18.02.2026, 10:59 64201

Қазақстан мен Орыс Православие Шіркеуі конфессияаралық диалогты дамытуға бейілділігін растады

Қазақстан мен Орыс Православие Шіркеуі конфессияаралық диалогты дамытуға бейілділігін растады
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Елші Дәурен Абаев Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Волоколамск митрополиті Антониймен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Елші Республикада бейбітшілікті, татулықты, қазақстандық қоғамдағы дінаралық келісімді, сондай-ақ елдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуда үлкен рөл атқаратын Орыс православие шіркеуімен қалыптасқан өзара байланыстың жоғары деңгейі бағаланатынын атап өтті.

Д.Абаев Орыс православие шіркеуінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезіне тұрақты қолдау көрсеткені, Патриарх Кирилл бастаған өкілді делегацияның Астанада өткен қыркүйек форумына қатысқаны үшін ризашылығын білдіріп, қонаққа Съездің Ізгі ниет елшісінің төсбелгісі мен куәлігін табыс етті.

Өз кезегінде, митрополит Антоний құрметті мәртебе үшін алғысын білдіріп, Съездің әлемдегі дінаралық келісімді дамытуда ерекше алаң ретіндегі маңыздылығын атап өтті және оның мақсаттары мен міндеттерін іске асыруда белсенді жұмыс жасайтынын айтты. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы табысты байланыстарды нығайтуға дайындығын білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар дінаралық диалог пен тату көршілік қағидаттарын қолдау және бекітуде одан әрі сындарлы ынтымақтастықты жалғастыратындарын баса айтты. Дәстүрлі адамгершілік құндылықтарды сақтау және дінаралық келісімді нығайту мақсатында қоғамның рухани дамуы үшін жергілікті билік органдары мен епархиялар арасындағы өзара іс-қимылдың маңыздылығы аталып өтті.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны