18.06.2026, 19:53 636

Астана әзербайжандық пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда

Бакуде өткен Астана қаласының медициналық туризміне арналған халықаралық роуд-шоу медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналды
Астана әзербайжандық пациенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда
Бакуда өткен Астана қаласының медициналық туризміне арналған халықаралық роуд-шоуға Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші медициналық ұйымдарының, туристік саласының және екі елдің кәсіби қоғамдастығының өкілдері қатысты. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Елшілігінің және Әзербайжанның Медициналық және термалды туризмді қолдау қауымдастығының қолдауымен Astana Tourism туризмді дамыту орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел роуд-шоудың Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы денсаулық сақтау және медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңына айналғанын атап өтті. Іс-шараның басты мақсаты - Қазақстан астанасының заманауи медициналық қызметтерін халықаралық нарықта таныту, екі елдің клиникалары мен туристік компаниялары арасындағы серіктестік байланыстарды дамыту, сондай-ақ шетелдік пациенттерді Астанада емделуге тарту.

Іс-шара барысында елорданың жетекші медициналық ұйымдары өз жетістіктерін таныстырып, диагностика мен емдеудің озық әдістері туралы баяндап, сондай-ақ бүгінгі таңда Астана медицинасының қолданысындағы жоғары технологиялық шешімдерді көрсетті.

Бүгінде Астана Орталық Азиядағы медициналық туризмнің жетекші орталығы ретіндегі мәртебесін сенімді түрде нығайтып келеді. Елордамызда Joint Commission International (JCI) халықаралық стандарттарына сәйкес аккредиттелген 9 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Бұл медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін растайды.

Нейрохирургия, онкологиялық ауруларды емдеу, балаларды оңалту, репродуктивті медицина және эстетикалық хирургия бағыттары қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. Дәл осы салалар бүгінде Әзербайжаннан келетін пациенттер арасында ең жоғары сұранысқа ие бағыттардың қатарында.

Астана қаласы делегациясының құрамында Балаларды оңалту ұлттық орталығы, Ұлттық нейрохирургия орталығы, Ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ecomed репродуктивті медицина және Tulip Medicine пластикалық хирургия клиникаларының өкілдері болды. Олар өз мүмкіндіктерін таныстырып, әзербайжандық әріптестерімен бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылады.

Роуд-шоу бағдарламасы Астана қаласының медициналық ұйымдарының таныстырылымдарын, екі елдің медицина қауымдастығы өкілдері арасындағы B2B кездесулер, сондай-ақ медициналық туризм саласындағы серіктестікті одан әрі дамытуға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімін қамтыды.

Іс-шараның жалғасы ретінде 17 маусым күні Баку тұрғындары үшін Citomed клиникасының базасында тегін алғашқы консультациялар ұйымдастырылды. Астаналық жетекші мамандар пациенттерді қабылдап, диагностика және емдеу мәселелері бойынша кәсіби кеңес алу мүмкіндігін ұсынды.

Бакуда өткен халықаралық роуд-шоу Астана қаласының медициналық туризмін дамыту стратегиясын іске асырудағы және елордамызды сапалы әрі жоғары технологиялық медициналық көмектің халықаралық орталығы ретінде ілгерілетудегі кезекті маңызды қадам болды. Осындай бастамаларды дамыту Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, өңір тұрғындарының әлемдік деңгейдегі заманауи медициналық технологияларға қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны