Қазақстан цифрландыру және инвестиция саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде
Сурет: ҚР СІМ
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Ақпараттық технологиялар жөніндегі орталық агенттігінің (CAIT) Бас директорының міндетін атқарушы Наджат Хусейн Ибрахиммен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан Елшісі кувейттік тарапты елімізде жүзеге асырылып жатқан цифрлық даму реформаларымен таныстырып, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуы, сондай-ақ мемлекеттік қызметтердің заманауи цифрлық экожүйесін қалыптастырудағы қол жеткізілген нәтижелер туралы айтты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN E-Government Development Index) 193 мемлекет ішінде 24-орында тұрғаны және онлайн мемлекеттік қызметтердің даму деңгейі бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіретіні аталып өтілді.
Елші сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осыған орай елімізде жасанды интеллектті дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіруге, IT-мамандарды даярлауға және мемлекеттік басқару мен экономикаға заманауи технологияларды енгізуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Қазақстан тарапы азаматтар мен бизнеске мыңнан астам мемлекеттік қызметті электрондық форматта ұсынатын ұлттық электрондық үкімет жүйесінің мүмкіндіктерін де таныстырды. Бұл мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін қашықтан алуға мүмкіндік беріп, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылдың тиімділігін едәуір арттыруда.
Өз кезегінде кувейттік тарап мемлекеттік басқаруды цифрландыру және электрондық қызметтерді енгізу саласындағы Қазақстан тәжірибесін зерделеуге қызығушылық білдіріп, еліміздің осы бағыттағы жетістіктеріне жоғары баға берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылау мақсатында жақын арада екі елдің бейінді ведомстволары арасында онлайн-кездесу ұйымдастыруға, сондай-ақ тәжірибе алмасу және практикалық өзара іс-қимылды дамыту мақсатында өзара сапарларды пысықтауға келісті.
CAIT (Central Agency for Information Technology) - мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау, электрондық үкіметті, ақпараттық технологияларды дамыту және ұлттық цифрлық стратегияны іске асыруға жауапты Кувейттің уәкілетті мемлекеттік органы.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

