28.05.2025, 11:15 55336
Қазақстан мен Франция арасындағы тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетті
Достарға айту
Премьер-министр Олжас Бектенов екі елдің бизнес-қоғамдастығының 300-ден астам өкілі қатысқан Қазақстан-Франция инвестициялық форумын ашты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Форумның күн тәртібінде сауда-экономикалық қатынастарды, көлік, энергетика және өнеркәсіптік әлеуетті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі мен денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық, қалаларды тұрақты дамыту және қалалық ортаның сапасын жақсарту, сондай-ақ ТКШ және туризм салаларын нығайту мен әртараптандыруға арналған кең ауқымды мәселелер тұр.
Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31%-ға артып, $5,5 млрд рекордтық көрсеткішке жетті, оның ішінде экспорт көлемі $3,6 млрд-ты құрады. Қазақстандағы француз инвестициясы $20 млрд-қа жақындады, елімізде француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания белсенді жұмыс істеп келеді.
Бүгінде Қазақстан Франция үшін жетекші серіктес саналады, Орталық Азия елдерімен барлық сауданың 80%-ға жуығы оның үлесіне тиесілі.
Форумды ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов екі мемлекет басшылары деңгейіндегі сенімді қарым-қатынастар нәтижесінде екіжақты байланыс стратегиялық әріптестіктің кеңейтілген деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Франциямен ынтымақтастық - Қазақстанның сыртқы саясатындағы негізгі басымдықтардың бірі және Еуропалық Одақ шеңберіндегі серіктестігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің елдеріміз берік саяси байланыстармен, белсенді үкіметаралық және парламенттік диалогпен, сондай-ақ қарқынды сауда және инвестициялық өзара іс-қимылмен ерекшеленетін берік әрі көпқырлы серіктестікке ие", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр Қазақстанның оңтүстігінде қуаты 1 ГВт болатын Тotal Energies компаниясымен жел электр стансасын салу, Alstom компаниясы ұсынған өндірісті оқшаулау және теміржол секторына жаңа инвестиция, Air Liquide компаниясының Павлодар МХЗ-дағы сутегі энергетикасы бойынша жобасы, Danone, Lactalis және Lidea және т. б. қатысуымен тамақ және сүт өнеркәсібін дамыту сияқты негізгі бірлескен жобаларға тоқталды.
Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға және ЖИ, фармацевтика, туризм және су ресурстарын басқару сияқты секторлардағы ынтымақтастыққа мүдделі.
Сондай-ақ Астана мен Алматыда француз мектептерінің ашылуы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дағы Lumière орталығының және Лотарингия университеті филиалының жұмысын қоса алғанда, білім беру және ғылыми кооперациядағы ілгерілеушілік атап өтілді.
Олжас Бектенов Қазақстан шетелдік әріптестер үшін қолайлы инвестициялық ахуал жасауға толық ниетті екенін атап өтті. Қазіргі уақытта Қазақстан ұсынып отырған инвесторлар үшін мүмкіндіктерге, құқықтық кепілдіктер, салықтық жеңілдіктер, арнайы экономикалық аймақтарға және АХҚО-ға назар аударылуда.
Форум Қазақстан мен Франция президенттері арасындағы уағдаластықтарының іс жүзіндегі жалғасы болуға және іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды іске қосуға және екі елдің бизнесі арасындағы байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша энергетика, көлік, денсаулық сақтау және су ресурстары салаларындағы келісімдерді қоса алғанда, бірқатар құжатқа қол қою жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
тақырып бойынша жаңалықтар
19.12.2025, 20:02 2691
Қазақстан мен Солтүстік Македония инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстанның Солтүстік Македониядағы Елшісі Сатыбалды Бұршақов Шетелдік инвестициялар және экспортты ілгерілету агенттігінің директоры Рефик Джемайлимен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қазақстан Елшісі македон тарапын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен еліміздегі саяси және экономикалық реформалармен таныстырды, сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелері туралы хабардар етті.
С.Бұршақов жаңа Жолдаудың тұжырымдамалық шеңбері елдің терең цифрлық трансформациясы, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, жасанды интеллектті дамыту идеясы болғанын атап өтті.
Президент Гордана Силяновска-Давкова мен Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Тимчо Муцунскидің ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында Астанаға жұмыс сапарлары барысында маңызды уағдаластықтар аталып өтті.
Ең алдымен, бұл іскерлік кеңес құру, бизнес-форум өткізу, екіжақты сауданы ұлғайту.
Агенттік басшылығы Қазақстан Республикасына шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі Елшіліктің презентациямен қызығушылықпен танысып, сауда-экономикалық ынтымақтастық саласында жоғары деңгейде қол жеткізілген өзара уағдаластықтарды ілгерілетуге жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
19.12.2025, 15:52 1976
ҚМГ зауыттарының мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін шығару көлемі ең жоғары тарихи межеге жетті
Достарға айту
Шымкент қаласында "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов ҚМГ-ның негізгі мұнай өңдеу және мұнай-химия активтерінің өндірістік қызметіне қатысты жиналыс өткізді. 2025 жылдың алдын ала қорытындысы шығарылып, 2030 жылға дейінгі жоспарлар қаралды, деп хабарлайды ҚазМұнайГаз.
Жиын барысында Асхат Хасенов ҚМГ-ның мұнай өңдеу зауыттарының жоғары көрсеткіштерін атап өтті.
Биылғы 11 айда зауыттарымыз ең жоғары межеге жетті - 16,6 млн тонна мұнай өңделді. МӨЗ ұжымдарының жұмыла жұмыс істеуінің арқасында өңдеу көлемін ұлғайтып қана қоймай, жеңіл мұнай өнімдерінің шығару деңгейін едәуір арттырдық. Нәтижесінде елімізді қажетті отын көлемімен қамтамасыз еттік", - деді ҚМГ басшысы.
2024 жылы өңдеу көлемі 17,45 млн тонна болса, 2025 жылы 18,16 млн тоннаны құрайды деп күтіледі. Негізгі жетістік - дизель отыны рекордтық деңгейде өндірілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,1 млн тонна дизель отынын шығарылады деп жоспарлануда - бұл өткен жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға артық. Автомобиль бензині бойынша да оң динамика тіркелді, өсім 400 мың тоннаны құрады. Бұл ішкі нарықтағы тапшылықтың алдын алуға мүмкіндік берді.
Жеңіл мұнай өнімдерінің барлық түрі бойынша едәуір өсім тіркелді, олардың көлемі 2025 жылдың қорытындысы бойынша 13,6 млн тоннаға дейін өседі (2024 жылмен салыстырғанда 1,2 млн тоннаға көп). Операциялық тиімділіктің артуына байланысты Қазақстандағы ҚМГ тобы бойынша жеңіл мұнай өнімдерін шығарудың жалпы көрсеткіші 2025 жылы 78%, ал мұнай өңдеу тереңдігі 90% деңгейінде күтіледі.
Жиын барысында әр кәсіпорынның жұмыс нәтижелері қаралды. "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ЖШС сапа көрсеткіштері бойынша көш бастап келеді: 2025 жылы өңдеу 6,23 млн тоннаны құрап, жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 81,5% жетеді. Зауыт өндірістік қуатты 12 млн тоннаға кеңейту жөніндегі стратегиялық жобаға қатысты жұмысын жалғастыруда, бұл еліміздегі энергетикалық қауіпсіздіктің негізгі факторына айналмақ.
Өз кезегінде "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС (АМӨЗ) 2025 жылдың қорытындысы бойынша 5,47 млн тоннаны өңдейді. Кәсіпорын жеңіл мұнай өнімдерін шығару көрсеткішін 77% деңгейіне жеткізуді көздеп отыр. АМӨЗ жоспарлы алдын алу жұмыстарын сәтті аяқтап, өндіріс процесіне цифрлық шешімдерді жан-жақты енгізіп келеді.
Павлодар мұнай-химия зауыты" ЖШС (ПМХЗ) жоспарлы алдын алу жұмыстарын мерзімінен бұрын аяқтап, нарықты қосымша отын көлемімен қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта кәсіпорын пайдаланудың жөндеуаралық кезеңін ұлғайту жөніндегі жобаны белсенді іске асыруда. Бұл шаралар кешені өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған. Ол жабдықтар мен негізгі тораптарды техникалық тұрғыдан жаңартуды, шикізат ағындарының конфигурациясын өзгертуді, сондай-ақ заманауи автоматтандырылған басқару жүйелерімен жабдықтауды қамтиды. Биылғы жұмыстың қорытындысы бойынша ПМХЗ 5,76 млн тоннаны өңдеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жеңіл мұнай өнімдерін шығару көлемі 74% деңгейінде болады деп күтілуде.
Жол-құрылыс саласын дамытуға "CASPI Bitum" БК" ЖШС елеулі үлес қосып келеді. Ауқымды жаңғыртудан кейін зауыт жылына 750 мың тонна битум шығаруға қауқарлы болды. Бүгінде кәсіпорын отандық компанияларды сапалы өніммен қамтамасыз етуде.
Жиынға қатысушылар мұнай-газ химиясындағы жетістіктерге ерекше назар аударды. "Kazakhstan Petrochemical Industries Inc." ЖШС (KPI) газ-химия кешені өндіріс көрсеткіштерін арттырып келеді: 2024 жылы 245,4 мың тонна өнім шығарылса, 2025 жылдың 11 айында ғана полипропилен өндіру көлемі 336,8 мың тоннаға жетті.
Жалпы, KPI іске қосылғалы нарықтағы жағдай түбегейлі өзгерді: Қазақстанның полипропилен бойынша импортқа тәуелділігі 2022 жылғы 63%-дан жыл соңына қарай болжамды 5% дейін төмендеді. Отандық зауыттың ішкі нарықтағы үлесі 70% асты, ал полипропилен түрлері 15 маркаға дейін кеңейді, соның ішінде премиум сұрыптары бар.
Жиын соңында Асхат Хасенов кәсіпорындарға үздіксіз әрі тұрақты жұмысты қамтамасыз ету және стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруды күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 15:39 86361
Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Түркістан облысының әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Аталған жоба - өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.
Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен "жасыл экономикаға" көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі - қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы - ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану - өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды. Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама - экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания "Energy China" басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін. Бүгінгі салтанатты рәсім - үлкен жұмыстың бастамасы. Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін", - деді Нұралхан Көшеров.
Бейнебайланыс арқылы сөйлеген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.
Сонымен қатар бейнебайланыс "China Energy Group" президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.
Жиында "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін атап өтті: "Самұрық - Энерго" үшін бұл станцияны салу - инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз", деді.
China Energy Engineering Overseas Investment Company" директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.
Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, "Самұрық-Энерго" АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және "China Energy Engineering Overseas Investment Company" директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.
Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
16.12.2025, 14:37 86726
Испаниялық компания Қызылорда облысындағы зауыт құрылысына 44 млрд теңге инвестиция салады: инвестициялық келісімге қол қойылды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қызылорда облысында 44 млрд теңгеден астам сомаға заманауи санитарлық-техникалық өнімді өндіру және құрастыру зауытын салуға арналған инвестициялар туралы келісім жасалды. Оған бір тараптан өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, екінші тараптан испаниялық Roca Group компаниясының еншілес кәсіпорны - "РОКА Қазақстан" ЖШС бас директоры Даниэль Эрнандес қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің өңдеуші өнеркәсіпке инвестициялар тарту және импортты алмастыру жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу үшін локализациялауды арттыру бойынша қойған міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.
Зауыт керамикалық санитарлық өнімдерді, жуынатын бөлмелерге арналған жиһаздарды және өзге де бұйымдарды өндіруге және құрастыруға маманданатын болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарлануда. Жоба шеңберінде 300-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ қазақстандық мамандарды оқыту және біліктілігін арттыру көзделген.
Кәсіпорын үдерістерді автоматтандырудың жоғары деңгейі бар және экологиялық қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдерді шығару бойынша Қазақстандағы алғашқы өндіріс болмақ.
Жобалық қуаттылығы жылына 500 мың бұйымды құрайды. Шығарылатын өнімді Қазақстанның ішкі нарығына жеткізу және Орталық Азия елдеріне экспорттау жоспарлануда.
Зауытты іске қосу қосылған құны жоғары өнім өндірісін ұлғайтуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, инвестициялар туралы келісім жасасу жоспары Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group Директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Роктың осы жылдың маусым айындағы кездесуі барысында талқыланған болатын. Осылайша, құжатқа қол қойылуы және жұмыстардың басталуы ел экономикасының инвестициялық тартымдылығын арттыру жөніндегі жүйелі шаралардың нәтижесін және инвесторлар сенімінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Құжатқа қол қою барысында Roca Group өкілдері Қазақстан олар үшін стратегиялық маңызды нарық болып саналатынын атап өтті. Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалға оң баға берді.
Анықтама: Roca Group - 100 жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтарды өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания бүкіл әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады, онда 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Өнімдері 170-тен астам елге тарайды және жоғары сапалы, инновациялық шешімдер мен еуропалық стандарттарға сәйкес болғаны үшін кеңінен танымал.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.12.2025, 18:24 86936
9 апатты энергия көзі жөнделді, жылу желілерінің тозуы 25%-ға төмендеді
Сурет: primeminister.kz
Достарға айту
Үкіметтің 2025 жылғы жұмысының қорытындысын шығару бойынша Astana Hub-та өткен баспасөз конференциясында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов жылыту маусымын өткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Есепті кезеңде энергетика саласында ең маңызды нәтижелерге қол жеткізілді - инфрақұрылымның ұзақ жылдар бойы созылған тозуы тоқтатылып, активтерді ауқымды жаңарту циклі іске қосылды. "Тарифті инвестицияға айырбастау" қағидаты енгізілгеннен кейін электр стансаларын жөндеу жұмыстарына салынған капиталдық инвестициялар 20%-ға артты, бұл енгізілген принциптің тиімділігін көрсетеді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесі сенімділіктің нақты көрсеткіштерімен бағаланады. Ұзақ жылдан бері алғаш рет ел бойынша ЖЭО (жылу электр орталықтары) жабдықтарының жалпы тозуы азайып, көрсеткіш 61%-ға жетті. Жоспарланған барлық жөндеу жұмысын орындау Кентау, Риддер және Екібастұз стансалары секілді барлығы 9 энергетикалық нысанды тәуекел аймағынан шығаруға мүмкіндік берді.
323 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңғырту нәтижесінде тұтынушыларға тұрақты жылу жеткізу қамтамасыз етіліп, инфрақұрылымның тозуы 52%-ға төмендеді. Жылу желілеріндегі апаттық жағдайлар саны 25%-ға кеміді.
Инфрақұрылымды қалпына келтірумен қатар жаңа қуат көздерін іске қосу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылы Текелі энергетикалық кешенінде газотурбиналық қондырғылар пайдалануға берілді, ал Топар МАЭС-інде (мемлекеттік аймақтық электростанса) 130 мегаватт қуаттылығы бар жаңа турбоагрегат сәтті іске қосылды. Энергетикалық жүйе сұраныстың алдын орап, рекордтық көрсеткіш сағатына 118 млрд киловатт электр энергиясын өндірді", - деді Ерлан Ақкенженов.
Келесі жылдан бастап Үкімет өңірлік деңгейде жылумен жабдықтау схемаларын қайта қарау бойынша жүйелі жұмысқа кіріседі. Пилоттық жобалар Жамбыл облысы мен Шымкент қаласында жүзеге аспақ.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.12.2025, 17:34 102131
Соңғы 25 жылда электр энергиясын тұтыну 2,5 есеге өсті: Үкімет Президент тапсырмасы бойынша жаңа қуат көздерін іске қосуда
Достарға айту
Үкімет жұмысының 2025 жылғы қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихаты барысында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов электр энергиясын өндірудің айтарлықтай өсуі және қуаттарды одан әрі арттыру жоспарлары туралы айтты, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Оның айтуынша, 2000 жылдардың басында Қазақстанда электр энергиясын өндіру жылына шамамен 50 млрд кВт/сағ құрады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 117,9 млрд кВт/сағ жетті, ал осы жылы шамамен 122 млрд кВт/сағ өндіру жоспарланған. Осылайша, елімізде 25 жыл ішінде электр энергиясын тұтыну 2,5 есеге өсті.
Энергетика министрлігі қуаттарды арттыру және электр қуатын өндіруді ұлғайту бойынша нақты жоспар әзірледі. 2035 жылға дейін электр энергиясын өндіру көлемін іс жүзінде екі есеге арттыра отырып, жаңа қуаттарды енгізу және қолданыстағы қуатты жалпы 26,4 ГВт-қа реконструкциялау жоспарлануда.
Ерлан Ақкенженов тұтынудың өсуі технологиялық ілгерілеуге байланысты екенін атап өтті.
Үдеріс бір орында тұрмайды. Бүгінде елімізде екі суперкомпьютер жұмыс істейді - AlemAI және AI Farabium. Жасанды интеллект, суперкомпьютерлер дамуы, деректер орталықтарының құрылысы және өнеркәсіптік өндірістің өсуі нәтижесінде электр энергиясын тұтыну көлемі сөзсіз артады.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында қойған міндетке сәйкес қазіргі заманғы және экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, көмір генерациясын дамыту жалғастырылады.
Жақында Павлодар облысы, Екібастұз қаласының маңында салынатын қуаты 2 600 МВт ГРЭС-3 заманауи станса құрылысына конкурс өткізілді, онда қазірдің өзінде екі ірі электр стансасы жұмыс істейді. Жаңа ГРЭС-тің бір бөлігі маневрлік генерациямен жабдықталады - заманауи технологиялар мұндай шешімдерді көмір стансаларында да тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Көкшетау, Семей және Өскеменде үш ЖЭО салу жоспарлануда", - деп атап өтті министр.
Сонымен қатар газ генерациясында жобалар жүзеге асырылуда. Шымкентте қуаты 1 000 МВт бу-газ қондырғысының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар биыл Мемлекет басшысы жалпы қуаты 270 МВт болатын үш "Түркістан" бу-газ қондырғысы блогын іске қосуға қатысты. Бұл маневрлік генерациялау нысандары электр жүйесін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл жобалардың барлығы ұлттық энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, Қазақстанның мақсаты - 2035 жылға қарай электр энергиясын өндіруді екі есеге арттыру", - деп қорытындылады сөзін Ерлан Ақкенженов.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.12.2025, 16:20 102601
Қазақстанда мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру көлемі 12%-ға ұлғайды
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Қазақстан Республикасының энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің БАҚ өкілдерімен кездесуі аясында Үкіметтің 2025 жылғы терең өңдеу және мұнай-газ химиясы секторындағы жұмысының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Мұнай-газ химиясы саласында экономиканың шикізатқа тәуелділігін әртараптандыруға және төмендетуге арналған дәйекті бағыт жүзеге асырылуда. Отандық мұнай-газ химиясы тұрақты екі таңбалы өсім қарқынын көрсетіп отыр және шикізат емес экспорттың негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасуда.
Мұнай-газ химиясындағы өнім өндірісінің көлемі 12%-ға өсті. Қазақстан терең өңделген полипропилен, бензол және параксилол сынды өнімдерді сыртқы нарықтарға жүйелі түрде жеткізуді бастады", - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Саланың стратегиялық дамуы ауқымды құрылыс кезеңімен тығыз байланысты. Елімізде әлемдік деңгейдегі ерекше мұнай-химиялық кешендер салынып жатыр. Атырау облысында полиэтилен зауытының болашақ пиролиз қондырғысының құрылысы 30%-дан астамына орындалды. Павлодарда алкил шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
15.12.2025, 14:26 102381
Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі зауыттарды жаңғырту есебінен 40 млн тоннаға жетпек
Сурет: Depositphotos
Достарға айту
Astana HUB алаңында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуі өтті. Кездесу барысында 2025 жылғы саланың қорытындылары шығарылып, келесі жылға арналған басымдықтар талқыланды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігнің баспасөз қызметінен.
Есептік кезеңде министрлік Мемлекет басшысы бастамашы болған ауқымды реформаларды іске асыруды жалғастыруда. Бұл реформалар мұнай-газ секторын, жанар-жағармай материалдары нарығын және мұнай өңдеу саласын қамтиды. Мұнай-газ саласындағы жылдың басты оқиғасы Теңіз кен орнындағы Болашақ кеңейту жобасының толық аяқталуы болды.
Үшінші буын зауытының пайдалануға берілуі мұнай өндіру көлемін жылына 12 миллион тоннаға арттыруды қамтамасыз етіп, экспорттық түсімнің тұрақты көзін қалыптастырды және ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтті. Ішкі жанар-жағармай нарығын реттеу аясында Министрлік бағаны қолмен басқарудан нарықтық тетіктерге көшу үдерісін жүзеге асырды. Қабылданған шаралар нарықты тұрақтандыруға, оны отынмен толық қамтамасыз етуге және тапшылық қаупін барынша азайтуға мүмкіндік берді.
Биыл мұнай өңдеу саласын 2040 жылға дейін дамытуға арналған ұзақмерзімді өндірістік бағдарлар бекітілді. Олар қуаттарды ұлғайту, өнім сапасын арттыру және ғылыми-технологиялық шешімдерді енгізу қағидаттарына негізделген. Негізгі мақсатты көрсеткіш - қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және қуаттылығы жылына 10 миллион тоннаға дейінгі жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасын іске асыру арқылы мұнай өңдеу көлемін 18 миллион тоннадан 39 миллион тоннаға дейін арттыру", - деп атап өтті Ерлан Ақкенженов.
Ағымдағы жылы CaspiBitum зауытын жаңғырту аяқталып, нәтижесінде кәсіпорынның мұнай өңдеу қуаты жылына 1,5 миллион тоннаға, ал битум өндіру көлемі 750 мың тоннаға дейін ұлғайды. Шымкент, Атырау және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту жұмыстары жалғасуда, сондай-ақ жаңа мұнай өңдеу зауытын салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту шаралары жүргізіліп жатыр. Экологиялық күн тәртібі мен саланың технологиялық дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Көміртегі бейтараптығы стратегиясы аясында К5+ экологиялық стандарттарына сай мұнай өнімдеріне көшу бекітіліп, МӨЗ-рын техникалық жаңғырту мұнай өңдеу тереңдігін 94 пайызға дейін арттыруға және мұнай өңдеуді мұнай-химиямен ықпалдастыра отырып, жоғары қосылған құны бар өнімдер шығаруға мүмкіндік береді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
ИНТЕРНЕТ ТЕЛЕВИДЕНИЕ
KAZAKHSTAN TODAY LIVE
Ең көп оқылғаны
15.12.2025, 20:37Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты 15.12.2025, 22:01 167051Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 166751Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 166501Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды17.12.2025, 11:28 130871Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
10.12.2025, 17:08 183646Президент Су және денсаулық сақтау туралы хаттаманы ратификациялауды мақұлдады15.12.2025, 20:37 167486Қазақстандық делегация "Ертіс: достық өзені - даму өзені" халықаралық форумына қатысты15.12.2025, 22:01 167051Прагада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы атап өтілді15.12.2025, 23:10 166751Бейжіңде "Қазақстанның достары клубының" отырысы өтті15.12.2025, 23:30 166501Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды

