01.07.2025, 09:22 66176

Қытай әуекомпаниясы Шанхайдан Алматыға қатынайтын жаңа рейсті іске қосады

Қытай әуекомпаниясы Шанхайдан Алматыға қатынайтын жаңа рейсті іске қосады
2025 жылы 4 шілдеде Алматыда China Eastern Airlines әуе компаниясының Шанхай - Алматы бағытындағы жаңа тікелей рейсі іске қосылады. Бұл оқиға екі мегаполистің туристік, мәдени және іскерлік байланыстарын нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ, деп хабарлайды Алматының туризм басқармасы.

Алғашқы рейс арқылы қалаға әуе компания өкілдері, Қытайдың БАҚ өкілдері мен блогерлері келмек. Бұл жоба Қытайда кеңінен насихатталып, Алматының танымалдылығын арттыруға сеп болмақ. Іс-шараға орай қаланың туризм басқармасы "Алматының символы сыйлыққа" акциясын ұйымдастырып, шаһарға ұшып келген жолаушыларды естелік кәдесыймен қарсы алуды жоспарлап отыр.

Жаңа әуе бағыты Алматы әкімдігі мен China Eastern Airlines басшылығы арасындағы 2025 жылдың ақпан айында жасалған келісімдердің нәтижесінде жүзеге асқан. Айта кету керек, бұл компанияның Орталық Азияға алғашқы рейсі.

Жаңа бағыттың іске қосылуы қаланы қытайлық туристер мен бизнес өкілдері үшін бұрынғыдан да қолжетімді ете түспек. 2025 жылы алғашқы тоқсанында Алматыға ҚХР-нан келген туристер саны 20,9 мыңнан асып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 39,9% өскен.

Бүгінде Алматыдан Бейжің, Гуанчжоу, Сиань, Үрімжі, Ханчжоу және Саньяға тікелей әуе қатынасы бар. Жаңа рейс осы бағыттарды толықтырып, екі ел арасындағы әуе қатынасының жиілігін арттырады. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш айына 150 рейстен асады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны