28.11.2023, 13:57 41071

Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат бизнеске жетпей қалады

Анықталған кемшіліктердің барлығы жаңа заңнама шеңберінде жойылуы тиіс
Жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат бизнеске жетпей қалады
Сурет: Depositphotos
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында тауар биржаларын дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев баяндағандай, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін биржалық сауда мәселелері бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. Онда биржаларға қойылатын реттеуші талаптарды күшейту, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін айналып өту мүмкіндігін болдырмау және бизнес үшін тауар биржаларына шығу бойынша кедергілерді жою шараларын қарастырады.

Бұдан басқа, көмір, бидай, мұнай өнімдері және бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сату конкурстық негізде Үкіметтің шешімімен айқындалатын арнайы тізімге енгізілген тауар биржаларында ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл аталған тауарларға ашық баға белгілеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ ел ішінде де, сыртқы экономикалық қызметте де тауар ағынын бақылауға мүмкіндік береді.

Биржаға шығуды ынталандыру ретінде: отандық өндірушілер үшін - ҚҚС төлеу кезінде есепке алу әдісін қолдану; Ұлттық экспорттаушылар үшін - ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген тәртібін енгізу, мысалы, 5 күнге дейін; ҚТЖ-мен бірлесіп, биржалық мәміле жасалған жағдайда логистикаға арналған теміржол тарифтерін қайта қарау ұсынылады.

Премьер-Министр қазіргі таңда Қазақстанда астық, мұнай өнімдері, көмір және басқа да тауарлар бойынша сауда-саттық жүргізетін 10 тауар биржасы бар екенін атап өтті. Сонымен қатар биржаның басты міндеті - ашық нарықтық баға мен бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, сауданы ұйымдастыру.

Біз биржалық саудаға үлкен үміт артып келдік. Соңғы 5 жылда заңнама 2 рет өзгерді. Соған қарамастан, биржалар әлі күнге дейін нарықтағы өз қызметін толықтай орындай алған жоқ", - деді Әлихан Смайылов.


Премьер-Министр сауда-саттықтың құқықтық базасын және оның қатысушыларына қойылатын талаптарды түбегейлі қайта қарау қажеттігін Мемлекет басшысы көтергенін атап өтті. Бұл орайда, негізгі проблеманың бірі жер қойнауын пайдаланушылардың тауар биржаларын өз мүдделеріне қарай пайдаланып кетуі болып отыр.

Бүгінде биржалық сауданың негізгі бөлігі жергілікті қамтуды сақтау жөнінде міндеттемелері жоқ дәл осындай сатып алуларға қызмет көрсетуге бағытталған. Нәтижесінде әр жыл сайын 1 трлн теңгеден астам қаражат біздің бизнеске жетпей қалады. Бұлай болмау керек. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары ел мүддесіне жұмыс істеуі тиіс. Жергілікті қамтуды кеңейтіп, өндірісті әртараптандырудың маңызы өте зор", - деп атап өтті Әлихан Смайылов.


Тауар биржаларын микрокәсіпкерлік субъектілеріне жатқызу тағы бір проблемаға айналып отыр. Бұл оларға аз салық төлеуге және тексерулерден құтылып кетуге мүмкіндік беріп отыр.

Анықталған кемшіліктердің барлығы жаңа заңнама шеңберінде жойылуы тиіс", - деп атап өтті Премьер-Министр.


Әлихан Смайылов 2 күн ішінде биржалық тауарлар мәселесі бойынша заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын келісуді, қазіргі әлемдік стандарттарды ескере отырып, тауар биржаларын бағдарламалық қамтамасыз етудегі ақпараттық қауіпсіздікті арттыру мәселесін пысықтауды және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тауар биржалары мен оның қатысушыларының жауапкершілігін қатаңдату бойынша түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Ұлттық экономика, Көлік министрліктерімен және "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, биржалық тауарларды, оның ішінде биржалық сауда-саттық механизмі арқылы экспортқа сатуды ынталандыру бойынша шаралар кешенін әзірлеу қажет", - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны