Еуропарламент Қазақстандағы саяси жаңғыру мен Қазақстан-ЕО стратегиялық әріптестігінің болашағын құптайды
Сурет: gov.kz
Еуропалық парламентте "Қазақстанның жаңа саяси жаңғыруы және Қазақстан - Еуропалық Одақ стратегиялық әріптестігінің болашағы" тақырыбында "дөңгелек үстел" өтті. Іс-шараға Еуропарламент депутаттары, дипломаттар, сарапшылар қауымдастығының өкілдері, талдау орталықтарының мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар мен Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.
Іс-шара еуропалық саяси және сарапшылық ортада үлкен қызығушылық тудырды. Пікірталасқа шамамен 70 адам қатысып, бұл Қазақстандағы өзгерістерге және елдің Еуропа мен Орталық Азия арасындағы өзара ықпалдастықты дамытудағы рөліне деген жоғары қызығушылықты көрсетті.
Талқылауды ашқан "Diplomatic World" талдау орталығының жобалар директоры Альберто Тюркстра Еуропалық одақ пен Қазақстан арасындағы саяси диалогтың маңызын, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті.
Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Тұрақты өкілі Роман Василенко Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси реформалар мемлекеттік институттарды нығайтуға, азаматтардың саяси қатысуын кеңейтуге және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға бағытталғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі - 15 наурызда өткен жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум болды. 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Негізгі заң саяси жүйені одан әрі демократияландыруды, тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктерін күшейтуді, өкілді институттардың рөлін арттыруды және заң үстемдігін нығайтуды көздейді. Елші референдум нәтижелері қоғамның мемлекеттік институттарды жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған президенттік реформалар бағытын қолдайтынын көрсеткенін атап өтті.
Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты, елдің бұрынғы көлік министрі Тьерри Мариани парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның Еуропалық Одақтың Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктестерінің бірі екенін айтты. Ол Қазақстанға алғаш рет 1993 жылы келгенін және содан бері елде орын алған ауқымды өзгерістердің куәсі болғанын жеткізді.
Қазақстан саяси және экономикалық жаңғырудың ұзақ жолынан өтті. Осы жылдар ішінде ел экономика, мемлекеттік институттар және халықаралық ынтымақтастық салаларында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді", - деді депутат. Оның айтуынша, Қазақстан Еуропалық одақтың Орталық Азиядағы басты сауда және инвестициялық серіктесі болса, ЕО да Қазақстан үшін дәл осындай маңызды әріптес болып табылады.
Қазақстандағы конституциялық реформаның маңыздылығын атап өткен Т. Мариани елдегі өзгерістерге объективті баға беру үшін Қазақстанға барып, реформалардың нәтижелері мен даму қарқынын өз көзімен көру қажеттігін айтты.
Франциядан сайланған Еуропарламент депутаты, Еуропарламенттің Орталық Азиямен байланыстар жөніндегі делегациясының мүшесі Виржини Жорон Қазақстандағы конституциялық реформалар Еуропарламентте үлкен қызығушылық туғызатынын айтты. Оның пікірінше, елде демократиялық институттарды нығайту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үдерісі жалғасып жатыр, бұл халықаралық серіктестер тарапынан оң бағалануда.
Германиядан сайланған Еуропарламент депутаты Томаш Фройлих реформаларды қолдай отырып, Қазақстан мен жалпы Орталық Азияның Еуропалық одақ үшін стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, бұл әсіресе энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және логистикалық бағыттарды әртараптандыру тұрғысынан маңызды.
Келесі баяндамашы - Brussels School of Governance (VUB) профессоры әрі Брюссель клубының негізін қалаушы Мишель де Кемметер Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты көлік және экономикалық байланыстарды қалыптастырудағы рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Ол әсіресе Транскаспий халықаралық көлік бағытының ("Орта дәліз"), стратегиялық маңызды шикізат ресурстары саласындағы ынтымақтастықтың, сондай-ақ жоғары білім мен ғылым саласындағы серіктестіктің маңыздылығына тоқталды.
Пікірталас барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көлік және логистика, дәстүрлі және жаңартылатын энергетика, инновациялар мен ғылыми зерттеулер бағытындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, "Horizon Europe" бағдарламасы аясындағы өзара іс-қимыл перспективалары сөз болды.
Сондай-ақ адами байланыстарды нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан елшісі Қазақстан мен Еуропалық одақ арасында әуе қатынасы жөніндегі Горизонталды келісімге жақын арада қол қойылуының маңызын атап өтті. Сонымен қатар тараптар арасында Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілгені айтылды.
Қатысушылар Орталық Азия елдерінің "бестігі" форматындағы ынтымақтастықтың сындарлы әрі серпінді дамуы туралы ақпаратты да жылы қабылдады. Бұл өңірдің халықаралық саяси және экономикалық үдерістердегі дербес әрі ықпалды ойыншы ретіндегі орнын нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар Қазақстандағы саяси жаңғыру Еуропалық Одақпен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға берік негіз қалайтынын және саяси, экономикалық әрі гуманитарлық салалардағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

