02.08.2022, 16:02 7351

Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айында коронавируспен күнделікті сырқаттанушылықтың 4 мың адамға дейін өсуін болжайды

Қазақстанда соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адамдардың саны 3,2 есеге өсті.
Денсаулық сақтау министрлігі тамыз айында коронавируспен күнделікті сырқаттанушылықтың 4 мың адамға дейін өсуін болжайды
Сурет: pexels.com
НҰР-СҰЛТАН. 2 ТАМЫЗ - Қазақстанда соңғы екі аптада коронавируспен ауырған адамдардың саны 3,2 есеге өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің болжамына сәйкес, тамыз айында орташа тәуліктік коронавирус ауруы тәулігіне 4 мың жағдайды құрайды. Содан кейін оның қыркүйек айында төмендеуі болжанады.
 
20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ сырқаттанушылық арта бастады. 
 

Бүкіл әлемдегідей Омикрон ВА.5 штамының нұсқасы тудырған COVID-19-дың кезекті толқыны осыжылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70%-да анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және Дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді", — деді Ажар Ғиният.

 
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, бүгінгі күні инфекциялық төсек-орынмен қамту 30%-ды немесе науқастар саны 1500, реанимациялық төсек-орынмен қамту 7%-ды немесе науқастар саны 47-ні құрайды. 
 
Қазақстан Республикасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың өсуі маусым айының ортасынан бастап тіркелуде, аурудың ең көп өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады, онда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 5 есе және одан жоғары өсті, оның ішінде Ақтөбе облысында – 8,2 есе, Батыс Қазақстан облысында – 6,7 есе, Қарағанды облысында – 6,4 есе, Павлодар облысында – 6,3 есе, Ақмола облысында – 6,1 есе, Қостанай облысында – 5 есе көтеріліп отыр. 
 

Республикада ревакцинация одан әрі жалғасып жатыр. Бүгінгі күні ревакцинацияны 5 млн астам адам алды, бұл тиісті контингенттің 68%-ын құрайды", - деді Ажар Ғиният.

 
Премьер-Министр Әлихан Смайылов жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырудың көбейгені әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында байқалып отырғанын атап өтті. 
 

Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы керек. Вакцинациялау мен ревакцинациялаудың төмен қарқыны эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан, әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинациялау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын", – деп түйіндеді Премьер-Министр.


Бағалау матрицасына сәйкес, бүгінгі күні сары аймақта Нұр-Сұлтан қаласы, қалған өңірлер мен Қазақстан Республикасы жасыл аймақта орналасқан.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны