24.03.2022, 18:08 25426

2021 жылдың шегі бойынша зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аудару 1 сәуірге дейін мүмкін болады

2021 жылдың шегі бойынша зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға аудару 1 сәуірге дейін мүмкін болады
НҰР-СҰЛТАН. 24 НАУРЫЗ - БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделудің ақысын төлеу үшін ғана емес, сондай-ақ, инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға беру үшін де пайдалануға құқылы. Мұны 2021 жылы қабылданған жеткіліктілік шегі бойынша тек 1 сәуірге дейін жасауға болады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "БЖЗҚ" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
БЖЗҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, салымшының зейнетақы жинақтары келесі жағдайларда ИПБ басқаруына берілуі мүмкін:
 
- салымшының БЖЗҚ-дағы нақты зейнетақы жинақтары мен зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспаған мөлшерде;
 
- өмір бойғы төлемдерді көздейтін сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шарты жасалған жағдайда, салымшының БЖЗҚ-дағы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығынан аспайтын мөлшерде. 
 
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 2022 жылға есептелген зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі (ТЖШ) күшіне енеді. Осылайша, 2022 жылға арналған ТЖШ 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енетіндіктен, зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға 2021 жылға есептелген ТЖШ шамаларына сәйкес өтініштер бойынша 2022 жылғы 31 наурызды қоса алғанда аударуға болады.
 
ТЖШ мөлшері туралы ақпарат БЖЗҚ сайтында осы сілтемеде жарияланған.
 
Зейнетақы жинақтарын бір немесе бірнеше ИПБ аудару үшін салымшы БЖЗҚ-ға өтінішпен жүгінуі қажет. Өтініш enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы берілуі мүмкін немесе БЖЗҚ-ның кез келген өңірлік бөлімшесіне салымшы өзі келуі тиіс.
 
БЖЗҚ салымшыдан өтініш келіп түскен күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруға аударады. Салымшының зейнетақы жинақтарының қалған бөлігі Ұлттық банктің басқаруында қалады. 
 
ИПБ инвестициялық басқаруына берілген зейнетақы жинақтары біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға жатпайды (тұрғын үй жағдайын жақсарту және/немесе емдеу мақсаттарына алынған жағдайдағыдай) және ИПБ аударған кезде бұл қаражатқа жеке табыс салығы салынбайды.
 
Зейнетақы активтері ИПБ сенімгерлік басқаруға алғаш берілгеннен кейін салымшы:
 
- БЖЗҚ-ға жылына бір реттен жиі емес өзінің зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екінші ИПБ-ға сенімгерлік басқаруға беруге өтініш беруге;
 
- ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға қайтару туралы (зейнетақы жинақтары ИПБ сенімгерлік басқаруға алғаш берілгеннен кейін екі жылдан ерте емес) өтінішті БЖЗҚ-ға беруге құқылы. 
 
Оның ішінде салымшы зейнет жасына жеткенше күнтізбелік 10 күн бұрын салымшының зейнетақы жинақтары Ұлттық Банктің инвестициялық басқаруына қайтарылады.
 
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқару үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сыйақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5% аспайды. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ басқару органы бекітеді және ол жылына бір реттен жиі ауыстырылмайды.
 
Зейнетақы жинақтары Ұлттық банктің басқаруында болған кезеңде салымшы зейнет жасына жеткенге дейін инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік беріледі. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына аударған кезде мемлекет кепілдігі басқарушы компанияның зейнетақы активтері кірістілігінің ең төменгі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі кепілдігімен ауыстырылады, ол нарықта жұмыс істейтін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігі негізге алынып есептеледі. 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

Тегтер:БЖЗҚ

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны