12.09.2023, 10:24 54566

Қазақстанда бір айда қайталама тұрғын үй бағасы төмендеді, жалдау ақысы көтерілді

Тамыз айындағы жалдау ақысы 2,3% өсті
Қазақстанда бір айда қайталама тұрғын үй бағасы төмендеді, жалдау ақысы көтерілді
Тұрғын үй нарығында бір жылда (2022 жылғы тамызға қарағанда биылғы тамызда) жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4% өсті, ал пәтерлерді қайта сату бағасы 2,9% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2023 жылғы тамызда 17% артты, деп хабарлайды Gov.kz.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтау - 18%, Семей - 16%, Павлодар 15,5% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары, тұрғын үйді жалға беру нарығында - Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары.

Бастапқы, таза әрленген пәтерлердің жалпы ауданының бір шаршы метрінің республика бойынша орташа бағасы.

Бір айдың ішінде (2023 жылғы тамыз 2023 жылғы шілдеге қарағанда) жаңа тұрғын үй баға өзгеріссіз қалды, пәтерлерді қайта сату 1,8% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі шілдемен салыстырғанда тамызда 2,3% өсті.

Тұрғын үй бойынша мәміле жасасу көрсеткіші жыл басынан бері ең жоғары көрсеткішке жетіп, 2023 жылғы тамызда 38 810-ға жетті. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 10 141 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 669 мәміле жасалды. 2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда (34 225) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 13,4%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 679 - 18%) және Алматы (5 928 - 15,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 705 - 9,5%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз - 410 бірлік (1,1%).

2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда тамызда өсім, Ұлытау облысынан (-3,5%) басқа еліміздің барлық өңірінде тіркелді. Ал мәмілелер санының ең көп өсімі Солтүстік-Қазақстан (53%-ға), Жетісу (27,7%-ға) және Жамбыл (26,3%-ға) облыстарында байқалды.

2023 жылдың шілдесімен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 12,7%-ға (3 225 мәмілеге) өсті. Тамыз айында пәтерлер бойынша барлығы 28 669 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 73,9%-ы. Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, тамыз айында олардың жыл басынан ең көп саны ресімделді - 10 924. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (23,9%), Алматы (18,7%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,6%) тиесілі.

2023 жылдың шілде айымен салыстырғанда, тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 15,5%-ға ұлғайып (1 360 мәмілеге), 10 141-ді құрады. Батыс-Қазақстан (-16%) және Абай (-4%) облыстарын қоспағанда еліміздің барлық дерлік өңірінде оң динамика орын алды.

2023 жылдың тамызында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы тиісті айымен салыстырғанда 8,8%-ға өсті, ол кезде 35 686 мәміле ресімделген болатын. Ең жоғары өсім көрсеткіші Солтүстік-Қазақстан облысында (80,4%-ға) байқалды. Азаюдың ең жоғарғы көрсеткіші Қызылорда облысында (-15,5%-ға) тіркелді. 2023ж. қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санының 2022ж. қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда теріс динамика орын алды - -29%.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны