31.05.2021, 20:25 18094

Түркістан облысында жоғалып кеткен туристерді іздеу Өзбекстанның шекаралас аумағында жүргізілуде

ТҮРКІСТАН. 31 МАМЫР - Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен туристерді іздестіруге тартылды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Өзбекстан ТЖМ құтқарушылары Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
 

Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеу жұмыстары жалғасуда. Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда. Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ зерттелді. "Қазавиақұтқару" АҚ тікұшақтарымен аэровизуальды барлау жасалды. Жалпы 2 мыңнан астам шақырым жер әуеден тексерілді", - деп хабарлады ведомствода.

 
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан, ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылды.
 
Естеріңізге сала кетейік, Төле би ауданы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жеті адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамырда келіп түскен болатын. 21 мамырда туристер жаяу тәртіппен Сары-Айғыр шатқалына бет алды және 24 мамырда оралуы керек еді. 28 мамырда Қазавиақұтқару тікұшағымен әуе арқылы ұшу барысында құтқарушылар жоғалған жеті туристің үшеуін тапты. Олар сәтті эвакуацияланды, жастардың жағдайы қанағаттанарлық. Туристердің айтуынша, олар екі топқа бөлінген.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны