20.09.2022, 15:47 13786

Елордалық әуежайда екінші ұшу жолағын салу жоспарлануда

Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін темір жол салу жоспарлануда.
Елордалық әуежайда екінші ұшу жолағын салу жоспарлануда
Сурет: ҚР ИИДМ
АСТАНА. 20 ҚЫРКҮЙЕК - Елордалық "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайында екінші ұшу-қону жолағының құрылысы, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ ашу және авиаотынды жеткізу логистикасын жақсарту үшін темір жол салу жоспарлануда, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
 "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының" қолданыстағы ұшу-қону жолағы 2003 жылы қайта жаңартылғаннан кейін бұл бағытта басқа жұмыстар жүзеге асырылмаған. Биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алайда, авиатасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарларға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту қажеттігілігі туындап отыр.
 

Біз 2027-2028 жылдары жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне жетіп, сәйкесінше бұл ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін арттыруды талап етеді деп болжап отырмыз. Осы ретте жолақтағы, рульдеу жолақтары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықты ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыздықтар туғызады, бірақ бұл мәселені шешуге ниеттіміз", – деді "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дәулет Хамзин әуе айлағын дамыту тұжырымдамасының тұсаукесерінде.

 
Хамзиннің айтуынша, Астананың әуе айлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша келесі жылы еліміздегі ең ірі әуе айлағына айналуы тиіс. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт еседен астам ұлғайту жоспарда бар.
 
Әуежайды одан әрі дамыту жөніндегі жоспарлар қаржылық көрсеткіштерді тұрақты жақсартуға негізделген әрі кәсіпорынның жаңа стратегиясының нәтижелерімен нығайтылмақ. 2021-2022 жылдары азаматтық авиатасымалдардың уақытша тоқтатылуына байланысты әуе айлағының жұмысы транзиттік жүк рейстеріне жанармай құюға және оларға қызмет көрсетуге қайта бағытталды. Басымдықтарды қайта қарау қысқа мерзімнің ішінде несие берушілер алдындағы міндеттемелер мен қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемені өтеуге, сонымен бірге жұмыс орындарын сақтап қалуға және операциялық пайдаға шығуға мүмкіндік берді. Жаңа стратегияның нәтижесінде биыл бірінші жартыжылдықтағы Астана әуежайының таза табысы 1,6 млрд теңгені құрады. Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде, бұл 2021 жылға қарағанда 15,8 пайызға жоғары, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
 
 "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасарының ақпараты бойынша, аталған тұжырымдама негізінде Халықаралық Азаматтық авиация қауымдастығының (IATA) тәжірибелі мамандары әуежайды 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде. Биыл қараша айына дейін бұл бағыттағы жұмысты аяқтау жоспарланып отыр.
 

Мастер-жоспар жер учаскелерін пайдалануды, екінші ұшу-қону жолағын, перрон, терминалдар, ангарлар, бокстар, сондай-ақ қажетті ресурстарды кезең-кезеңімен жоспарлауды қамтитын болады. Оның ішінде арнайы техника мен персоналға да қатысты мәселелер бар. Аталған жоспар негізінде болашақта компанияны дамытудың ұзақ мерзімді бизнес-жоспары әзірленеді", – деп хабарлады Дәулет Хамзин.

 
Сондай-ақ ол әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі – жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк-терминалдарды кеңейту болатынын атап өтті. Әуежайдың географиялық орналасуы Қытайдан Еуропаға ұшулар кезінде жүк авиакомпанияларының шығындарын төмендетеді, ал авиаотынға қатысты ұсынылған бәсекеге қабілетті бағалар басқа әуежайлар мен елдерден транзиттік рейстерді тарту үшін қосымша ынталандыру болып табылады.
 

Бізде Орталық Азиядағы ең үздік жерүсті инфрақұрылымы мен техникалық жабдықтары бар. Олар рейстерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Әуежайдың ұшу-қону жолағы – аймақтағы ең үздіктердің бірі. Ол ІІІА ИКАО санатына сәйкес келеді және кез келген ауа райында әуе кемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді", – деп толықтырды Хамзин.

 
Негізінен транзиттік жүк рейстеріне үлкен көлемді жанармай құюды қажет ететін ауыр жүк ұшақтары пайдаланылады. Осы ретте елордалық әуежайда пайдаланылатын аталған санаттағы әуе кемелеріне жанармай құюдың бірегей жүйесі ұшу алдындағы рәсімдерге жұмсалатын уақытты қысқартып, авиакомпанияларға жедел қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, ауыр салмақты лайнерге 100 тонна жанармай құю үшін 30-40 минут жұмсалады.
 

Осы артықшылықтармен біз дағдарыстан шығуға септігін тигізген жаңа клиенттерді тарттық. Қазір біздің әуежай жылына 3 мыңнан астам жүк транзиттік рейстеріне қызмет көрсетеді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш тіпті 50 рейске де жетпейтін", – деді кәсіпорын басшылығының өкілі.

 
Сонымен бірге кірістерді нәтижелі әртараптандыру үшін әуежай жерді басқару және концессия есебінен инфрақұрылымды дамыту құқығын алуы қажет. Бүкіл әлемдегі әуежайлар қызметіндегі заманауи тренд – жер ресурстары мен инфрақұрылымды дұрыс басқару есебінен авиациялық емес кірістерді кеңейту. Әуежайлар кірістердің 40 пайызына дейін әуежайлардағы концессия шарттары және инфрақұрылым объектілерін ұзақ мерзімді жалға алу негізінде жерді пайдалану есебінен алады.
 

Қазақстанда әуежайлардағы жер телімдерін әкімдіктер басқарады. Әуежайларда концессия ұғымын енгізіп, оларға жерге билік ету құқығын беру қажет. Бұл әуежайлар инфрақұрылымына жеке инвестицияларды тартудың драйвері болмақ", – деп түйіндеді Дәулет Хамзин.

 
Сондай-ақ, ол, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, елорда әуежайының таза табысы 1,6 млрд теңгені құрағанын хабарлады.
 

Өткен жылы біз 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсеттік, ал 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында жолаушылар ағыны 3,5 миллионнан асты. Жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 5,3 миллионға жетіп, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға жоғары болмақ", – деді Астана қаласындағы әуежайдың өкілі.

 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны