мол тәжірибе жинақтаған орта держава ретінде ШЫҰ аясында цифрлық трансформация, инновацияларды енгізу және электрондық сауда, киберқауіпсіздік пен жасанды интеллект салаларындағы жаңа ынтымақтастық алаңдарын қалыптастыру бағыттарын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
ШЫҰ мемлекеттері үшін экологиялық мәселелер экономикалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігін және халықтың өмір сүру сапасын қамтамасыз етумен тікелей байланысты екенін ұмытпауымыз керек.
Өңір үшін климаттың өзгеруі, шөлейттену, су ресурстарының азаюы және қоршаған ортаның ластануы мәселелері ерекше өзекті болып отыр. Орталық Азия су қауіпсіздігі тұрғысынан әлемдегі ең осал өңірлердің бірі саналады. Сондықтан экологиялық күн тәртібі ШЫҰ үшін стратегиялық маңызға ие.
Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Су проблемаларын талдау орталығын құру бастамасына ерекше тоқталып өткеніміз жөн. Бұл құрылымның қызметі су ресурстарын тиімді және орнықты пайдалану саласындағы технологиялар мен үздік тәжірибелерді біріктіруге, сондай-ақ су шаруашылығы саласындағы инновациялық шешімдерді бірлесіп енгізуге бағытталмақ.
Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда ШЫҰ көпсалалы халықаралық ұйым ретінде толықтай қалыптасқаны айдан анық. Ұйымдағы әрбір ынтымақтастық бағыты "Шанхай рухын" сақтай отырып және барлық мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен үйлесімді дамып келеді.
Осы тұста айрықша атап көрсететін тақырып - қауіпсіздік саласындағы ауқымды жұмысына қарамастан, ШЫҰ әскери блок немесе үшінші мемлекеттерге қарсы бағытталған жабық одақ емес. ШЫҰ - ашық ынтымақтастық кеңістігі.
Қазақстан дәстүрлі түрде тең құқықты диалогті, шешімдерді бәтуаластық негізінде қабылдауды және текетірестік тәсілдердің пайда болуына жол бермеуді қолдайды. Тек ШЫҰ Хартиясының мақсаттары мен қағидаттарына адалдық таныту арқылы ұйымның теңгерімді дамуын және ашық әрі сенімді көпжақты диалогті қамтамасыз етуге болады.
Ширек ғасыр ішінде ШЫҰ әртүрлі саяси дәстүрлері, экономикалық модельдері мен мәдени ерекшеліктері бар мемлекеттердің ұстанымдарын ортақ мақсаттар мен болашақ алдындағы ортақ жауапкершілік төңірегінде біріктіре алатынын бірнеше рет дәлелдеді.
Бұл мерейтойлық белестің жүріп өткен жолына қарағанда қажырлы еңбек, дипломатиялық шеберлік, саяси көрегендік және мемлекеттердің өзара сенім мен түсіністікті нығайтуға деген шынайы құлшынысы жатқанын көреміз.
Бүгінде ШЫҰ өзіндік даму жолының жаңа кезеңіне қадам басып келеді. Бұл - ынтымақтастықтың тиімділігі жаһандық тұрақтылыққа және миллиондаған адамның өмір сапасына тікелей әсер ететін көкжиегі кең кезең.
Уақытпен екшелген мол тәжірибе, өзара іс-қимылдың бірегей әлеуеті және "Шанхай рухының" мызғымас қағидаттарына адалдық - Ұйымның алдағы уақытта да халықаралық сахнадағы маңызды орталықтардың бірі болып қала беруіне мүмкіндік туғызатынына кәміл сенемін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: "Біздің халықтарымыз ШЫҰ-дан зор үміт күтеді. Олар Ұйым аясындағы өзара ымыра мен ортақ мүдделерді ескеруге негізделген нәтижелі ынтымақтастық қазіргі сын-қатерлер мен болашақтағы қиындықтарды абыроймен еңсеруге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді деп сенеді".
Дереккөз: egemen.kz
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

