24.03.2022, 20:40 13346

Мәсімовтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергелуде

Мәсімовтің ісі ҚР Қылмыстық кодексінің бес бабы бойынша тергелуде
Сурет: www.inform.kz
НҰР-СҰЛТАН. 24 НАУРЫЗ - Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті қамауға алу мерзімі ұзартылды. Сондай-ақ Мәсімовтің ісі Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша тергеліп жатыр.
 

25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты Кәрім Мәсімовке қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын үш айға ұзартты", - деп хабарлады ҰҚК.

 
Мәсімовті тергеу барысында анықталған мүліктер тәркілеуге алынды. Мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешімді сот қабылдайды.
 
ҰҚК тергеу тобы Мәсімовті және басқа да тұлғаларды ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптары бойынша тергеп жатқанын түсіндірді:
 
- 366-баптың 4-бөлігі – "Пара алу";
 
- 362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы – "Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану";
 
- 175-баптың 1-бөлігі – "Мемлекетке опасыздық жасау";
 
- 179-баптың 3-бөлігі – "Қазақстан Республикасының Конституциясын бұзып, билiктi күшпен басып алуға немесе билiктi күшпен ұстап тұруға не Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге бағытталған әрекеттер";
 
- 218-баптың 3-бөлігі – "Қылмыстық құқық бұзушылықтардан түскен табыстар болып табылатын мүлікті конверсиялау немесе аудару түрінде мәмілелер жасасу арқылы қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңды айналымға тарту не мұндай мүлікті иелену және пайдалану".
 
Еске салайық, ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары қаңтардағы тәртіпсіздіктерден кейін мемлекетке опасыздық жасады және мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Сондай-ақ ҰҚК басшысының орынбасарлары – Әнуар Садықұлов пен Дәулет Ерғожин де қызметтерінен босатылған.
 
10 наурыз күні ҰҚК Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты тергеудің алғашқы нәтижелерін көрсетті.
 
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, тергеу барысында Мәсімовтің іс-әрекетінде көптеген сыбайлас жемқорлық белгілері анықталған.
 
Мәсімовтің Премьер-Министр лауазымында болуы кезеңінде бизнес-құрылымның бірінен астанада құны 2,5 млрд теңге элиталық тұрғын үй мен жер телімін алу фактісі бойынша да тергеу жүргізілуде.
 
Сондай-ақ Мәсімовтің үйінен 17,2 млн АҚШ доллары мөлшерінде қолма-қол ақша мен көптеген құнды заттар – элиталық сағаттар, алтын кесектері, антиквариат және басқалары тәркілеуге алынған.
 
Сонымен қатар Мәсімовтің жақын байланыстарынан 5,1 млн АҚШ доллары алынып, оған да тыйым салынған.
 
Бұған дейін бас прокуратура Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының кінәлары дәлелденсе 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтқан.
 
Ақпарат көзі: stan.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.
МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны