04.02.2026, 23:37 1056

Қазақстан мен Тәжікстан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Тәжікстан денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Сурет: gov.kz
Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Уәлихан Төреханов Тәжікстанның Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрі Джамолиддин Абдуллозодамен кездесті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

Кездесу барысында денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан медицинасы күндерін Тәжікстанда өткізу, екі елдің медициналық мекемелері арасындағы тәжірибе алмасуды дамыту, сондай-ақ медициналық мамандардың біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Тараптар денсаулық сақтау, заманауи медициналық технологияларды енгізу, кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған Қазақстан мен Тәжікстанның тиісті ведомстволары арасындағы 2026-2027 жылдарға арналған Ынтымақтастық жоспарына қол қойылғанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Күн тәртібінің жеке тармағы ретінде Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Тәжікстанның Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімді дайындау және оған қол қою мәселесі талқыланды. Аталған құжатқа қол қою серіктестікті одан әрі тереңдету және бірлескен жобаларды іске асыру үшін берік нормативтік-құқықтық негіз қалыптастыруға бағытталған.

Тараптар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделілік білдіріп, екі мемлекеттің денсаулық сақтау жүйелерін дамыту мүддесінде белсенді әрі сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны