06.12.2023, 08:52 46811

Жыл басынан бері Қазақстанда машина жасау саласында 3,3 трлн теңгеге өнім өндірілді

2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің машина жасау саласындағы өндірістің физикалық көлемі 11%-ға өссе, 2023 жылдың 10 айында 27%-ға өсім көрсетті
Жыл басынан бері Қазақстанда машина жасау саласында 3,3 трлн теңгеге өнім өндірілді
Сурет: Depositphotos
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевпен кездесті.

Кездесуде машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асырудың негізгі бағыттары талқыланды. Әлихан Смайылов машина жасау саласындағы өндірістің өсу қарқынына оң баға бере отырып, қабылданған құжаттың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, Кешенді жоспарды жүзеге асыру машина жасау саласын ғана емес, тұтастай алғанда еліміздің өңдеуші өнеркәсібін дамытуға ықпал етеді.

Кешенді жоспар 7 бағыт бойынша 79 іс-шарадан тұрады. Жоспардың орындалуы 2028 жылға қарай ЖҚҚ-ның (жалпы қосылған құн) 4,5 есе, НКИ-дің (нақты көлем индексі) 2,2 есе, экспорт көлемінің 3 есе, инвестиция көлемінің 1,5 есеге өсімін қамтамасыз етеді.

Мейрам Пішембаевтың айтуынша, Кешенді жоспарды жүзеге асыру отандық машина жасауды дамытуға айтарлықтай серпін береді, өндіріс көлемін арттыруға, экспорттық мүмкіндіктерді дамытуға, сондай-ақ инвестиция тартуға және білікті кадрларды даярлау жүйесін жетілдіруге ықпал етеді.

Кешенді жоспарды жүзеге асыру бүгінгі таңдағы басымдығымыз және міндетіміз. Белгіленген нысаналы индикаторлардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және отандық машина жасау саласын одан әрі жаңғырту үшін бар күш-жігерімізді саламыз", - деді Қазақстан машина жасаушылар одағының басшысы.


Машина жасау 37 тармақты қамтитын және экономиканың барлық дерлік салаларын жабдықтармен қамтамасыз ететін ең жоғары технологиялы сала екенін айта кеткен жөн. Саладағы бір жұмыс орны шектес салаларда 8-10 жұмыс орнын пайда болуына алып келеді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің машина жасау саласындағы өндірістің физикалық көлемі 11%-ға өссе, 2023 жылдың 10 айында 27%-ға өсім көрсетті. 2023 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында 3,3 трлн теңгеге өнім өндірілді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында машина жасау индустриялық өсудің драйвері болып табылатын өңдеуші өнеркәсіпті үдемелі дамытуды басты міндеттердің бірі ретінде белгілеген болатын. Машина жасау саласын одан әрі жаңғырту ел экономикасын әртараптандыру мен индустрияландыруға жаңа серпін береді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны