24.11.2025, 16:42 4546
Олжас Бектенов Президент тапсырмалары аясында көлік саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында авиациялық хабтар мен автожол саласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Онда Көлік, Қаржы, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Премьер-министрге 2040 жылға қарай жаһандық әуе нарығын екі есеге арттыру жөніндегі әлемдік болжамдарды ескере отырып, алдағы 3 жылға арналған Азаматтық авиацияны дамыту жоспары ұсынылды. Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарына сәйкестіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге баса назар аударылды. ICAO аудитінің нәтижелеріне сәйкес, биыл бұл көрсеткіш Қазақстанда 95,7%-ды құрайды, бұл 72,01%-дық әлемдік және 87,92% болатын орташа еуропалық деңгейден көп.
Жоспарға сәйкес әуежай және навигациялық инфрақұрылымды жаңғырту, халықаралық және ішкі маршруттық желіні кеңейту бойынша ауқымды жұмыс көзделген. Бұдан бөлек, халықаралық оқу орталықтарын тарта отырып, әуе кемелері паркін ұлғайту және авиация саласы үшін мамандар даярлау жүйесін күшейту жоспарлануда.
Жиын барысында Астана және Алматы қалаларының әуежайлары базасында аэрохабтарды дамыту мәселелері талқыланды. Елордалық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге дайындық жүргізілуде. Әуе айлағын жаңғырту жүк және жолаушылар терминалдарын салуды, инфрақұрылымды жаңартуды және тағы да басқаларды көздейді. Алматы әуежайын жаңғырту бойынша Horizon стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру өткізу қабілетін арттыруды қамтамасыз етеді. Терминалдарды реконструкциялау, трафикті көбейту үшін ұшу-қону жолақтарын жаңғырту жоспарлануда. Әуежай базасында жүк және техникалық кластерлер мен сервистік экожүйе құрылатын болады.
Өңірлік байланысты нығайтуға бағытталған ішкі авиамаршруттарды субсидиялау мәселелері қаралды. Жалпы, осы жылдың 10 айында жолаушылар тасымалы көлемі 6%-ға өсіп, 13 млн жолаушыдан асты.
Жиынға қатысушылар азаматтық авиацияның туризмге, саудаға, өңірлік дамуға, инвестициялық тартымдылыққа және басқа да маңызды бағыттарға мультипликативтік әсерін атап өтті. Халықаралық бағалауларға сәйкес, саладағы әрбір 100 жұмыс орны экономиканың аралас секторларында 610-ға дейін қосымша жұмыс орындарын құрады.
ҚР жүк әлеуетін кеңейту үшін жүк тасымалын дамыту перспективалары белгіленді.
Премьер-министр Көлік министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп авиаотын жеткізудегі тиімсіз делдалдар тізбегі бойынша жұмысты күшейтуді, сондай-ақ көлік саласында ағымдағы жобаларды жүзеге асыру және жаңа жобаларды іске қосу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар жиында Көлік министрлігінің автожол құрылысы саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі тәсілдері қаралды. Жолдардың ағымдағы жағдайына және оларды жабынының сапасын одан әрі жақсартуға арналған құралдарға назар аударылады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
19.12.2025, 19:35 1491
Қазақстан ДСҰ алдындағы сауда рәсімдерін жеңілдету міндеттемелерін толық орындады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттің отырысында айтылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
2025 жылы Қазақстан сауда рәсімдерін жеңілдету бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, Дүниежүзілік сауда ұйымының Сауда рәсімдерін жеңілдету туралы келісімі аясында өзіне алған барлық халықаралық міндеттемелер толық көлемде орындалды. Бұл - ақпараттың жариялылығы мен оған қолжетімділікті қамтамасыз ету, тауарларды шығару мерзімін қысқарту, кедендік реттеуге халықаралық стандарттарды енгізу, "бір терезе" қағидатын қолдану, сондай-ақ транзит еркіндігін қамтамасыз ету секілді маңызды бағыттарды қамтиды.
Міндеттемелердің 100% орындалуына қарамастан, Қазақстан 2025 жылы да отандық сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін сауда және кедендік рәсімдерді одан әрі оңтайландыру және жеңілдету жұмысын жалғастырды. Бұл бағыттағы негізгі басымдық цифрландыруға берілді. Атап айтқанда, "Keden" кедендік ақпараттық жүйесі енгізіліп, оның функционалы кеңейтілді, транзиттік, пошта, жолаушылар және рұқсат беру рәсімдері толықтай автоматтандырылды. Сонымен қатар "CarGoRuqsat" электрондық кезек жүйесін дамыту жалғастырылып, бұл өткізу пункттерінің өткізу қабілетін арттыруға және шекарадағы күту уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Өткізу пункттері жаңғыртылып, теміржол транзитіне кедендік бақылау рәсімдері автоматтандырылды, сондай-ақ навигациялық пломбалар енгізілді.
Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың мүдделерін қамтитын шараларды жүйелі түрде жетілдіру Қазақстанның цифрлық және қағазсыз сауда үдерістеріне негізделген заманауи транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайта түсуде.
Отырыс барысында Астана қаласында сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі екінші ұлттық баяндаманың таныстырылымы сәтті өткені де айтылды. Аталған баяндамада Транскаспий халықаралық көлік бағытына (орта дәліз) ерекше назар аударылып, Қазақстанның цифрлық, инфрақұрылымдық және экологиялық шешімдерді сыртқы сауда жүйесіне интеграциялаудағы өзіндік моделінің қалыптасуы көрсетілді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 17:32 1806
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Үкімет 2025 жылға арналған су саласын дамыту жұмыстарын қорытындылады
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметтің 2025 жылға арналған жұмысын қорытындылау аясында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің саланы дамыту бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесуі өтті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Министр 2025 жылы Қазақстанда су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бойынша 145 жоба жүзеге асырылып жатқанын, 300-ге жуық нысан үшін жобалау-сметалық құжаттама және техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатқанын хабарлады.
Бүгінгі таңда Алматы облысындағы Қызылағаш су қоймасы мен Абай облысындағы Шар су қоймасын реконструкциялау, сонымен қатар Астана қаласының негізгі ауыз су көзі болып саналатын Астана су қоймасын ауқымды тазартудың бірінші кезеңі аяқталды.
Биыл Қапшағай су қоймасын реконструкциялау және Батыс Қазақстан облысында 58 жылда алғаш рет Киров су қоймасын күрделі реконструкциялау аяқталады. 2024 жылы Ақтөбе су қоймасының реконструкциясы аяқталып, сондай-ақ бес жыл бойы тоқтап тұрған Қызылорда су торабын жаңғырту жұмыстары қайта жалғасын тапты", - деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрлігі 469 мыңнан астам адам тұратын 224 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін 13 топтық су құбырын пайдалануға беруге дайындалуда, деді Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында.
Оның ішінде 32 мың тұрғыны бар 43 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылған. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында Есіл топтық су құбырын реконструкциялау жобасы аясында 52 ауылдағы ауызсу мәселесі жақсартылды. Бұл елді мекендерде 35 мыңнан астам адам тұрады. Жоба аясында 100 шақырымнан астам су құбыры желісінде жұмыстар жүргізілді. Ұлытау облысында жүзеге асырылып жатқан Есқұла су құбырын салу жобасы нәтижесінде 75 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі жақсаруда", - деді Нұржан Нұржігітов.
Өткен жылы 6 облыста 8 топтық су құбырын реконструкциялау және салу аяқталғаны, бұл 208 мың адам тұратын 49 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесін едәуір жақсартты.
Соңғы екі жылда Үкімет суару каналдарын механикалық тәсілмен тазарту жұмыстарын жандандырды.
Министр 2024 жылға дейін бұл жұмыстар төмен қарқынмен жүргізілсе (2023 жылы - 678 шақырым), ал соңғы екі жылда тазалау көлемі айтарлықтай өсіп, жылына орта есеппен 1,5 мың шақырымды құрағанын (2024 жылы - 1 147,6 шақырым, 2025 жылы - 2 011 шақырым), бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда жұмыс қарқынының бірнеше есе артқанын атап өтті.
Сонымен қатар 2025 жылы жөндеу және реконструкциядан өткен 700 шақырымнан астам ирригация желісін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Ислам даму банкінің несиесінің бірінші траншы есебінен 2026 жылы Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасының құрылысы басталады, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында екі су қоймасын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баспасөз мәслихатында оңтүстіктегі бес облыста жалпы ұзындығы 986 шақырымды құрайтын 103 каналға арналған 96 жобаны реконструкциялау және автоматтандыру жұмыстары басталатынын атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шу өзеніндегі Фурманов айналма каналында соңғы 40 жылда алғаш рет механикалық тазалау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
Министр аталған жұмыстар Түркістан облысының Созақ ауданын сумен қамтамасыз етуді жақсартуға, экологиялық су жіберу тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық жағдайын қалпына келтіруге бағытталғанын атап өтті.
Сонымен қатар Түркістан облысында "Қарақуыс" және "Бәйдібек-ата" су қоймаларының құрылысы жалғасып жатыр. Нысандарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қосымша шамамен 69 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді.
Қазсушар" компаниясы "Көксарай" қарсы реттегішіне жөндеу жұмыстарын аяқталды, бұл нысанның су жинақтау көлемін 2 млрд текше метрге дейін арттырады.
Соңғы екі жыл ішінде су шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 579 млрд теңгені құрады.
Спикер атап өткендей, қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі шетелдік серіктестермен 7 келісімге және 30-дан астам өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қол қойылған меморандумдардың ішінде қытайлық серіктестермен Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салу бойынша $20 млн ынтымақтастық ниетін, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегіші құрылысына қаржы бөлу туралы меморандумды ерекше атап өтуге болады. Аталған нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді, бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды", - деп толықтырды сөзін Нұржан Нұржігітов.
Су ресурстары және ирригация министрі 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суару үшін 11,1 км³ су пайдаланылды, оның 9,4 км³ "Қазсушар" РМК филиалдары арқылы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Ол ауыл шаруашылығы құрылымында бұл су көлемдері саланың жалпы ішкі өніміндегі үлесті 30%-ға дейін қамтамасыз еткенін атап өтті.
Су ресурстары және ирригация министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Жоспарға құқық қорғау және басқа мемлекеттік органдардың қатысуымен республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құру қарастырылған. Бұл шара су ұрлығы мен заңсыз су пайдалану мәселелеріне тиімді қарсы күрес жүргізуге бағытталған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов 2025 жылғы вегетация кезеңінде өткен жылмен салыстырғанда анықталған құқық бұзушылықтар саны 221-ден 526-ға дейін өсіп, салынған айыппұлдар саны 501-ден 801-ге жеткен, ал айыппұлдардың жалпы сомасы 41,2 млн теңгеден 146,7 млн теңгеге дейін артқанын мәлімдеді.
2023 жылға дейін су үнемдеу технологиялары енгізілген аудандардың көлемі жыл сайын орта есеппен 30 мың гектарды құрады. Соңғы екі жылда бұл көрсеткіш бірнеше есеге артып, орта есеппен 150 мың гектарға жетті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын егістік алқаптарының жалпы көлемі 543,5 мың гектарға өскенін, 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтілді.
Осы мақсаттарға жету үшін 2026-2028 жылдарға республикалық бюджетте 228 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған, бұл алдыңғы үш жылдық кезеңмен салыстырғанда төрт есе көп.
Жаңа Су кодексінде өнеркәсіптік кәсіпорындардың суды қайта пайдалану және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптары бекітілген. Бұл мақсатқа 7 жыл мерзім белгіленді, оның ішінде 2 жыл - өтпелі кезеңге, 5 жыл - жоспарларды жүзеге асыруға арналған.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында атап өткендей, бұл шешім 2030 жылға қарай суды қайта және айналымды пайдалану үлесін 13%-дан 28%-ға дейін, яғни екі еседен астамға арттыруға мүмкіндік береді.
Заңда белгіленген шараларды орындамағаны үшін жауапкершілік көзделген. Ондай жағдайда су пайдалану лимиттері 20%-ға дейін қысқартылуы мүмкін.
Су ресурстары және ирригация министрлігі "Қазсушар" РМК филиалдары үшін 757 арнайы техника мен автокөлік сатып алу жұмысын бастады. Бүгінге дейін жоспарланған 757 техниканың 576-сы алынды.
Сонымен қатар 2028 жылға дейінгі Жол картасы аясында Қ. Сәтпаев атындағы каналды жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары басталды. Жұмыстарға 17 трансформаторды сатып алу, сондай-ақ 19 сорғы агрегатын жаңғырту және жөндеу кіреді.
Су саласының тартымдылығын арттыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі жалақыны көтеруге бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Нәтижесінде, 2024 жылы "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті, ал биыл 1 шілдеден бастап тағы 35-50%-ға артты.
Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда "Қазсушар" РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы екі есе өсіп, 300 мың теңгені құрап отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, төменгі буын қызметкерлерінің орташа жалақысы 92 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін өскен.
Сонымен қатар еңбек жағдайларын жақсарту шаралары аясында, биылдан бастап "Қазсушар" РМК-нің 425 маусымдық қызметкері тұрақты қызмет орындарына ауыстырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 14:28 1996
"Таза көмір" және эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі: Олжас Бектенов "Жасыл экономика" жөніндегі кеңестің отырысын өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, Павлодар облысының және Алматы қаласының әкімдері, ірі энергетикалық кәсіпорындардың басшылары мен сарапшылар қоғамының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша "ең үздік қолжетімді техникаларға" көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар - Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр.
Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 стансасы" АҚ және "Алматы электр стансалары" АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.
Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің "таза көмір" технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз "Жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу - барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.
"Таза көмірдің" заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл - объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады", - деп атап өтті Премьер-министр.
Жиында Қазақстанның "KazWaste" қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина, "Жасыл Академия" ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, "Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева сынды қоғамдық ұйым өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Жиын қорытындысы бойынша Олжас Бектенов заманауи "таза көмір" технологияларына жедел көшуге қатысты шара қабылдауға тапсырма берді. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салу жобаларын жүзеге асыру кезінде тек қана таза технологиялар қолданылуы керек.
Энергетика министрлігіне энергетика секторын цифрландыру бөлігінде ЖИ-дің озық технологияларын, сондай-ақ салада қолдану үшін қолда бар отандық цифрлық шешімдерді зерделеу тапсырылды.
Бұдан басқа, қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың заманауи технологияларын енгізу арқылы барлық қалдықтарды кейіннен қайталама айналымға тарта отырып, барлық өнеркәсіптік қалдықтарды түгендеуді жүргізу тапсырылды.
*****
Қоршаған ортаға теріс әсерді азайту үшін Қазақстандағы ең ірі ТОП-50 компания "ең үздік қолжетімді технологияларды" енгізу негізінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу рәсімін бастады. Бүгінде тиісті жол карталары жүзеге асырылуда.
Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС, "Екібастұз ГРЭС-2 стансасы" АҚ және "Алматы электр стансалары" АҚ-лардың кәсіпорындары Энергетика министрлігі бекіткен газ тазарту жүйелерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды, электр сүзгілерін жаңартуды, азот тотығы, күкірт қалдықтары және шаң-тозаңды азайтуды, сондай-ақ орнықты дамуға және неғұрлым таза энергетикаға көшуге бағдарлауды растайтын анағұрлым экологиялық технологиялық шешімдерге көшуді көздейтін жол карталарын жүзеге асырады.
Павлодар облысындағы жалпы ластаушы заттар көлемінің 34%-ы Екібастұз ГРЭС-1 үлесінде. Бірқатар энергоблоктағы электростатикалық сүзгілер күрделі жөндеуден өтті, бұл шаң концентрациясын 400 мг/нм3-тен 350 мг/нм3-ке дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 2023-2025 жылдар аралығында санитариялық-қорғау аймағына 23 мыңға жуық көшет отырғызылып, 250 гектарға жуық күл үйіндісі сүріліп тасталды. Осы кезеңде қоршаған ортаны қорғау шараларына салынған инвестицияның жалпы көлемі шамамен 5 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ өңірдегі жалпы ластаушы заттар көлемінің 8,8%-ын Екібастұз ГРЭС-2 шығарады. Аспирация жүйелерін жаңғырту зиянды қалдықтары 2,57 мың тоннаға азайтты. Микроимпульстік технологияны қолдану шаң тозаңының қоюлығын сейілтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ күл үйінділеріндегі шаң-тозаңды басу, құрғақ күлді өңдеу, Солнечный кенті мен өнеркәсіп алаңының аумағында жасыл желектерді күтіп-баптау сияқты бірқатар кешенді шара жүзеге асырылуда. 2025-2027 жылдарға жоспарланған инвестиция көлемі 8,1 млрд теңгені құрайды.
Алматы қаласының өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығатын ластаушы заттардың 83%-ы "Алматы электр стансалары" АҚ үлесінде. АлЭС кең ауқымды экологиялық трансформацияны, яғни газға көшуді жүзеге асыруда. Бұл ЖЭО-2 шығаратын зиянды қалдықтар көлемін 93%-ға, ал ЖЭО-3 шығаратын ластаушы заттар көлемін 88%-ға азайтуға мүмкіндік береді. Бұл ретте шаң мен күкірт тотығының қалдықтары толығымен жойылады, азот тотықтары 680 мг/нм3-тен 35 мг/нм3-ке дейін төмендейді.
Зиянды заттар көлемін азайта отырып, жаңғырту және газға ауыстыру бойынша осындай жұмыс ЖЭО-3-те де жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде мұнда шаң, күкірт тотығы сияқты ластаушы заттар толығымен жойылады және азот тотығы азаяды. Соңғы екі жылда кәсіпорынның қоршаған ортаны қорғауға жұмсаған шығындары шамамен 3,2 млрд теңгені құрады.
Қоғамдық ұйымдардың өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.
Қазақстанның "KazWaste" қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина қауіпті қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін көтерді.
Жасыл Академия" ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина кәсіпорындардың декарбонизациядағы қызметі үшін қосымша критерилерге бастамашы болды. Сондай-ақ, ол ластаушы заттарды азайтуға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге климаттық қаржыландыруды тарту үшін халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева кәсіпорындарды парниктік әсерге қарсы күрес, ESG-қағидаттарын енгізу және көміртегі ізін азайту жөніндегі жұмысты жандандыруға шақырды. Алматы қаласындағы экологиялық стандарттардың деңгейін еуропалық көрсеткіштермен салыстыруға болатыны атап өтілді, бұл азаматтардың араласуы жоғары деңгейде екенімен және корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің жақсы дамығанымен байланысты. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына" тобына кіретін жекелеген жылу энергетикалық нысандардағы жұмысты күшейту және технологиялық шешімдерді енгізуді егжей-тегжейлі пысықтау қажеттігі айтылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 12:05 471
Шығарындылар 7,2%-ға төмендеді, қоқыс алаңдарының 91%-ы жойылды: Ерлан Нысанбаев елдегі экологиялық жағдай туралы
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Үкіметтің қорытынды баспасөз конференциялары аясында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ведомствоның экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды басқару және биоәртүрлілікті сақтау жөніндегі жұмысының нәтижелері туралы баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ірі кәсіпорындардың нормативтік шығарындыларының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 148 мың тоннаға немесе 7,2%-ға төмендеді. Бұл ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу арқылы қамтамасыз етілуде
Жағдайды бақылау үшін автоматтандырылған мониторинг жүйелері енгізілуде.Бүгінде кәсіпорындарда орнатылған 78 жүйенің 74-і ауа ластануы туралы деректерді нақты уақыт режимінде беріп отыр.
Министрдің айтуынша, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдық түзіледі. Қалдықтарды қайта өңдеу деңгейі 2024 жылы 25,8%-ды құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 28,6%-ға дейін өсті.
Қалдықтарды басқару саласында 63 жоба мақұлданып, олардың 22-сі 89,4 млрд теңге сомасына қаржыландырылды. 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз", - деді Ерлан Нысанбаев.
Бұдан бөлек, Астана, Алматы және Шымкентте үш қоқыс өртейтін зауыт салу жоспарлануда. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 293 млрд теңгені құрайды. Сонымен қатар рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтау және жою бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 827 қоқыс орны анықталып, олардың 3 464-і немесе 91%-ы жойылды. 2018 жылмен салыстырғанда заңсыз қоқыс орындарының саны 45%-ға азайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 10:12 2281
Үкімет өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлемек
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша болжам және 2026 жылы экономикалық өсуді қолдаудың тәсілдері қаралды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Өңдеу өнеркәсібінде 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 105,9%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 6% деңгейінде болуы мүмкін.
2025 жылғы қорытынды бойынша негізгі өңдеу салалары динамикасы болжамы:
- металлургия (өңдеу құрылымында 40%) - өсу 1,1%,
- машина жасау (17,5%) - өсу 12%,
- тамақ өнеркәсібі (13,1%) - өсу 9%,
- құрылыс материалын өндіру (5,6%) - өсу 6%,
- химия өнеркәсібі (5,4%) - өсу 6%,
- жеңіл өнеркәсіп (0,7%) - өсу 5%.
Штаб отырысында негізгі экономикалық өсу драйверінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту болжамына ерекше назар аударылды. Түсті және қара металлургияны дамыту перспективасы, "Бәйтерек" холдингі желісі бойынша қаржыландырылатын жобаларды іске асыру, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі және сала өсімінің тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторлар қаралды.
Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігін ескере отырып, вице-премьер экономикалық өсу үшін аса маңызды, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалын өндіруді қолдау шараларына назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.
Сауда-саттықта НКИ 11 айда 8,8% өскен кезде жыл қорытындысы бойынша 8,9% болуы мүмкін. Сауданың өсуіне жинақталған үлестің шамамен 72%-ын бес аймақ қамтамасыз етеді:
Алматы - 24,6 трлн теңге (автомобильдер, машиналар мен жабдықтар саудасы, фармацевтикалық өнімдер, шоколад);
Астана - 10,9 трлн теңге (табиғи газ, дизель отыны, авиациялық бензин мен керосин, ет және сүт өнімдерін сату);
Атырау облысы - 6,7 трлн теңге (мұнай өнімдері, машиналар мен жабдықтар);
Қарағанды облысы - 4,5 трлн теңге (фармацевтикалық тауарлар, машиналар мен жабдықтар, косметикалық өнімдер);
Шымкент - 3,6 трлн теңге (фармацевтикалық өнім, ЖЖМ, АӨК өнімі).
760 мыңға жуық бизнес субъектісі бар бөлшек сауда құрылымында жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгеге жетті. Жедел деректер бойынша, 11 айдағы онлайн сату көлемі 3,3 трлн теңге. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,4%-ға артық.
Ауыл шаруашылығы барлық бағыт бойынша тұрақты өсуді көрсетеді. 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 106,1%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 5% деңгейінде. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 3%-ға артық.
Орташа республикалық деңгейден жоғары өсу Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%), Атырау облыстарында (107,4%) тіркелді.
Дәстүрлі дақылдардың тұрақты жоғары өнімділігі аясында биыл жоғары маржиналды майлы және бұршақ дақылы айтарлықтай өсуге әсер етті. Бұршақ дақылынан 1,1 млн-нан асатын рекордтық өнім алынды. Алғаш рет майлы дақыл өндірісі көлемі 4,7 млн тоннаға жетті. Мақта жинау - 428 мың тонна. Оның өнімділігі 29,6 ц/га. Бұл - соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
18.12.2025, 16:16 281
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды
Достарға айту
ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геология саласын жүйелі түрде жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келеді. Негізгі басымдық жер қойнауын пайдалану үдерістерін цифрландыруға сүйене отырып, жаңа технологиялық құрылымға көшуге берілген. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз конференциясында вице-министр Иран Шархан мәлімдеді.
Ол Президенттің тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан саланы жүйелі жаңғыртудың нәтижесінде бүгінде пайдалы қазбалардың 103 түрі мен 10 мыңға жуық кен орны мемлекеттік есепке алынғанын атап өтті.
Елімізде барлығы 2 907 лицензия және 251 қатты пайдалы қазбалар келісімшарты бар. Біз жер қойнауын тиімді игеру үшін геологиялық саланы жаңа технологиялық деңгейге көшіру бойынша жұмысты жалғастырамыз", - деп атап өтті вице-министр.
Жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының қорытындысы бойынша Қазақстанда қорлардың өсімі шамамен 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс және 1,3 млн тоннадан астам фосфоритті құрады.
Алғаш рет мемлекеттік есепке 5 жаңа кен орны қойылды: Көк-Жон, Алтын-Шоко, Самомбет, Студенческий және Тақыр-Қалжыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз аумақтың геологиялық-геофизикалық зерттелуін кеңейтеміз. Бүгінгі таңда 2 млн шаршы шақырымнан астам зерттелді, ал 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,2 млн шаршы шақырымға жетеді. Қарағанды облысында сирек жер металдары бар перспективалы учаске анықталды", - деді ол.
Үкімет 1:50 000 масштабта егжей-тегжейлі геологиялық зерттеуге көшу үшін жобалық құжаттаманы әзірлеуге резервтен 240 млн теңге бөлді. Жаңа тәсіл перспективалы учаскелерді ерте анықтауға мүмкіндік береді. 2026-2028 жылдары аумақтың 100 мың шаршы шақырымын егжей-тегжейлі зерделеу жоспарлануда.
Жұмыстар Ұлттық геологиялық қызмет пен жетекші институттардың қатысуымен аэрогеофизикалық технологияларды қолдана отырып консорциум аясында орындалатын болады. Бұл Президент қойған міндеттерге сәйкес геологиялық барлаудың тиімділігін арттырады", - деп түсіндірді Иран Шархан.
Сондай-ақ вице-министр "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының жер қойнауын пайдалану саласындағы реформаларды жүзеге асырудағы рөлі туралы айтты. Бүгінгі таңда Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын қоса алғанда, 5 пилоттық жоба жүзеге асырылуда. 2028 жылға қарай қорларды JORC халықаралық стандартына сай есепке қою жоспарлануда.
Учаскелерді игеруге "Тау-Кен Самұрыққа" басым құқық беруді бекіту жер қойнауын ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етеді және саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады", - деп атап өтті Иран Шархан.
Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде: Сенатта жер қойнауы туралы кодекске цифрлық жер қойнауын пайдалануды және электрондық аукциондарды енгізуді көздейтін түзетулер қаралуда.
Жаңа инфрақұрылым мен заңнамалық база бірыңғай ғылыми-техникалық платформаны қалыптастыруға, аналитиканың сапасын арттыруға және геология саласының ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп атап өтті вице-министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
18.12.2025, 13:29 591
Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық тәртіп мәселесі бойынша кеңес өткізді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша қойған міндеттері шеңберінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Онда Денсаулық сақтау министрлігінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жетілдіруге және цифрлық трансформациясына қатысты тәсілдері қаралды. Халыққа МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған, оның 12 млн-ға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6 жыл ішінде 6,8 трлн теңгеден асқанын баяндады, оның 2 трлн теңгесі - азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін берілген мемлекеттік жарналар. Тек биылдың өзінде ғана осы мақсаттарға 1,4 трлн теңге аударылған.
Жиынға қатысушылар міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілетініне байланысты цифрлық тетіктерді енгізу арқылы қадағалауды күшейте түсу және жүйенің ашықтығы мәселелерін талқылады. Келер жылдан бастап халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту айтарлықтай кеңеймек. Тиісті заңнамалық өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді.
Бүгінде Қазақстанда медициналық көмектің 92%-ы автоматты түрде жүзеге асырылады. 2026 жылдың соңына дейін оны 100%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік береді.
Одан бөлек сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу сияқты басқа да негізгі бизнес-процестер цифрландырылды. Қордың ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері және eGov жүйелерімен интеграциялау жеңілдікке ие санаттар бойынша деректердің автоматты түрде жаңартылуын қамтамасыз етті және медициналық сақтандыру жүйесі жарналарын есепке алудың дәлдігін арттырды.
Биыл халықтың медициналық қызметтер көлеміне нақты қажеттілігін есептеуді ескере отырып, жоспарлау қағидаларын, әдістері мен тәсілдерін бекіту маңызды қадам болды. Келесі жылы жоспарлаудың барлық процесін цифрландыру аяқталады, бұл есептеулерді тек бұрынғы деректер негізінде ғана емес, сонымен қатар көрсетілген медициналық көмектің нақты көлемін және болжамдарды ескере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бері медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жасау және ақы төлеу бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Жаңа модуль төлем құжаттарының санын 9-дан 3-ке дейін қысқартты және 1С бухгалтериямен үздіксіз интеграцияны қамтамасыз етті. Сонымен бірге жүйенің "әлсіз тұстары" да анықталды. Ықтимал тәуекелдер Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, олар цифрлық құралдарды енгізу арқылы жойылады.
Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесі енгізілуде, бұл бүгінде медициналық мекемелер тарапынан тіркеулер санын 7%-ға төмендетуге және бюджет қаражатының шамамен 10,5 млрд теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.
Келесі жылы медициналық қызметтерді бөлу үшін рейтингтік бағаны есептеу индикаторларын толық цифрландыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде медициналық көмектің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете алған жеткізушілер қаржыландыру мүмкіндігіне ие болмақ. 2026 жылы медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жөніндегі жұмыстың аяқталуы көрсетілетін медициналық көмекті жоспарлау мен сапасын жақсартуға әсер етеді.
Халыққа арналған дәрі-дәрмектерді жоспарлау мен беру тиімділігі мәселелеріне бөлек назар аударылды. Клиникалық хаттамаларды цифрландыру және бірлесіп төлеу тетіктерін енгізу бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар жүргізілуде, бұл ем алушыларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Біздің бағыт - көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын үнемі жақсарта отырып, қолжетімділігін арттыру. Цифрландырудың алғашқы нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Озық технологияларды қарқынды енгізуді жалғастыру қажет. Процестерді автоматтандыру медициналық персоналды бюрократиялық рәсімдерден босатып қана қоймай, емдеу мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол кезде азаматтар да, дәрігерлер де, мемлекет те реформалардың нәтижелерін айқын көретін болады", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне процестерді цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Қаржы министрлігі денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейту жөнінде шаралар қабылдайды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 12:41 98236
Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Достарға айту
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметінен.
- Құрметті отандастар! Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Бұл мерекенің еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Осы күні халқымыз Қазақстанды егемен ел ретінде дамыту жолында ерікті әрі түпкілікті таңдау жасады.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Біз бабалар рухына тағзым етіп, өскелең ұрпақ алдындағы тарихи жауапкершілікті сезіне отырып, осы ұстанымға адал боламыз.
Азаматтарымыздың ырысты ынтымағының, өзара қолдауының және жасампаз еңбегінің, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің арқасында Қазақстан Тәуелсіздікті нығайту ісінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазір бүкіл әлем жылдам өзгеріп жатыр. Түрлі сынақтармен қатар, тың мүмкіндіктерге толы жаңа тарихи дәуір басталды.
Мұндай жағдайда біз жас және озық ойлы ұлт ретінде болашаққа зор үмітпен және нық сеніммен қарап, берекелі бірлігімізді сақтауымыз керек. Еліміздің жаһандық деңгейдегі беделі мен бәсекеге қабілетін арттырып, Қазақстанды көркейген мемлекет ретінде дамыту үшін аянбай еңбек етуіміз қажет.
Қазір жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалардың нәтижесінде зор табысқа жетеміз деп сенемін. Жан-жақты жаңғыруға бағытталған стратегиялық бағдарымыздан ауытқымай, Әділетті, Күшті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құрамыз.
Баршаңызға мол бақыт, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!
Қастерлі Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын, - делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.12.2025, 20:37Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты 15.12.2025, 22:01 164636Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 164336Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 164086Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды17.12.2025, 11:28 128456Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
10.12.2025, 17:08 183581Президент Су және денсаулық сақтау туралы хаттаманы ратификациялауды мақұлдады15.12.2025, 20:37 165941Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты15.12.2025, 22:01 164636Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 164336Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 164086Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

