14.07.2022, 16:27 20391

Қазақстанда күзде дизель отынының тапшылығы болжануда

Қазақстанда күзде дизель отынының тапшылығы болжануда
НҰР-СҰЛТАН. 14 ШІЛДЕ - Сарапшылардың бағалауы бойынша, күзде елімізде дизель отынының тапшылығы (100 мың тонна) туындауы мүмкін. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 

Бұл жағдай жылдан жылға, әр уақытта егін жинау кезінде қалыптасады. Үкіметтің негізгі дәлелі – біздің нарықтан отынды транзиттік көлікпен және көрші елдердің шекаралас аймақтарының тұрғындарының сатып алуы. Бірақ мәселе біршама тереңірек – отандық мұнай өнімдерін жақын орналасқан мемлекеттерге экспорттаудың бірнеше жылдар бойы ұйымдастырылған, реттелген схемалары бар. Қаржы мониторингі агенттігі бұл мәселені шешуі керек. Маған нақты кім айналысатыны туралы ақпарат беріңіз. Содан кейін біз түпкілікті шешім қабылдаймыз", - деді ҚР Президенті.

 
Сондай-ақ, ол Үкіметке, Бәсекелестікті қорғау агенттігіне транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша мұнай өнімдерінің сараланған бағаларын тұжырымдауды тапсырды.
 

Бұл көрші елдермен баға диспаритетін төмендетеді және жалпы біздің азаматтарымыз үшін бағаларға әсер етпейді", - деді Тоқаев.

 
Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында газ саласы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
 

Жаңа өнеркәсіптік объектілерді енгізу және елді газдандыру есебінен ішкі нарықта газды тұтыну жыл сайын артып келеді. Соңғы 10 жылда ішкі нарықта газ тұтыну көлемі екі еседен астам – 9-дан 19 миллиард текше метрге дейін өсті", - деді ҚР Президенті.

 
Оның айтуынша, елімізде газ тапшылығы келесі жылы-ақ болжанып отыр.
 

Бұл ретте, газды экспорттық нарықтан ішкі нарыққа қайта бағдарлау – валюталық түсімнің жоғалуына және сауда теңгерімінің нашарлауына әкелетін мәжбүрлі қадам екенін түсіну керек. Сондықтан бұл проблеманы шешу үшін жүйелі шаралар, оның ішінде ресурстық базаны ұлғайту және газды қайта өңдеу бойынша шаралар қажет. Газ өндіру мен өңдеуді ұлғайта отырып қана мемлекет экспорттық пайда тауып, ішкі қажеттіліктерді толық көлемде қамтамасыз ете алады. Сондықтан газ өндіру жөніндегі жаңа жобалар үшін фискалдық преференцияларды пысықтаған жөн", - деді Тоқаев.

 
Үкімет сондай-ақ функцияларды тиісті ұлттық компаниялар арасында нақты бөлуі тиіс.
 

Біз осы жылдың соңына дейін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуге бағалық реттеуді ұзартуға мәжбүр болдық. Алайда, болашақта бағаны жасанды түрде ұстап тұру тапшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл нарық заңы. Сондықтан Үкімет баға ауытқуларына жол бермей, сауда-саттықты бастау жөнінде шаралар қабылдауы қажет", - деді Мемлекет басшысы.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны