01.04.2021, 23:32 10266

Тоқаев зардап шеккен салаларда ШОБ салықтары мен кредиттерін кейінге қалдыруды пысықтауды тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. 1 СӘУІР - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес барысында пандемиядан зардап шеккен экономика секторларында шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес барысында Президент Үкіметке бірқатар тапсырмалар берді.
 

Үкімет келесі мәселелерді жедел пысықтауы керек. Бірінші, зардап шеккен салалардағы шағын және орта бизнес нысандары үшін салықтың жекелеген түрлерін және төлемдердің мерзімін шегеру. Екінші, салық және кеден қарыздарын мәжбүрлеп өтеуді уақытша тоқтату. Аталған шаралар жаппай вакцина салу басталғанға және шектеулердің басым бөлігі тоқтатылғанға дейін жалғасуы тиіс", – деді Мемлекет басшысы.

 
Сондай-ақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне, Ұлттық банкке экономиканың зардап шеккен секторындағы шағын және орта бизнестің несиелері бойынша төлемдерді шегеру мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.
 
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Үкімет жаппай вакцина салу арқылы пандемия жағдайын сәуір айында жақсарта алса, мамырдың басынан бастап шағын және орта бизнес нысандарының жұмысына қойылған шектеулерді біртіндеп алып тастауға болады. 
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны