04.03.2021, 21:35 19810

Тоқаев Экономикалық ынтымақтастық ұйымының 14-саммитіне қатысты

Нұр-Сұлтан. 4 наурыз. Kazakhstan Today - Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің басында бауырлас түрік халқына және Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға пандемияға қарсы күресте елімізге көмек көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде елдеріміз жаһандық деңгейдегі өзара көмек пен қолдаудың қаншалықты маңызды екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгенін атап өтті, деп хабарлайды Kazakhstan Today Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Президент баяндамасында пандемияның экономикаға тигізген кері әсерін еңсеруге баса мән берді.
 

Қажетті қаржымен қамтамасыз етілген Дағдарысқа қарсы кешенді жоспарды іске асырудың арқасында Қазақстан пандемияның теріс әсерін барынша азайта алды. Тіпті құрылыс, ауыл шаруашылығы және өндіріс секілді салаларда өсімге қол жеткіздік. Биыл біз ішкі жалпы өнім 3 пайыздан астам өседі деп жоспарлап отырмыз", ­– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық ұйымымен ықпалдастық Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың негізі инфрақұрылымдық, әлеуметтік және мәдени бағыттардағы ірі жобалар болуы керек. Қытаймен бірлесіп қолға алынған Транскаспий халықаралық көлік бағыты – сондай болашағы зор жобалардың бірі. Атап айтқанда, 2019 жылдың қараша айында Қазақстан, Қытай, Әзербайжан, Грузия және Түркияны байланыстыратын Сиань-Ыстамбұл-Прага бағыты бойынша контейнерлік пойызы жүре бастады. Былтыр сәуір айында Сиань-Измир бағытындағы бірінші контейнерлік құрам жүріп өтті. Ол 7000 шақырым қашықтықты 16 күнде еңсерді.
 
Біздің өңір үшін тағы бір маңызды басымдық – азық-түлік қауіпсіздігі. Президент Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық ұйымының ауыл шаруашылығы саласына қатысты барлық бастамаларын қолдайтынын айтып, мүше-мемлекеттерді Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына (IOFS) қосылуға шақырды. Аталған ұйымның штаб-пәтері Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.
 
Қасым-Жомарт Тоқаев туризм саласының әлеуетін арттыру мәселесіне де тоқталды. Бұл сала пандемияға қарамастан, ынтымақтастықтың перспективті бағыттарының бірі болып қала береді.
 

Қазақстан туристік саланың үлесін 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 8 пайызына дейін жеткізуді көздеп отыр. Біз Орталық Азия елдері мен күллі түркі әлемі үшін қасиетті саналатын Түркістан қаласын белсенді дамытып жатырмыз. Тек 2020 жылдың өзінде қаланың инфрақұрылымына, Түркістанның туризмі мен логистикасына құйылған ішкі инвестиция шамамен 1 миллиард долларды құрады. Түркістан Қазақстанның ТОП-10 туристік бағытына кірді. Бұл сіздердің елдеріңіздің инвесторлары мен туристері үшін тартымды өңір болмақ", – деді Президент.

 
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы да Қазақстанға келетін шетелдік инвестицияға "тартылыс орталығы" бола алатынын атап өтті. Бәсекеге қабілетті тарифтер, жоғары білікті жұмыс күші және мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің басқа да көптеген мүмкіндіктері арқылы елге түрік компаниялары тартылды. Олар Қазақстанда жаңа ауруханалардың құрылысына және оларды жоғары технологиялы медициналық құралдармен жабдықтауға атсалысуда.
 
Президент Экономикалық ынтымақтастық ұйымының тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс жасады. Оның айтуынша, Қазақстан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы ретінде ЭЫҰ мен АӨСШК-нің экономика саласындағы ынтымақтастығын дамытуға қолдау көрсетуге әзір. Аталған құрылымдар арасындағы өзара іс-қимылдарды көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика, туризм, цифрлық технологиялар және басқа да салалар бойынша дамытуға болады.
 
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға Экономикалық ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығының сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны