26.04.2022, 18:02 13991

Тоқаев AMANAT партиясынан шығу туралы: Президент саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет

Тоқаев AMANAT партиясынан шығу туралы: Президент саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет
НҰР-СҰЛТАН. 26 СӘУІР - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AMANAT партиясының кезектен тыс, XXIII съезі делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде партиядан шығу туралы шешімін түсіндірді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Мен бұған дейін партия төрағасы лауазымынан босап, ұйым қатарынан шығатынымды айттым. Осы ұйғарымды жүзеге асыратын кез келді. Бүгіннен бастап "Amanat" партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар", - деді Президент.

 
Осы орайда, Президент сайлауда оған сенім артып, қолдау үшін барлығына алғысын білдірді.
 

Сондай-ақ, жауапты сәтте партия тізгінін сеніп тапсырғандарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Біз бірлесіп, көп жұмыс атқардық. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды. Қазір талай нәрсе өзгеруде. Алдымызда ауқымды міндеттер бар. Бүгінде еліміздегі барлық саланы түбегейлі монополиядан арылту аса маңызды. Осы үдерістен саяси жүйе де сырт қалмауы керек. Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президенттің пікірінше, мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.
 

Қазір ұйым Мәжілісте және мәслихаттарда едәуір басымдыққа ие болып отыр. Сондықтан Үкімет пен әкімдіктердің жұмысына қатаң бақылау жасай алады. Президент партия қатарынан шыққанымен, ұйымның стратегиялық бағдары өзгермейді деп ойлаймын. "Аmаnаt" еліміздің саяси өмірінде ерекше орны бар ұйым ретінде қала беретіні анық. Саясаттағы сабақтастық сақталып, партия ел игілігі үшін жасап жатқан жұмыстарын жалғастыра береді", – деді Мемлекет басшысы.

 
Естеріңізге сала кетейік, бүгін съезде Тоқаев AMANAT партиясынан шығатыны туралы хабарлаған болатын. Партия төрағасы лауазымына ол Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынды, оны съезд делегаттары бірауыздан мақұлдады.
 
Съезд делегаттарының алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы мемлекет пен қоғамды түбегейлі реформалау үдерісіндегі партияның рөлі туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны