20.12.2022, 10:11 14776

Қазақстандық ЖЭО-ның орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл - Ақшолақов

Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет
Қазақстандық ЖЭО-ның орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл - Ақшолақов
Астана. 20 желтоқсан. KAZAKHSTAN TODAY - Қазақстандағы жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі 61 жыл құрайды, деп мәлімдеді Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов.
 

Еліміздегі жылу электр орталығының орташа пайдалану мерзімі - 61 жыл. Олардың шамамен 76%-ы 50 жылдан астам жұмыс істейді", - деді Энергетика министрлігінің басшысы.

 
Оның айтуынша, жабдықтың тозуы, оның орташа көрсеткіші 66%-ды құрайды, бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларында ЖЭО тозуы 80%-дан асады.
 
Технологиялық бұзушылықтар саны, талдауға сәйкес 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр станцияларында авариялық ажыратулар 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға өскені анықталды, деді Ақшолақов.
 

Қызыл аймақтағы жылу электр орталықтары үшін келесі күзгі-қысқы кезеңде тәуекелдерді азайту мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу, реконструкциялау, жаңғыртуды жүргізу көлемі айқындалды. Алдын ала деректер бойынша, жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет. Бұл есеп бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді. Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескере отырып, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды", - деді министр.


 
Энергетика министрінің айтуынша, қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеулерді орындау үшін шығыстарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 млрд теңгені құрайды.
 

Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша - меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады", - деді ол.

 
Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, ведомство 37 жылу электр орталығының техникалық жай-күйіне талдау жүргізді. Мәселен, қызыл аймаққа 19, сары аймаққа 11 және жасыл аймаққа 7 жылу электр орталығы кірді.
 
Ақшолақов сондай-ақ жалақының төмен деңгейіне байланысты кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін қозғады.
 

Қазақстандағы жылу электр орталығы өндірістік персоналының орташа жалақысы 2021 жылы 224 100 теңгені құрады. Өздеріңіз білетіндей, жылу электр орталығында шығындар жылу және электр энергиясы бойынша бөлінеді. Жылу электр орталықтарында жылу энергиясының тарифтерінде 5% жыл сайынғы еңбекақы төлеу қорының өсуіне көзделеді. Энергетика министрлігі электр энергиясына шекті тарифтерді қарау кезінде электр энергиясын өндіруге тартылған персонал үшін жалақының 15% өсуін көздеді", - Б. Ақшолақов.

 
Баяндамашыны тыңдаған Премьер-Министр қыркүйек айында өңірлердің әкімдері жылу беру маусымына дайынбыз, ешқандай проблема жоқ деп баяндағанын атап өтті.
 

Бірақ күн суытқанда бірнеше төтенше жағдай орын алды. 2 айдың ішінде 2 бірдей ірі апат болды. Риддер мен Екібастұзда. Сонымен бірге Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларының жылу беру жүйесінде де қауіпті жағдайлар орын алды. Жылу беру жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін белсенді шараларды қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Тексерулер басталды, өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді", - деді Әлихан Смайылов.

 
Премьер-Министр бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан, жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмегенін атап өтті. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Қараусыз жатқан желілердің мәселесі де шешімін тапқан жоқ.

 

Бізде қыс айлары өте қатал. Яғни, апаттар бұған дейін де болып тұрды. Бірақ олар саны жағынан да, ауқымы жағынан да мұндай болған емес. Баспасөз бен әлеуметтік желідегі шағымдарға қараңыздар. Барлық өңірден мыңдаған шағым бар. Бұл бір күннің ғана проблемасы емес. Жылдар бойы қордаланып келді", - деді Әлихан Смайылов.

 
Сондай-ақ ол келесі жылдан бастап жылу желілерін жөндеу бойынша ауқымды бағдарлама басталатынын еске салды.
 

Бірінші кезекте тозу деңгейі 70%-дан асып кеткен жылу желілері ауыстырылады. Мұндай желілер 1600 км! Екінші кезеңде 4 мың километрге жуық желі жаңартылады. Бұл өте ауқымды жұмыс әрі көп қаражатты талап етеді", - деді Әлихан Смайылов.

 
20.12.2022, 11.24 толықтырылды
 
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, бүгінгі күні қалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 12,1 мың шақырымды құрайды, оның6,7 мың шақырымы ауыстыруды талап етеді, орташа тозу деңгейі - 55%. Қажетті инвестиция көлемі шамамен 2,2 трлн теңге.
 

Риддер, Шемонаиха және Арқалық қалаларындағы төрт субъект бойынша ұзындығы 52 шақырым болатын желілердің нормативтік пайдалану мерзімі өтіп кеткен", - деді Қ. Өскенбаев.

 
Бұл ретте министр 2020 жылдан бастап тарифтердің шектелуіне (тарифтердің өсуін тежеу) және қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялар субъектілерінің шығынына байланысты жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік кредиттеуге қызығушылығы төмен екені байқалатынын атап өтті.
 
Осыған байланысты, ИИДМ жылу желілерін кезең-кезеңімен жаңғыртудың келесідей тәсілін ұсынады.
 
Бірінші кезең: 2023-2030 жылдары тозуы 70%-дан асатын жылу желілерін ауыстыру ұсынылады. Бұл 1,6 мың шақырымды құрайды.
 
Екінші кезең: 2030-2040 жылдары тозуы деңгейі 50-ден 70%-ға дейінгі жылу желілерін ауыстыру ұсынылады. Бұл 3,7 мың шақырымды құрайды.
 

Тозуы 50%-дан төмен жылу желілерін субъектілердің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылады", - деді индустрия және инфрақұрлымдық даму министрі.

 
Естеріңізге сала кетейік, барлық ЖЭО аудиті 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны