Система Orphus

СІМ: Еуропарламенттің ҚР-дағы жағдай жөніндегі қарары біржақты сипатқа ие

21.01.2022, 17:47 45436
СІМ: Еуропарламенттің ҚР-дағы жағдай жөніндегі қарары біржақты сипатқа ие
НҰР-СҰЛТАН. 21 ҚАҢТАР - Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық парламент қабылдаған қарарға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Еуропалық Парламенттің еліміздегі жағдайға қатысты қабылдаған қарары біржақты сипатқа ие екенін және объективті емес тұжырымдарға негізделгенін мәлімдейді. Елімізде орын алған қаңтардағы қайғылы оқиғаларға объективті бағалаудың болмауы алаңдаушылық туғызады. Қазақстан Республикасының басшылығы тапсырған ресми тергеп-тексеру нәтижелері жарияланғанға дейін мұндай құжаттарды қабылдау қисынсыз деп санаймыз. Оның нәтижелері халықаралық қоғамдастыққа ұсынылатынын тағы да растаймыз", - деп мәлімдеді ҚР СІМ.

 
Ведомствода қарар жобасын әзірлеу кезінде Еуропалық Парламент депутаттары мен оның құрамындағы саяси топтар Қазақстанның ресми тұлғаларынан нақтылама ақпараттар мен түсіндірулер сұрамағанын атап өтті. ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі және мемлекеттік органдармен тікелей диалог жүргізетін азаматтық қоғам институттары да аталған құжат авторларының оларға жүгінбегенін хабарлайды.
 

Бірқатар шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының құқық қорғау органдарының террористік, экстремистік және қылмыстық топтарға қарсы заңды әрекеттерін сипаттайтын жарияланымдарында айтарлықтай қайшылықтар мен дәлсіздіктер бар екені туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрын айтылған ұстанымы еленбеді", - делінген мәлімдемеде.

 
СІМ атап өткендей, Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде, гуманитарлық құқық саласындағы көпжақты келісімдердің қатысушысы бола отырып, заңның үстемдігіне және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы өз міндеттемелеріне толықтай бейілді. Еліміз сондай-ақ халықаралық терроризмге қарсы күресті қоса алғанда, жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне қомақты үлес қосып келеді.
 

Қазақстан Республикасы Еуропалық одақтың барлық институттарымен өзара түсіністік және құрмет қағидаттары негізінде өзара сындарлы іс-қимыл жасауға мүдделі. Еуропалық Парламенттің аталған қарарын асығыс қабылдауы демократиялық институттарды нығайту және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған ҚР Президентінің реформаларын қабылдау және жүзеге асыру үдерісіне кері әсер етеді және зиян келтіреді", - деп қорытындылады ҚР СІМ.

 
Естеріңізге сала кетейік, Еуропалық Парламент депутаттары бейсенбі күні пленарлық сессия барысында көпшілік дауыспен Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жағдайы бойынша қарар қабылдады, онда олар халықаралық тергеуді бастауға, сондай-ақ адам құқықтары саласындағы елеулі бұзушылықтар үшін ЕО режимі шеңберінде қазақстандық шенеуніктерге қатысты санкциялар енгізуге шақырады, деп хабарлайды РИА Новости.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны