23.07.2025, 14:53 33501
2024 жылы Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 4,6 млрд долларды құрады
Достарға айту
2024 жылы Ұлттық Банктің басқаруындағы Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 4,6 млрд долларды құрады, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурстарында 2024 жылға арналған Ұлттық қор қаражатын қалыптастыру және пайдалану туралы есеп жарияланғанын хабарлайды.
Құжат қордың аудиттелген есебі негізінде дайындалды және Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 11 шілдедегі №943 Жарлығымен бекітілді.
Есеп деректері бойынша, 2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша Ұлттық қордағы активтердің көлемі шамамен 66,2 млрд АҚШ долларын құрады.
Анықтама: валюталық портфель 58,8 млрд АҚШ доллары, теңгедегі активтер -баламасы 7,4 млрд АҚШ доллары.
ҰҚ валюталық портфелінің инвестициялық кірісі бір жылда 7,59%-ды немесе 4,6 млрд АҚШ долларын құрады. Соңғы жылдары кірістіліктің өсуіне ҚР Ұлттық Банкінің активтерді консервативті бөлуден неғұрлым теңгерімді бөлуге көшу нәтижесінде жоғары кірісті қаржы құралдарының үлесін 20%-дан 40%-ға дейін ұлғайтуы есебінен қол жеткізілді. Сондай-ақ 2023 жылы Ұлттық қордың құрамында баламалы құралдар портфелі қалыптастырылды. Жаңа құрылымға көшу инвестициялаудың тиімділігін және қордың сыртқы нарық тербелістеріне төзімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қордың валюталық активтері көлемінің жалпы динамикасына 2024 жылы 6,3 трлн теңге мөлшерінде қаражат алу операциялары әсер еткенін атап өту маңызды. Осылайша, есепті кезеңде республикалық бюджетке тікелей трансферттер 5,6 трлн теңгеге жетті. Қазақстандық эмитенттердің қаржы құралдарын сатып алуға тағы 705 млрд теңге бөлінді: "Қазатомөнеркәсіп" АҚ акцияларын сатып алуға 467 млрд теңге, ұлттық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында Самұрық-Қазына облигациялары 238 млрд теңге көлемінде сатып алынды.
Бұл ретте мұнай секторынан қорға түсетін түсімдер 2024 жылы 3,8 трлн теңгені құрады.
Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы аясында 2024 жылғы қаңтарда бағдарламаның барлық қатысушыларына жалпы есептеулер 696 млн АҚШ долларын құрады. Әр балаға 2024 жылғы қаңтарда 100 АҚШ доллары мен 52 цент үлестірілді (2024 жылдың қорытындысы бойынша есептеулер 2025 жылғы қаңтарда жүргізілді және әр балаға 129 АҚШ доллары мен 38 центті құрады). Жыл сайынғы есептеу сомасы Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлеміне және оның ұзақмерзімді инвестициялық кірісіне тікелей байланысты екенін ескеру маңызды. Олар жыл сайын Ұлттық қордың ұзақмерзімді инвестициялық кірісінің жартысы есебінен қалыптасады. Бұл ретте балалардың шоттарына есептелген қаражат бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың портфеліне инвестициялануын жалғастырады және қосымша табыс әкеледі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
23.12.2025, 13:41 1141
Ыстанбұлда қазақстандық кәсіпкерлердің даму әлеуеті талқыланды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының бастамасымен Ыстанбұл қаласында кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген қазақстандық кәсіпкерлердің ағымдағы жағдайы, сондай-ақ олардың қызметі барысында туындайтын өзекті мәселелерді талқылау, ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын айқындау, іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында дөңгелек үстел ұйымдастырылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі кеңесшісі Сафарауль Йылмаз, Ыстанбұлдағы туризм, HoReCa, логистика, сауда және өнеркәсіп салаларында жұмыс жүргізіп жүрген кәсіпкерлер қатысты. Іс-шара ашық әрі конструктивті диалог форматында өтіп, қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты мәселелерді ортаға салды.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тарапынан бизнес жүргізу кезінде кездесетін құқықтық және әкімшілік кедергілер, салық салу ерекшеліктері, лицензиялау мен рұқсат алу рәсімдері, сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде қазақстандық өнімдердің экспортын одан әрі ілгерілетуге қатысты бірқатар ұсыныстар көтерілді.
Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл өз сөзінде шетелде кәсіпкерлік қызметпен айналысып жүрген іскер азаматтарды қолдау мемлекет үшін маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтіп, Бас консулдық тарапынан тиісті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Ыстанбұлдағы қазақстандық кәсіпкерлермен өзара байланысты одан әрі нығайтуға, сондай-ақ осындай форматтағы кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты негізде өткізуге уағдаласты.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 18:12 6856
"Петромидия" мұнай өңдеу зауытының негізгі операциялық көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді
Сурет: t.me/kmgpress
Достарға айту
Алдын ала бағалауға сәйкес, 2025 жылы Румыниядағы "Петромидия" мұнай өңдеу зауытында 5,88 млн тонна шикізат өңдеу жоспарланып отыр, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 27% жоғары. Жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 87% деңгейінде күтілуде. Көрсеткіштердің өсуі технологиялық режимдерді оңтайландыру, операциялық тиімділікті арттыру және өңделетін шикізат құрылымын жақсарту есебінен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды ҚазМұнайГаз баспасөз қызметінен.
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өнім шығару көлемі былтырғы жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда едәуір артты:
- авиациялық отын - 528 мың тонна (өсім 48%);
- бензин - 1,51 млн тонна (өсім 35,4%);
- дизель отыны - 2,28 млн тонна (өсім 24%).
Кәсіпорын энергия тиімділігіне ерекше ден қояды, мұны энергетикалық қарқындылықтың (EII) 92,75-ке дейін төмендеуі растап отыр. Өнеркәсіптегі қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласында зауыт жарақат алудың "нөлдік" деңгейін және оқыс оқиғалар болмауының тұрақты көрсеткіштерін сақтап келеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 14:01 7116
ШҚО-да 1075 басқа арналған жаңа сүт-тауарлы ферма ашылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Алтай ауданына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Полянское ауылында 1075 басқа арналған сүт-тауарлы фермасының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа нысан "Мойылды-Байқоңыр" ЖШС жүзеге асырып жатқан ауқымды инвестициялық жоба аясында салынды. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында 21 жылдан бері табысты жұмыс істеп келеді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 10,151 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 5,4 млрд теңгеден астамы - кәсіпорынның өз қаражаты.
Құрылыс жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталып, 2025 жылдың қараша айында аяқталды.
Жобаның бас мердігері - "ШығысАгроХолдинг" ЖШС. Қазіргі таңда нысанда заманауи жабдықтар орнатылып, қажетті техника сатып алынған. Сондай-ақ жемшөп базасын дамыту бағытында қарқынды жұмыс жүргізілуде.
Алдағы уақытта ферма жоғары өнімді техникамен толық жабдықталып, голштин тұқымындағы асыл тұқымды ірі қара әкелу көзделіп отыр.
Жоба іске қосылғаннан кейін кәсіпорында жылына 6 мың тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған. Қазіргі уақытта компанияда 82 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жоба "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауымен іске асырылуда.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
22.12.2025, 12:33 13306
Кувейтте Қазақстанның экономикалық, инвестициялық және туристік әлеуеті таныстырылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшілігі Кувейттің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін "Kazakhstan - a country of opportunities" атты брифинг өткізді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев журналистерді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары туралы хабардар ете отырып, тұрақты экономикалық өсудің, цифрлық трансформацияның, жасанды интеллектті енгізудің, сондай-ақ инвестициялық ахуалды одан әрі жетілдірудің стратегиялық басымдықтарына тоқталды.
Елші Қазақстан Орталық Азияның ірі экономикасы бола отырып, инвесторларға тұрақты, ашық және болжамды іскерлік ортаны ұсынатынын атап өтті. Ол 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдің жалпы ішкі өнімі шамамен 291 млрд АҚШ долларын құрағанына, ал тәуелсіздік алғаннан бері тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жиынтық көлемі 474 млрд АҚШ долларынан асты, бұл аймақтағы барлық ТШИ-дің жартысына жуығына тең екендігіне назар аударды.
Брифинг барысында Қазақстанның туристік әлеуетіне ерекше назар аударылды. Елші еліміздің бай мәдени-тарихи мұрасының бірегей үйлесімін, табиғи ландшафттардың алуан түрлілігін, сондай-ақ заманауи туристік инфрақұрылымның үдемелі дамуын атап өтті. Дипломат 2024 жылы Қазақстанға Кувейт Мемлекетінен 4 мыңға жуық турист келгенін хабардар етті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштерден бес есе артық және Қазақстанға заманауи, жайлы және тартымды туристік бағыт ретінде қызығушылықтың тұрақты өсуін айқын көрсетеді.
Брифинг аясында журналистерге Қазақстанның барлық өңірлерінің туристік және мәдени көрікті жерлерін көрсететін бейнематериалдар ұсынылды, олар іс-шараға қатысушылар тарапынан қызу қызығушылық тудырды.
Іс-шара соңында Елші Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетімен экономика, инвестициялар және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілігін растады.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 20:02 39731
Қазақстан мен Солтүстік Македония инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Шетелдік инвестициялар және экспортты ілгерілету агенттігінің директоры Рефик Джемайлимен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Елшісі македон тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміздегі саяси және экономикалық реформалармен таныстырды, сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті.
С.Бұршақов жаңа Жолдаудың тұжырымдамалық шеңбері елдің терең цифрлық трансформациясы, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту идеясы болғанын атап өтті.
Президент Гордана Силяновска-Давкова мен Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскидің ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Астанаға жұмыс сапарлары барысында маңызды уағдаластықтар аталып өтті.
Ең алдымен, бұл іскерлік кеңес құру, бизнес-форум өткізу, екіжақты сауданы ұлғайту.
Агенттік басшылығы Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі Елшіліктің презентациямен қызығушылықпен танысып, сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында жоғары деңгейде қол жеткізілген өзара уағдаластықтарды ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 15:52 39016
ҚМГ зауыттарының мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлемі ең жоғары тарихи межеге жетті
Достарға айту
Шымкент қаласында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ-ның негізгі мұнай өңдеу және мұнай-химия активтерінің өндірістік қызметіне қатысты жиналыс өткізді. 2025 жылдың алдын ала қорытындысы шығарылып, 2030 жылға дейінгі жоспарлар қаралды, деп хабарлайды ҚазМұнайГаз.
Жиын барысында Асхат Хасенов ҚМГ-ның мұнай өңдеу зауыттарының жоғары көрсеткіштерін атап өтті.
Биылғы 11 айда зауыттарымыз ең жоғары межеге жетті - 16,6 млн тонна мұнай өңделді. МӨЗ ұжымдарының жұмыла жұмыс істеуінің арқасында өңдеу көлемін ұлғайтып қана қоймай, жеңіл мұнай өнімдерінің шығару деңгейін едәуір арттырдық. Нәтижесінде елімізді қажетті отын көлемімен қамтамасыз еттік", - деді ҚМГ басшысы.
2024 жылы өңдеу көлемі 17,45 млн тонна болса, 2025 жылы 18,16 млн тоннаны құрайды деп күтіледі. Негізгі жетістік - дизель отыны рекордтық деңгейде өндірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 млн тонна дизель отынын шығарылады деп жоспарлануда - бұл өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артық. Автомобиль бензині бойынша да оң динамика тіркелді, өсім 400 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік берді.
Жеңіл мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша едәуір өсім тіркелді, олардың көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,6 млн тоннаға дейін өседі (2024 жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға көп). Операциялық тиімділіктің артуына байланысты Қазақстандағы ҚМГ тобы бойынша жеңіл мұнай өнімдерін шығарудың жалпы көрсеткіші 2025 жылы 78%, ал мұнай өңдеу тереңдігі 90% деңгейінде күтіледі.
Жиын барысында әр кәсіпорынның жұмыс нәтижелері қаралды. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС сапа көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді: 2025 жылы өңдеу 6,23 млн тоннаны құрап, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,5% жетеді. Зауыт өндірістік қуатты 12 млн тоннаға кеңейту жөніндегі стратегиялық жобаға қатысты жұмысын жалғастыруда, бұл еліміздегі энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі факторына айналмақ.
Өз кезегінде "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС (АМӨЗ) 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5,47 млн тоннаны өңдейді. Кәсіпорын жеңіл мұнай өнімдерін шығару көрсеткішін 77% деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. АМӨЗ жоспарлы алдын алу жұмыстарын сәтті аяқтап, өндіріс процесіне цифрлық шешімдерді жан-жақты енгізіп келеді.
Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС (ПМХЗ) жоспарлы алдын алу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, нарықты қосымша отын көлемімен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта кәсіпорын пайдаланудың жөндеуаралық кезеңін ұлғайту жөніндегі жобаны белсенді іске асыруда. Бұл шаралар кешені өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол жабдықтар мен негізгі тораптарды техникалық тұрғыдан жаңартуды, шикізат ағындарының конфигурациясын өзгертуді, сондай-ақ заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықтауды қамтиды. Биылғы жұмыстың қорытындысы бойынша ПМХЗ 5,76 млн тоннаны өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 74% деңгейінде болады деп күтілуде.
Жол-құрылыс саласын дамытуға "CASPI Bitum" БК" ЖШС елеулі үлес қосып келеді. Ауқымды жаңғыртудан кейін зауыт жылына 750 мың тонна битум шығаруға қауқарлы болды. Бүгінде кәсіпорын отандық компанияларды сапалы өніммен қамтамасыз етуде.
Жиынға қатысушылар мұнай-газ химиясындағы жетістіктерге ерекше назар аударды. "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС (KPI) газ-химия кешені өндіріс көрсеткіштерін арттырып келеді: 2024 жылы 245,4 мың тонна өнім шығарылса, 2025 жылдың 11 айында ғана полипропилен өндіру көлемі 336,8 мың тоннаға жетті.
Жалпы, KPI іске қосылғалы нарықтағы жағдай түбегейлі өзгерді: Қазақстанның полипропилен бойынша импортқа тәуелділігі 2022 жылғы 63%-дан жыл соңына қарай болжамды 5% дейін төмендеді. Отандық зауыттың ішкі нарықтағы үлесі 70% асты, ал полипропилен түрлері 15 маркаға дейін кеңейді, соның ішінде премиум сұрыптары бар.
Жиын соңында Асхат Хасенов кәсіпорындарға үздіксіз әрі тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 15:39 123401
Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Аталған жоба - өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.
Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен "жасыл экономикаға" көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі - қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы - ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану - өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама - экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания "Energy China" басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім - үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін", - деді Нұралхан Көшеров.
Бейнебайланыс арқылы сөйлеген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар бейнебайланыс "China Energy Group" президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.
Жиында "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті: "Самұрық - Энерго" үшін бұл станцияны салу - инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз", деді.
China Energy Engineering Overseas Investment Company" директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және "China Energy Engineering Overseas Investment Company" директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 14:37 123766
Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады: инвестициялық келісімге қол қойылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қызылорда облысында 44 млрд теңгеден астам сомаға заманауи санитарлық-техникалық өнімді өндіру және құрастыру зауытын салуға арналған инвестициялар туралы келісім жасалды. Оған бір тараптан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, екінші тараптан испаниялық Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны - "РОКА Қазақстан" ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту және импортты алмастыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін локализациялауды арттыру бойынша қойған міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.
Зауыт керамикалық санитарлық өнімдерді, жуынатын бөлмелерге арналған жиһаздарды және өзге де бұйымдарды өндіруге және құрастыруға маманданатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Жоба шеңберінде 300-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру көзделген.
Кәсіпорын үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейі бар және экологиялық қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдерді шығару бойынша Қазақстандағы алғашқы өндіріс болмақ.
Жобалық қуаттылығы жылына 500 мың бұйымды құрайды. Шығарылатын өнімді Қазақстанның ішкі нарығына жеткізу және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Зауытты іске қосу қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, инвестициялар туралы келісім жасасу жоспары Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group Директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Роктың осы жылдың маусым айындағы кездесуі барысында талқыланған болатын. Осылайша, құжатқа қол қойылуы және жұмыстардың басталуы ел экономикасының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың нәтижесін және инвесторлар сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Құжатқа қол қою барысында Roca Group өкілдері Қазақстан олар үшін стратегиялық маңызды нарық болып саналатынын атап өтті. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалға оң баға берді.
Анықтама: Roca Group - 100 жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтарды өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания бүкіл әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады, онда 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өнімдері 170-тен астам елге тарайды және жоғары сапалы, инновациялық шешімдер мен еуропалық стандарттарға сәйкес болғаны үшін кеңінен танымал.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
25.12.2025, 11:382026 жылы Еуропада Рождествоны тойлайтын ең жақсы 10 қала 25.12.2025, 16:11 1716Дүние жүзіндегі католиктер Рождество мерекесін тойлайды
19.12.2025, 17:45 190816Президент орта державаларды БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне кеңінен қатыстыруға шақырды19.12.2025, 16:42 178886Қазақстан Президенті әлемде қақтығыстардың өршуіне алаңдаушылық білдірді19.12.2025, 15:34 173361Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды19.12.2025, 14:32 172851Қасым-Жомарт Тоқаев Hitachi Construction Machinery компаниясының президенті Масафуми Сэнзакиді қабылдады19.12.2025, 19:56 136706Бангкокта онлайн-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық конференция өтті
15.12.2025, 23:30 225121Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды15.12.2025, 23:10 222111Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 22:01 213086Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді17.12.2025, 13:33 196131Брюссельде Қазақ киносының күндері өтті17.12.2025, 17:47 195836Ташкентте қазақ киносының күндері өтті

