04.04.2023, 11:05 54296

Смайылов жанар-жағармай бағасын көтеру шарасын мәжбүрлі деп атады

Смайылов жанар-жағармай бағасын көтеру шарасын мәжбүрлі деп атады
Елде жанармай тапшылығы туындауы мүмкін

Астана. 4 сәуір. KAZAKHSTAN TODAY - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов БАҚ алдында мәлімдеме жасап, жанар-жағармай материалдары бағасының көтерілу себебін түсіндірді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.
 

Бұл оңай шешім емес, бірақ оны қабылдауға мәжбүрміз. Егер қазір мұндай шешімді қабылдамасақ, онда жақын арада жанармай тапшылығына тап боламыз", - деді Үкімет басшысы.

 
Әлихан Смайылов Қазақстанда дизель мен бензиннің тұтыну деңгейі ең жоғары екенін айтты, жылына 1 адамға дизель 370 литрден келеді. Мысалы, Ресейде - 225 литр, Қырғызстанда - 98 литр, Өзбекстанда - 44 литр. Сонымен бірге тұтыну деңгейі жоғары қарқынмен өсіп келеді.
 

Мұндай жағдай жанар-жағармайдың көрші елдерге транзиттік көліктермен және "сұр" экспорт түрінде шығарылуының артуына байланысты. Ал экономиканың негізгі салаларында нақты тұтыну көлемі айтарлықтай өзгерген жоқ", - деді Премьер-Министр.

 
Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет жанармай өндірісін ұлғайту үшін барлық шараны қабылдауда. Мысалы, өткен жылы дизель отынын өндіру 5,2 млн тоннаны құрап, рекордтық деңгейге жетті. Жалпы соңғы 5 жылда бензин өндірісі 70%-ға, дизель өндірісі 33%-ға өсті.
 

Біздің отандық мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерінің ең жоғары шегінде жұмыс істеуде. Алайда жанармай тапшылығының қаупі азаяр емес. Сыртқа тасып әкету мен тапшылықтың негізгі себебі - Қазақстандағы жанар-жағармай бағасының төмендігі болып отыр. Мысалы, Ресейде дизель отыны 45%-ға, Қырғызстанда 64%-ға, Өзбекстанда 2 есе қымбат. Нәтижесінде арзан отын әртүрлі жолдармен көрші елдерге әкетіліп жатыр", - деді Үкімет басшысы.

 
Әлихан Смайылов наурыз айының өзінде жанар-жағармай материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға өскенін айтты. Егер республика баға айырмашылығын қысқартпаса, онда биыл 850 мың тоннаға дейін көлемде жанармай тапшылығына ұрынады.
 

Біздің арзан отын өзіміздің ұлттық мүдделерімізге емес, көрші елдердің экономикасына жұмыс істеп отыр. Сондықтан жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін баға айырмашылығын төмендету керек. Бұл елден мұнай өнімдерінің жаппай шығарылуын азайтуға және ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бізде бұдан басқа жол жоқ", - деді Премьер-Министр.

 
Оған қоса Үкімет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арзандатылған дизель толығымен бөлінді. Оларға баға 204 теңге болып қала бермек.
 

Үкімет отынның ішкі нарығын қолдау және заңсыз әкетудің жолын кесу үшін басқа да тиісті шараларды қабылдайтын болады", - деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

 
04.04.2023, 12.50 толықтырылды
 
Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына жауап берген ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов дизель отыны мен бензин бағасын көтеру қажеттігілігінің себептері туралы, сондай-ақ жанар-жағармай материалдарын шетелге заңсыз шығаруға жауапкершілікті күшейту жоспарлары туралы айтты.
 
Премьер-Министр қазақстандық отынды көрші елдерге заңсыз шығаруға әлемдік нарықтағы ахуал ықпал етіп отырғанын атап өтті.
 

Көрші елдерде дизель мен бензиннің бағасы айтарлықтай жоғары. Ашық экономика жағдайында тауарлар бағасы қымбатырақ елге қарай өтеді. Әрине, біз шекараны жаба аламыз. Негізінде бізде жанар-жағармай материалдарын теміржол және автомобиль көлігімен шығаруға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл бағаны тежеуге айтарлықтай әсер етіп отыр. Егер мұндай тыйым болмаса, онда жанар-жағармай материалдарының шығарылуы бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді. Бірақ кез келген тыйым салу шаралары уақытша ғана әсер етеді, ұзақ мерзімді перспективада олар тиімсіз", - деді Әлихан Смайылов.

 
Сонымен бірге Үкімет басшысы қазіргі уақытта шекарада жанармайды заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.
 

Машинаға қосымша жанармай бактары орнатылып, адамдар жанармайды тіпті канистрлерге құйып шығарып жатады. Әрине, бәріне айыппұл салып, жауапқа тартуға болады. Біз мұндай қадамдарды қолға алып, жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамаға өзгерістер енгіземіз. Сонымен қатар заңсыздыққа жол ашатын экономикалық қызығушылықтарды төмендетуіміз керек, яғни баға алшақтығын қысқарту керек", - деді Премьер-Министр.

 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Энергетика министрлігі бензин мен дизель отынының шекті бағасын көтеруді жоспарлап отыр.
 
Энергетика министрінің м.а. Болат Ақшолақовтың айтуынша, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасын литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін арттыру қажет. Бұл ретте өсім 11% құрайды. Дизель отынына бағаны орта есеппен 20%-ға көтеру ұсынылады - литріне 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны