16.06.2026, 18:42 436

Елімізде "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді

Елімізде "Заңсыз келуші" іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 13 мыңнан астам дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзу фактілерінің жолын кесу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және шетел азаматтарының ел аумағында болу қағидаларының сақталуын бақылау мақсатында 8-12 маусым аралығында "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Іс-шара аясында, шетел азаматтарының тұрғылықты жерлері, құрылыс нысандары, базарлар, ұйымдар мен шетелдіктердің еңбегін пайдаланатын жұмыс берушілер тексерілді.

ЖПІШ қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасын бұзуға байланысты 13 035 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде: - болу қағидаларын бұзғаны үшін 9 359 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды; - еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін 3 828 шетел азаматы жауапқа тартылды; - шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 882 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды; - өздерінде тұрып жатқан шетелдіктер туралы полиция органдарын уақытылы хабардар етпегені үшін 2 794 жеке және заңды тұлға жауапқа тартылды.

Сот шешімімен көші-қон заңнамасын бұзған 1 559 адам ел аумағынан шығарылды. 1 836 шетел азаматының Қазақстан аумағында болу мерзімі қысқартылды. 122 шетел азаматы мәжбүрлі түрде елден шығарылды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сондай-ақ елге заңсыз кірген 14 шетел азаматы анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеу жүргізіліп жатыр. Халықаралық іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің әділ сот органдарынан жасырынған 21 шетел азаматы ұсталды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны