10.09.2021, 19:51 8639

Қазақстанның бас санитариялық дәрігері карантинді жеңілдету туралы жаңа қаулыға қол қойды

НҰР-СҰЛТАН. 10 ҚЫРКҮЙЕК - Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов "Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы" 2021 жылғы 10 қыркүйектегі №42 қаулыға қол қойды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар, құқық қорғау және арнайы органдар:
 
1)        жолаушылар ағынын төмендету және халықтың көп жиналуын болдырмау мақсатында "қарбалас сағаттарда" қоғамдық көлік санын ұлғайтуды;
 
2)        ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығуларға рұқсат беруді (30 адамнан артық емес, байланыссыз термометрия, спорттық базаларда тұру);
 
3)        қоғамдық көлікке, таксиге, әуежайларға, балалардың аула алаңдарына, азық-түлік және азық-түлік емес базарларға және басқа да қоғамдық орындарға санитариялық және дезинфекциялық өңдеу жүргізуді;
 
4)        Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің актісіне сәйкес уақыты мен саны бойынша шектеу арқылы қаржы нарығы субъектілерінің қызметіне рұқсат беруді;
 
5)        осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес алгоритмді сақтай отырып, кеңестерді (отырыстарды) көзбе-көз режимде өткізуге рұқсат беруді (оларды қашықтықтан өткізу мүмкіндігі болмаған кезде);
 
6)        өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, "Балдәурен" республикалық оқу-сауықтыру орталығы" және "Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы" РМҚК қызметіне рұқсат беруді;
 
7)        спортшылар мен жаттықтырушылар құрамы COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғаны туралы құжаттамалық растау ұсынған жағдайда облыстық командаларды дайындау үшін оқу-жаттығу жиындарын қайта бастауға рұқсат беруді; 
 
8)        осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес өлшемшарттар негізінде әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін шектеуді қамтамасыз етсін. Бұл ретте шектеу шараларын қатаңдату 5 күн бойы эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда ("жасыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "қызыл" аймаққа көшу), карантиндік шараларды жеңілдету "қызыл" аймақтан "сары" аймаққа немесе "сары" аймақтан "жасыл" аймаққа көшкеннен кейін 7 күннен кейін жүргізіледі.
 
 "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамы: жұмыс поездарын қоспағанда, жолаушылар поездарының құрамында ортақ вагондарды жасақтауды болдырмау тапсырылды.
 
Облыстардың, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының, көліктегі Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомстволарының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты тәуекелі жоғары аймақта (қызыл аймақ) орналасқан карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдауға құқылы. 
 
Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері "жасыл" және "сары" аймақтарда орналасқан өңірлерде карантиндік шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдау құқығынсыз осы қаулыны басшылыққа алады.
 
Осы қаулы 2021 жылғы 13 қыркүйек сағат 00-ден бастап күшіне енеді.
 
Қаулының толық мәтінімен сілтеме бойынша танысуға болады.
 
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны