Бүгін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жаңа Ата заңның жобасын таныстырды. Бұған дейін комиссия мүшелері Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен елдің саяси дамуына қатысты біршама ой айтқанын білеміз. Kazinform тілшісі ұсыныстардың ұзын-ырғасын қысқаша шолып, басты құқықтық құжаттың қалай жазылатынына үңілді, деп хабарлайды
Kazinform агенттігі.
Конституция мәтінінің 84%-ы өзгереді
Президент өткен жылғы Жолдауында Конституцияны реформалауға байланысты ұсыныс жасаған болатын. Халық арасында Ата заңның заман талабынан қалыс тұсы айтылғанымен, басты пәрмен Жолдаудан кейін басталды.
Қазан айынан бері Ата заңға қатысты азаматтардың ұсыныс-пікірін жинақтау үшін e-Otinish және eGov порталдарында "Парламенттік реформа" деген арнайы бөлім ашылды, 7 партия мен жетекші саяси институттар тақырыпқа қатысты ойын жеткізді. Нәтижесінде Парламентаризм институты 2 мыңға жуық ұсынысты жүйелеумен айналысқан. Енді, міне, бірнеше аптадан бері ұсыныстар талқыланып жатыр. 21 қаңтарда құрылған Конституциялық реформа жөніндегі комиссия үздіксіз жұмыс істеді.
Ата заңға енгізілетін түзетулердің жиынтық жобасында Преамбула, 11 бөлім мен 95 бап бар. "Халық кеңесі" және "Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу" атты екі жаңа бөлім енгізілген. Тағы 4 бөлімнің атауы өзгерді. Өзгерістер мен толықтырулар Ата заңның барлық бөлімдерін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Бұл Конституция мәтінінің 84%-ы өзгергенін білдіреді.
Құрылтай мен Халық кеңесі қалай құрылады?
Конституциядағы өзгерістердің алғашқы легі мемлекеттік құрылымды реформалаудан басталмақ. Оның ішінде вице-президент лауазымы мен бір палаталы парламенттің сипаты нақтыланады.
Мысалы, Сенат пен Мәжілістің орнына Құрылтай құрылады. Жұмыс тобы мүшелері Құрылтайдағы депутат саны 145 депутат болу керек деген ұйғарымға келген. Оның үстіне депутаттарды сайлауда толығымен пропорционалды жүйе қолданылады және жаңа Парламентте депутаттар 5 жыл мерзімге партиялық тізім бойынша өтуі мүмкін.
Құрылтайға депутат болуды қалайтын азаматтарға қойылатын талаптар жөнінде пікірталас болды. Соңында бұрын Мәжіліс депутаттығына үміткерге қойылған талап Құрылтайда қолданылады деп шешілген. Яғни, 25 жастан асқан болуы әрі соңғы 10 жылда елде тұрақты тұрған кез келген азамат мандат ала алады деген сөз. Бастысы, Президент квотасы енгізілмейді, яғни арнайы тағайындалған "таңдаулы тұлғалар" болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған партиялық квота сақталады.
Құрылтайда заң жобаларын үш оқылымда қарастыру форматы енгізіледі. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны анықталса, үшінші оқылым заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, қазіргі Конституцияға сәйкес, Конституциялық соттың, Жоғары аудиторлық палатаның және Орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзыреті Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы ықтимал.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі елеулі жаңалықтың бірі - Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы. Жаңа орган заң шығару бастамасы құқығына ие болатын жоғары консультативтік құрылым ретінде Конституцияда бекітілмек. Комиссия отырысында Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев Конституцияда Кеңеске жеке бөлім арналатынын айтты.
- Құрамы Қазақстан Республикасы азаматтары қатарынан Мемлекет басшысы тарапынан қалыптастырылатынын қамту керек. Халық Кеңесінің құрылу, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттіктері мен қызметін ұйымдастыру мәселелері бөлек конституциялық заңмен айқындалатын болады. Халық Кеңесінің жоғарғы органы жылына кемінде бір рет шақырылатын Сессия болады. Осылайша, Халық Кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясы және Ұлттық құрылтай тәрізді тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды, - деді Ержан Жиенбаев.
Вице-президент
Конституциялық комиссияның отырысында елдегі екінші адам - вице-президенттің болашақ функциялары талқыланды. Алдағы уақытта Ата заңда вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілетін реттейтін жеке бап болады.
Белгілісі, вице-президентті Құрылтайдың келісімімен президент тағайындайды. Аталған лауызымға келетін азаматтың саяси партияға мүше болуына, депутат атануына, жоғары қызмет атқаруына, тіпті кәсіппен айналысуына жол жоқ. Ал лауазымнан босату туралы шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды деген жоспар бар.
Ұсыныстардың жай-жапсарын аңдасақ, вице-президент халықаралық аренада, елдегі басқару құрылымдарында мемлекет басшысының атынан сөз сөйлеуге құқы бар. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, елді басқару уақытша вице-президентке жүктеледі.
Сәл шегініс жасап, Конституциядағы Президенттің мемлекеттік орган басшыларын тағайындау құзыретіне қатысты өзгерісті айта кетейік. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев Президент кімдерді дербес тағайындай алатынын тізіп шықты.
- Президентке қызметі ұлттық қауіпсіздікті, қаржылық тұрақтылықты және құқық үстемдігін қамтамасыз етуге тікелей қатысы бар мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жеке-дара тағайындау ұсынылады. Бұл Бас прокурор, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Ұлттық банк, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Орталық сайлау комиссиясы, Жоғарғы аудиторлық палата, Жоғарғы сот кеңесі төрағалары, Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымдарына қатысты, - деді Ерлан Сәрсембаев.
Негізгі құжаттағы "Президент" бөлімінің ережелері қайта қаралды. Нақтырақ, президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселесі өзгереді. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа норма енгізіледі.
- Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсуге құқығы нақты жазылып отыр. Ондай рәсімдер Конституциялық Сот арқылы жүретін болады. Ары қарай Президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіппен Конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға - Вице-Президентке, Құрылтай төрағасына немесе Премьер-министрге өту рәсімдері басталады...
Республика Президенті лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап жеті күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізу туралы жариялайды. Ол сайлау екі ай ішінде өткізіледі, деген нормалар ұсынылып отыр, - деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов.
Жеке деректі қорғау һәм "Миранда ережесі"
Елдің негізгі тірегі саналатын маңызды құжатты қайта жазуға саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар бірлесе жұмыс істеді. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері батыл ұсыныстар айтып, қоғам талап еткен қадамдарды саралауға тырысқан. Басымдық құқық саласына беріліп отыр. Бастыларына тоқталайық.
Ата заңда Конституциялық соттың мәртебесі бекиді. 71-бапта "Конституциялық сот ол конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағындағы Конституция үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган" деп жазылуы мүмкін.
Аты өзгерген "Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері" бөлімінде түзетулер жетерлік. Енді адвокатураның мәртебесі Конституцияда жеке бапта нақтыланады. Бұл ұсынысты Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Мәди Мырзағараев айтты. Оған қоса кінәсіздік презумпциясы және өзін кінәлауға тыйым нормаларын бекітуді көтергендер бар.
Айта кетейік, Ата заңда адамның жеке басына тиіспеу, "Миранда ережесі" секілді ұғымдар болады. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың мәліметінше, Конституцияның 7-бөліміндегі сот төрелігінің қағидаты ретінде қарастырылған кейбір ереже осы бөлімге адам құқықтарын қорғау кепілдігі ретінде ауыстырылып, дербес бапқа біріктірілмек.
- Озық конституциялық тәжірибеге сүйене отырып, жеке тұлға міндеттерінің өзегін нақтылайды. Өмір сүру құқық абсолюттілігі, адамға бағдарлану, оның жеке басына тиіспеу, "Миранда ережесі" бекітілді. Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілді. Құқықтық айқындық қағидаты заңнама жүйесіне арқау болып қала бермек, - деді Бақыт Нұрмұханов.
Деректерді қорғау құжат мәтінімен шегеленеді. Тақырыптың екі бағыты ретінде жеке дерек пен кәсіби құпияға жататын деректер мәселелері көтерілген.
Отырыста Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов жеке деректерді қорғауға арналған бапты қолдады. Оның сөзінше, жеке дерек құқық пен бостандықты білдіреді. Сондықтан Конституцияда жеке дерек ұғымы бекітіліп, мемлекет тарапынан кепілдендірілуі тиіс. Мұнда жеке деректердің заңсыз жиналу, өңдеу, сақтау және пайдалану мәселесі сөз болып отыр. Бұл, соның ішінде, цифрлық технологияларды қолдану арқылы өңделетін деректерді де қамтиды.
Депутат кәсіби құпияларға баса назар аударды. Яғни, қызмет бабы бойынша және еңбек қатынастарына байланысты қолжетімділігі шектеулі деректер туралы мәлімет алған тұлғалар ол ақпараттардың құпиялығын қамтамасыз етуге міндетті екені Ата заңмен бекітілуі керек.
- Бірқатар мамандық өкіліне сеніп тапсырылатын жеке отбасы деректерін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін "кәсіби құпия" деп бекіту қажет. Оларға дәрігер құпиясы, адвокат құпиясы, мойындау құпиясы, алдын ала тергеу құпиясы, нотариалдық әрекеттер құпиясы сияқты деректер жатады, - деп тарқатты Марат Бәшімов.
Конституциялық реформа аясында азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқын қорғау мәселесі де қарастырылды. Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым заңбұзушылықтың едәуір бөлігі интернет пен цифрлық ортаға ауысты деген ойда. Бұл жағдай жаңа құқықтық тәсілдерді талап етуде.
- Қазір қылмыстың басым бөлігі цифрлық кеңістікке көшіп барады. Интернетте қылмыс жасау үшін күш қолданудың қажеті жоқ, тек тетігін білсең жеткілікті. Адамның цифрлық құқықтары оның физикалық құқықтарымен бірдей қорғалуы керек деген ұстаным ұсынылды, - деді Айдос Сарым.
Жалпы Конституциялық кепілдік тек қағаз жүзінде қалып қоймауы тиіс - ол цифрлық кеңістікте де толыққанды жұмыс істеуі шарт. Сондықтан комиссия мүшелері интернет-алаяқтыққа қарсы конституциялық кепілдік қажет деген тұжырымда.
Цензура тыйымы
Ескеретін жайт, жаңа редакцияда еркіндік ұғымы ерекше айтылды - шығармашылық еркіндік, сөз бостандығы, бейбіт жиын. Мұның барлығы болашақ құжатта бар.
Мысалы, Мәжіліс депутаты Никита Шаталов сөз бостандығы мен бейбіт жиналыс өткізу құқы сақталады деп пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияның 18 және 32-баптарына енгізілетін редакциялық нақтылау тек формальді сипатқа ие және азаматтардың негізгі құқықтарына әсер етпейді.
- Бұл баптардағы шектеулер бұрыннан бар еді, қазір тек оларды нақтылап отырмыз. Жаңа тыйымдар енгізілмейді, тек қоғам үшін маңызды нормаларды түсінікті етіп, қате түсіндірілуіне жол бермеу мақсатында түзетіліп жатыр, - деді Никита Шаталов.
Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлованың пайымдауынша, Конституцияда сөз бостандығына кепілдік беріліп, цензураға тікелей тыйым салынатын күн жақын. Бұл нормалар азаматтық институттар мен мемлекет арасындағы сенімнің негізін қалыптастырады деген үміт басым.
- Қоғамдағы алаңдаушылықтың бір бөлігі қолданыстағы Конституцияның 12-бабымен байланысты екенін түсінемін. Онда бір адамның құқы мен бостандығы өзге адамның құқы мен бостандығы басталатын жерде шектелетіні айтылған. Алайда мұндай шектеулер қазірдің өзінде бар екенін және олардың Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне, соның ішінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясына толық сәйкес келетінін атап өткен жөн, - деп түсіндірді Қарлығаш Жаманқұлова.
Алғаш рет Конституцияда "зияткерлік меншік", "шығармашылық еркіндік құқы" ұғымдары пайда болады. Әсіресе, Конституцияның 20-бабында шығармашылық еркіндік құқы жаңаша сипатқа ие болып, оның жекелеген түрлері көрсетілмек. Ұсыныс иесі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтің сөзінше, аталған бап шығармашылық еркіндік пен қоғамдық жауапкершіліктің арасындағы тепе-теңдікті сақтайды.
- Осы түзетулер шығармашылық еркіндігін тиімді құруға ықпал етіп, заң деңгейінде құқықтық қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймын. Сонымен қатар, аталған бапта құқықтарды пайдаланудың шектері де айқындалып отыр, яғни ақпарат тарату бостандығы басқа азаматтардың құқықтарын, қоғамдық тәртіпті және қоғамның рухани адамгершілік құндылықтарын бұзбауы тиіс екені көрсетіледі, - деді Мереке Құлкенов.
Айта кетейік, қоғамдық институттарға еркіндік берілгенімен, бақылау да күшейе түсетін болды. Конституциясының жаңа редакциясында саяси партиялар мен кәсіподақтарды шетелден қаржыландыруға тыйым салынады.
Қоғам мен отбасының рөлі қандай?
Мінберде сөйлеген спикерлер арасында елдегі діни ахуалды көтергендер аз болмады. "Қазақстан заңгерлер одағының" төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің барлық діни бірлестіктерге қатысты ұстанымы бейтарап болуы керек десе, "Қазақ газеттері" ЖШС бас директоры Диқан Қамзабекұлы білім беру жүйесін діни фанатизмнен қорғайтын норма енгізуді ұсынды.
- Ата-анасын тыңдамайтын ұрпақ, ұлт дәстүрін тәрк еткен діндарсымақтар пайда болды. Ең қауіптісі, олар ұрпағын да жат бағытта тәрбиелеуге көшті. Фанатизм мен көрсоқырлық білім жүйесіне ене бастады.
Білім жүйесі - жаңашылдық пен даму, ғылым мен технология, инновация алаңы. Бұл - өсу мен өріс, шығармашылық пен мәдениет ортасы. Дана Абай мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының арманы осы. Ендеше, білім жүйесіндегі зайырлылық пен мәдениеттің Ата заңда нақты жазылуы зиялылық дәстүрдің талабы деп білеміз, - деді Дихан Қамзабекұлы.
Келешек" жастар кеңесінің басшысы Гүлзира Атабаева білім берудің зайырлы сипатын бекітетін түзетулерді қолдады.
- Білім берудің зайырлы сипатын нақты түрде бекіту жөніндегі ұсыныс жастар үшін аса маңызды әрі уақтылы қадам. Бұл - абстрактілі мәселе емес, нақты практикалық іс. Мектеп тең мүмкіндіктер кеңістігі, дәстүрлерге құрмет сақталатын, алайда қандай да бір көзқарасты таңу немесе радикалды ықпалдарға жол берілмейтін орта болуы тиіс. Конституцияда тікелей норманың бекітілуі тәрбие мен білім беру жүйесі үшін айқын бағдар болады, - деді ол.
Конституцияны жаңарту кезінде отбасы тақырыбын талқылау - ел болашағын бағдарлаумен пара-пар. Осы тұрғыда комиссия мүшелері отбасы институтына қатысты ойларын ортаға салды. Мәселен, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституцияда ер мен әйел арасындағы некені бекітуді ұсынды. Оның тұжырымына сүйенсек, Ата заң жай құқықтық нормалар жиынтығы емес, халықтың келешегін шешетін құжат болуы тиіс.
- Ата заңымызда отбасы мен неке сияқты қастерлі ұғымдарды күшейтуіміз керек деп санаймын. Оған жауапты ер мен әйелдің рөлін, олардың жауапкершілігін, ара-қатынасын нақты шегелейтін уақыт келді, - деді Елнұр Бейсенбаев.
Бас құжатта отбасы құндылығы барынша талданған. Конституция жобасында отбасы, неке, ата-ана мен баланы қорғау мәселелері бұрынғыдай мемлекеттің ерекше қамқорлығында қалады. 27-бапта неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында болатыны бекітілген. Ал балаларды тәрбиелеу ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті ретінде жазылады.
Мәтіндік қате мен аударма осалдығы
Орайы келгенде Конституциядағы мағыналық қателерді айта кеткен жөн. Заңгерлер 84 пайыз жаңарған мәтіннің терминологиялық алшақтық ада болғанын қалайды. Себебі бұған дейін қолданыстағы құжатта кей заң терминдері қате қолданылып келген.
М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ университетінің басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, конституциялық мәтіннің тілдік нұсқаларына бірізділік керек.
- Қазіргі Конституцияда "заңды" сөзі 16 рет, "құқылы" сөзі − 5 рет, "құқығы бар" − 27 рет, "құқығы жоқ" − 5 рет, "хақысы жоқ" − 3 рет қолданылған. Бірақ бір ғана сөз бір ғана мағыналық жүк арқалап тұрған жоқ. "құқылы" термині бірде "в праве" орнына, ал бірде "имеет право" орнына қолданылады. Ал "қызмет" сөзі "должность" мағынасында 31 жерде, "деятельность" мағынасында − 37 жерде, "функция" мағынасында − 3 жерде, "служба" мағынасында − 6 жерде қолданылған, - деп тарқатты Т. Нәрікбаев.
Комиссия мүшесі айтқан тағы бір мысал − Үкімет мүшелерінің жауапкершілігіне қатысты "персонально отвечает" сөз тіркесі. Аталған сөз Ата заңның қазақша нұсқасында бір жерде - "дербес жауап береді" деп, бір бапта − "жеке-дара жауап береді" деп аударылған.
- Аудармаға байланысты, "общественная нравственность" ұғымы қазақша нұсқасында "қоғамдық имандылық" деп жазылған. Оны "қоғамдық әдеп" деп ауыстыруды ұсынамыз. Бұл түзету мемлекетіміздің зайырлы сипатын нақтылай түседі, - деп толықтырды заңгер.
30 жылда Ата Заң 6 рет өзгерді
Ширек ғасырдан астам уақытта елдің басты құқықтық құжаты 6 рет түзетілді: 55 бапқа 1100-ден астам толықтыру енгізілген. Ендігі өзгеріс алдыңғыларына қарағанда ауқымды. Жаңа редакция референдумда қолдау тапса, 77 бап қайта жазылмақ.
Ескеретін жайт, жаңа Конституцияның оныншы бөлімінде Ата заңға өзгеріс енгізу жолы нақтыланды. Яғни, енді Конституцияға түзетулер енгізу Президенттің шешімі бойынша тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы мүмкін. Парламент арқылы түзетулер енгізу мүмкіндігі алынып тасталды.
Өзгеріссіз қалатын тұсын қоса кетейік. Оның ішінде депутаттарға қойылатын талаптар, сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу туралы нормалар, Президент туыстарының мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап сол күйі қайта қосылады. Ең бастысы, мемлекеттің біртұтастығы және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма еш өзгеріссіз қалмақ.