14.07.2025, 19:02 69766

"Қазатомөнеркәсіп" словакиялық атом электр станцияларына уран жеткізуге ниетті

"Қазатомөнеркәсіп" словакиялық атом электр станцияларына уран жеткізуге ниетті

Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ (Қазатомөнеркәсіп) және Словакиядағы ең ірі электр энергиясын өндіруші Slovenské elektrárne a.s. (SEAS) компаниясы атом энергетикасы саласында ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамытуға екіжақты қызығушылықты білдіретін өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметінен.


SEAS Словакияда өндірілетін жалпы электр энергиясының 70%-дан астамын қамтамасыз етеді. Компания екі атом электр станциясын - "Богунице" және "Моховце" АЭС-терін басқарады, онда бес ВВЭР-440 реакторы жұмыс істейді. SEAS-тың бақылаушы акционері (66%) - Slovak Power Holding компаниясы, ал қалған 34% үлесі мемлекетке тиесілі.

Меморандум тараптардың табиғи уран концентратын жеткізуді жолға қоюына, сондай-ақ осы елдің АЭС-тері үшін уран диоксидін (UO₂) жеткізу мүмкіндігін қарастыруға және болашақтағы ықтимал әріптестік бағыттарын анықтауға ниетті екенін білдіреді. Бұл Қазатомөнеркәсіп пен SEAS арасындағы алғашқы ресми құжат және ынтымақтастықтың жаңа кезеңін білдіреді.

Аталған меморандумға қол қою арқылы біз еуропалық әріптестерімізбен ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды қадам жасап отырмыз. Словакия үшін тұрақты энергия көзімен қамтамасыз етуде атом энергетикасының алар орны ерекше. Бұл келісім біздің компанияларымыз арасында берік әрі өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға негіз болады деп сенеміз", - деді Қазатомөнеркәсіптің басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.


Өз кезегінде, SEAS бас директоры және директорлар кеңесінің төрағасы Бранислав Стричек ядролық отын жеткізілімдерін әртараптандырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, табиғи уранның әлемдегі ең ірі өндірушісі Қазатомөнеркәсіппен ұзақмерзімді ынтымақтастықтың болашағына сенім білдірді.

Меморандум Қазатомөнеркәсіп үшін еуропаның жетекші энергетикалық компанияларымен ынтымақтастықты күшейту жолындағы кезекті қадам болып табылады. Бұл атом холдингінің халықаралық әріптестікті дамытуға, еуропалық нарықтағы үлесін арттыруға және өңірде тұрақты атом энергетикасын қалыптастыруға ұмтылысын растайды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны