28.04.2022, 16:19 19571

Маңғыстау облысының Каспий жағалауында 90-нан астам өлі итбалықтар табылды

2022 жылы 27 сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінің жағалауын зерттеуді жалғастыру барысында барлығы 94 өлі итбалық табылды.
Маңғыстау облысының Каспий жағалауында 90-нан астам өлі итбалықтар табылды
Сурет: Балық шаруашылығы комитеті
АҚТАУ. 28 СӘУІР - 2022 жылы 27 сәуірде Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінің жағалауын зерттеуді жалғастыру барысында барлығы 94 өлі итбалық табылды. Зерттеу жұмыстарын ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы, Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті, ветеринарлық қызмет және жергілікті атқарушы орган өкілдері жүргізді, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ЭГТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті зертханалық зерттеулер үшін су мен топырақ сынамаларын алды. Айта кету керек, итбалықтардың қаңқаларының қатты ыдырауынан өлімнің себептерін анықтау мақсатында зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмады", - деп хабарлады ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті.

 
Қазіргі уақытта өлі итбалықтардың қаңқаларын жою шаралары ұйымдастырылуда. 
 
Жағалау мониторингі жалғасуда, су мен топырақты талдаудан алынған сынамалардың нәтижесі белгілі болған соң қосымша ақпарат жарияланады.
 
Ведомствода еске салғандай, Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында итбалықтың ең көп қырылу дерегі саны соңғы 5 жылда орын алған. 2017 жылы Маңғыстау облысындағы Форт-Шевченко қаласының ауданында итбалықтардың 247 денесі табылған, алайда қырылу себебін анықтау мүмкін болмаған.
 

Айта кету керек, көптеген жағдайларда итбалықтардың қаңқаларының қатты ыдырауына байланысты сынама алу мүмкін емес. Сонымен қатар, ыдыраудың әртүрлі дәрежесін атап өткен жөн, бұл көптеген себептер бойынша, соның ішінде табиғи өлім-жітім бойынша әртүрлі уақыт кезеңдерінде олардың қырылуын көрсетеді. Осылайша, жаппай қырылу туралы бірден айту мүмкін емес, өйткені итбалық өлекселері негізінен Түпқараған түбегінің батыс жағалауында көктемде кездеседі, олар батыстан соғатын желмен бүкіл Солтүстік Каспийден тасымалданады", - деп түсіндірді комитетте.

 
Мамандардың айтуынша, зерттеулер бойынша итбалықтардың өлім-жітімінің бірден-бір себебі табиғи жағдайдан, яғни қолайсыз қысқы ауа-райы, түрлі аурулар, сондай-ақ антропогендік фактор, браконьерлік ау құралдарынан болатындығын көрсетеді.
 
Естеріңізге сала кетейік, итбалықты қорғауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы қаулысымен Каспий итбалығы сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбесіне енді. 
 
Каспий теңізінің солтүстік бөлігінің қазақстандық және ресейлік секторларында жүргізілген зерттеулер итбалықтардың саны 2020 жылы 282 мың, 2021 жылы 302 мың, ал 2022 жылы жалпы есептік саны шамамен 340-360 мың басты құрағанын айғақтайды.
 
Теңіздің қазақстандық бөлігі шегіндегі Солтүстік Каспийдің қысқы мұз алаңының үстіндегі әуе барлауы итбалықтардың көбею кезеңінде ең маңызды орын Орал бороздинасының оңтүстігіндегі аумақ екенін көрсетті. 2021 жылдың көктемінде теңіздің солтүстік-шығыс бөлігінде үш аймақта (Жаңа Дурнева аралдары, Прорва және Ремонтный шальги) шоғырланған итбалықтардың 19 шоғыры табылды.
 
Ғылыми ұйымдардың күш-жігерін қолдау мақсатында 2021 жылғы қыркүйекте Қазақстан мен Ресейдің XVII аймақаралық ынтымақтастық форумы барысында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ресей Федерациясының экология және табиғи ресурстар министрлігі арасында Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі 2021-2026 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.
 
Бірлескен зерттеулердің қорытындылары бойынша Каспий итбалығын сақтау жөніндегі шаралар әзірленетін болады, олардың бірі ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру болуы мүмкін.
 
Аталған форумның қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан Республикасының Үкіметіне Каспий итбалығының популяциясын сақтау, олардың мекендеу және көбею аумақтарын қорғау үшін Солтүстік Каспийде мемлекеттік табиғи резерваттар құру мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
 

Осыған байланысты мақсатты жұмыс басталды. Атап айтқанда, жаратылыстану-ғылыми негіздемесін әзірлеуге техникалық тапсырма жобасы әзірленді, оның негізінде Каспий итбалығының популяциясын сақтау жөніндегі мемлекеттік табиғи резерваттың шекарасы, алаңы, қорғау және пайдалану режимі айқындалатын болады", - деп хабарлады комитеттен.

 
Бұған дейін хабарланғандай, мамандар Маңғыстау облысында итбалықтардың өлу себебін анықтап жатыр.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны