27.08.2022, 14:17 22036

Зауыттар ең жоғары қуатында жұмыс істеп тұр: Павлодар МХЗ-да дизель отынының жағдайы талқыланды

Зауыттар ең жоғары қуатында жұмыс істеп тұр: Павлодар МХЗ-да дизель отынының жағдайы талқыланды
ПАВЛОДАР. 27 ТАМЫЗ - "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басшысы Мағзұм Мырзағалиев Павлодар мұнай-химия зауытындағы дизель отынының жағдайы туралы жиын өткізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Үш ірі МӨЗ-дің 2022 жылға арналған мұнай өңдеу жоспары 2021 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн тоннаға ұлғайды. Осылайша, биыл ҚМГ 17 млн тоннаға жуық мұнай өңдейді. Бұл ретте, зауыттар ең жоғары қуатында жұмыс істеп тұр, соған орай жабдықтардың техникалық жағдайы тәулік бойы бақылау жүргізуді талап етеді", - деді жиында Мырзағалиевтің орынбасары Арман Қайрденов.

 
Сонымен қатар, ЖҚС өкілдерінің айтуынша, бүгінде ішкі нарықта дизель отынына шамадан тыс жоғары сұраныс байқалады. Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақтарда дизельге үлкен сұраныстың есебінен соңғы жылдары Қазақстанда дизель отынын тұтыну көлемі өсуде. Бұл осы мемлекеттерден транзитпен өтетін ауыр жүк автомобильдерінің жанармайды құйып әкетуі салдарынан болып отыр, тіпті дизель отынын контрабандалық жолмен әкету мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Мұның бәріне шекаралас елдермен дизель отынына бағаның диспаритеті әсер етеді.
 
Отандық ЖҚС өкілдері атап өткендей, Қазақстанда дизель отынының бөлшек саудадағы құны ресейдікінен 1,5 есе арзан. Айталық, 2022 жылдың тамызында ресейлік ЖҚС-те дизель бағасы литріне 429 теңге болса, Қазақстанда литріне 238 теңге болды.
 

Нәтижесінде бағасы арзан қазақстандық отын шекаралас аймақтарға кетіп, көрші елдердің нарығын субсидиялап отыр. Ішкі нарықтағы жанар-жағармай материалдарының ағымдағы ұсынысына Қазақстан мен Ресейге Орта Азия елдерінен ауылшаруашылық және жеміс-көкөніс өнімдерінің белсенді тасымалдануы қосымша қысым көрсетеді", - деді Қайрденов.

 
А.Қайрденовтың мәліметі бойынша, Қазақстан Республикасында 2020 жылмен салыстырғанда дизель отынын ағымдағы тұтыну көлемі кемінде 800 мың тоннаға өседі. 2020 жылы бұл көрсеткіш 4,7 млн тонна болса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5,5 млн тонна болады деп күтіледі.
 
ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев жұмыс жиынын қорытындылай келе, алдағы күзгі дала жұмыстары кезінде ел нарығына дизель отынын тұрақты сатуды қамтамасыз етіп, ҚМГ мұнай өңдеу зауыттарының апатсыз жұмысын және 2022 жылға арналған өндіріс жоспарының орындалуын бақылауға алуды тапсырды. Бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауыттарынан жанармайды үздіксіз жөнелту үшін вагон мен локомотивтерді уақтылы беру бойынша "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясымен өзара іс-қимылды күшейту қажет. 
 
М. Мырзағалиев мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау мақсатында Шымкент МӨЗ-нің жоспарлы жөндеу жұмыстары биылдан келесі жылға шегерілгенін де айтты.
 
Бұған дейін Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның автожанармай құю станцияларында отын сату 2-2, 5 есе өскенін хабарлады.
 
ҚР Энергетика министрлігі мен ірі АЖҚС желілері дизель отыны мәселелері бойынша азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қабылдау үшін "жедел желіні" іске қосты.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны