2025 жылғы маусымда тұтыну бағаларының айлық индексі баяулай түсіп, 0,8% құрады (2025 жылғы мамырда - 0,9%), деп
хабарлайды Ұлттық статистика бюросының баспасөз қызметінен.
Азық-түлік тауарларының ішінде баға қиярға - 19,5%, қырыққабатқа - 18,1%, қызанаққа - 15%, сарымсаққа - 8,4%, бананға - 3,4%, жұмыртқаға 3% төмендеген. Осы орайда балмұздақ бағасы 1,9% өскен, йогурт - 1,6%, жаңғақ - 1,5%, рулет пен кекстерге - 1,3%, кондитерлік өнімдер мен салқындатылған сусындар - 1%-дан, сарделька бағасы 0,9% қымбаттаған.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде маусым айында тұрмыстық заттардан электрлі ет тартқыш бағасы 2,5%, үтіктікі 1% өскен.
Тарифтер арасынан ыстық су 6,2% төмендеді. Қызмет көрсету секторында баға фотограф қызметіне 3,3% өскен, салтанатты шаралар өткізетін ұйымдастырушыларда - 2,8%, теледидар жөндеу - 2,4%, тұрғын-үй, жайларды жөндеу және қызмет көрсету - 1,4%, шаштараздар мен сұлулық салондары қызметтері 1,3% жоғарылаған.
2025 жылғы маусымда жылдық мәнде инфляция деңгейі 11,8% құрады.
Жылдық мәнде қарақұмық жармасы - 9%, күріш - 8,3%, қияр - 3,5%, сұлы жармасы - 2,5%, кептірілген өрік 2,3% арзандады. Керісінше алмұрт - 11,3%, консервіленген жүгері - 10,8%, жеміс және көкөніс шырындары 10,4% қымбаттаған.
Азық-түлік емес тауарларының ішінде блендер бағасы 7,8% өсті.
2024 жылғы маусыммен салыстырғанда өткен маусым айында кабельдік телевизия қызметтері 2,2% жоғарылаған.
Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бақылаулар қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағалары - барлығы 508 позиция бойынша жүргізіледі. Инфляция бойынша динамикалық өзгерістерді 2018 жылдан бастап көрсеткіштер қамтылған арнайы әзірленген интерактивті дашбордта көруге болады.
2025 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық-түлік тауарларының үлесі - 40,0%, азық-түлік емес тауарлар - 30,3%, ақылы қызметтер 29,7% құрады.