24.11.2022, 12:09 15651

Ұлттық банк инфляцияның неліктен үдеп жатқанын айтты

Соңғы мәліметтер бойынша, қазан айында инфляция 18,8%-ға дейін жеделдеді.
Ұлттық банк инфляцияның неліктен үдеп жатқанын айтты
Астана. 24 қараша. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов инфляцияны жеделдетуге әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚР Ұлттық Банкінің баспасөз қызметі.
 
Соңғы мәліметтер бойынша, қазан айында инфляция 18,8%-ға дейін жеделдеді. Еске сала кеткім келеді, жыл соңына дейін ол 16-18% болады деп біз тамыз айында болжаған ек.
 

Яғни, инфляция біздің болжамнан асып түсті. Бұл еліміз бойынша орташа көрсеткіш екенін ескерсек, айтарлықтай өсім", - деп атап өтті Ұлттық Банк төрағасының орынбасары.

 
Инфляция ішкі және сыртқы себептерге байланысты өсіп отыр.
 

Ішкі себептер - жоғары инфляциялық күтулер. Көші-қон жүйесіндегі қарбалас та белгілі бір деңгейде әсер етті. Сонымен қатар біршама жаңа тұтынушылар пайда болды, бұл - жалға алу бағасының айтарлықтай өсуіне, сондай-ақ азық-түлік пен бірқатар қызметке сұраныстың артуына себеп болды", - деп түсіндірді сарапшы.

 
Күтілетін медианалық инфляция қазан айында ең жоғары 18,3% деңгейге көтерілген. Жағдай көрсеткендей, халық тауарды тұрған жерінде және сол бойда сатып алуға тырысып бақты. Өйткені көпшілік ертеңгі күні оның қымбаттай түсетініне сенімді еді. Бұл - сұранысты ынталандырады, ал сұраныс тұрақты болса, тұтынушылар бағаны көтеру арқылы шығындарды өте оңай көтереді. Осының аясында тұтынушылық несиелер көбейді, бюджет шығыстары индекстеліп, жалақы өсті. Бұл да инфляциялық үрдістің күшеюіне жол берді.
 
Сыртқы факторлар ұсыныс жағында шоғырланып жатыр. Жеткізу тізбегінде үзіліс болды. Әлемдік брендтер Ресейден кетіп жатыр. Ал, Қазақстан жаңа жеткізушілерге қайта бағдарлануда.
 

Мысалы, біздің ел тұрмыстық химия өнімдерін Ресей Федерациясынан жеткізіп отырды, ал енді бұл тауарларды ауыстыру үшін уақыт қажет. Үйреншікті маршруттардан бас тарту керек, жаңа жеткізу желілерін салу керек, ол қымбатқа шығуы да мүмкін. Сол кезде сұранысқа сай тиісті ұсыныс болмай қалуы ғажап емес, бұл өз кезегінде инфляцияның өсуіне алып келеді", - деді Баймағамбетов.

 
Оның үстіне, Баймағамбетовтың айтуынша, Қазақстан әлі әлемдік инфляцияның шыңынан өткен жоқ, біз оны жай ғана импорттап отырмыз.
 

Сондықтан біздің міндетіміз - сыртқы жағдайларға құрылымдық түзету аз шығынмен жүргізілгені дұрыс, сонда бағаның өсу қарқыны бәсеңдеп, 2023 жылға қарай төмендеуі керек", - деп атап өтті ҚР ҰБ басшысының орынбасары.

 
Сарапшы, сонымен қатар, мөлшерлеменің өсуі тауарлардың қымбаттауына әкеледі деген пікірге түсініктеме берді.
 

Сауда саласындағы нақты сектордың мониторингі бойынша, III тоқсандағы сату рентабельділігі 2022 жылы 21,3% құрады. Тарихи тұрғыдан алғанда, ол орта есеппен 16,7% деңгейінде болды, яғни, табыстылық орташа тарихи мәндерден жоғары. Ал ҚҰБ бағалауы бойынша, бұл сектордың маржасы жиынтық сату түсімдері мен өзіндік құнын ескергенде 2022 жылдың ІІ тоқсанында 25%-ды құрады. Сауда саласында қалыптасқан тұрақты сұранысқа байланысты баға өсуінің жүктемесі қарапайым тұтынушыларға ауыр тиіп отыр, яғни, баға мөлшерлемеге байланысты өсіп отырған жоқ. Базалық мөлшерлеменің көтерілуі инфляцияның өсуін қалыптастырмайды, керісінше, ол оны тұрақтандыруға және төмендетуге бағытталған", - деп түсіндірді ол.

 
Төрағаның орынбасары төмен ставка бізді тұйық шеңберге әкеп тірейтінін айтты: жоғары инфляция - жоғары сұраныс - жалақыны индексациялау - жоғары инфляция және т.б.
 

Бізге бұл шиыршыққа еш жағдайда да түсуге болмайды. Қазір бөлшек сауданың нақты өсуін шектеп отырған негізгі себептердің бірі - инфляцияның жоғары болуы, ол қызметкерлердің жалақысын индексациялауды талап етеді, жоспарлауды қиындатады, сұранысты тежейді және сайып келгенде, бизнес маржасы мен оның табыстылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін", - деп санайды ол.

 
Сондай-ақ, Баймағамбетов Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары кешенін әзірлегенін айтты.
 

Құжатта - өндіріс көлемін ұлғайту, сақтау, тауарлар мен көлік логистикасы, тауарлардың бөлшек саудасы, бағаны бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу, жүйелі шаралар сияқты негізгі бес бағыт бойынша жұмыс қарастырылған. Үкімет тарапынан әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үкіметтің инфляцияны бақылау тәсілін атаулы әлеуметтік көмекке өзгерту мәселесін талқылау басталып кетті. Бұл бағаны шарықтатпай, есесіне, мұқтаж азаматтардың санатына көмек көрсету дегенді білдіреді. Осылайша, субсидиялар мақсатты бола алады, ал тауарларды жеткізу мен өндірістің табыстылығы айтарлықтай серпін алады. Яғни, бәсеке мен сұраныс арқылы баға тұрақтандырылу керек" ,- деп бөлісті Баймағамбетов.

 
Ұлттық Банк өз тарапынан 2023 жылы инфляцияны төмендету, 2025 жылдан бастап орта мерзімді мақсаттарды орындау үшін сұранысты ұсыныспен теңгерімді ету және экономиканың қызып кетуін болдырмау үшін базалық мөлшерлемені көтеру арқылы ақша-кредит шарттарын күшейтіп отыр.
 

Бұл мәселеге келгенде біздің ойымыз бен Үкіметтің көзқарасы бір жерде түйіседі. Төмен инфляция деңгейін таргеттеп, оған қол жеткізе білу қажет. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инфляциялық күтулерін мақсатты көрсеткішке жақындатады", - деп түсіндірді ол.

 
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жоғары инфляциялық күтулер байқалады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны