02.02.2023, 14:28 50971

Сенат еңбек дауларын реттеу туралы заңды мақұлдады

Заң жобасында қызметкерлер ереуілдер өткізе алатын жағдайлар анықталған
Астана. 2 ақпан. KAZAKHSTAN TODAY - Бүгін Сенат отырысы барысында депутаттар "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды да қарап, қабылдады, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.

Бұл құжат еңбек дауларын реттеу және келіссөздер процестерін ұйымдастыру мәселелері бойынша елдің заңнамасын жетілдіру үшін әзірленді. Жаңа түзетулер келісім комиссиясының қызметіне, ұжымдық еңбек дауларын шешудегі кәсіподақтардың рөлін нақтылауға, жиналыстар немесе ескерту ереуілдері өткізілуі мүмкін жағдайларға және басқа да тиісті жайттарға қатысты мәселелерді қамтиды.

Мемлекет басшысы еңбек дауларына қатысты құқықтық қатынастарды қосымша реттеу мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Соған сәйкес әзірленген бұл заң осы саладағы отандық заңнаманы жетілдіруді көздейді. Жалпы, дауларды реттеудің баламалы тәсілдерін қолдану - құқықтық саясатты дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Осы заң арқылы жеке және ұжымдық еңбек дауларын қарау тәртібі қайта қаралады. Сондай-ақ келісу және татуластыру комиссиясының мәртебесі күшейе түседі. Алдағы уақытта жаңа нормалар жұмысшылардың құқықтарын қосымша қорғауға және еңбек дауларын азайтуға ықпал етеді деп сенеміз", - деді Сенат Төрағасы.


Бұдан басқа, отырыс барысында сенаторлар "2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заңды қарап, мақұлдады.

Аталған хаттама Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы өткізу пункттерінің қызметіне қатысты мәселелерді шешуге бағытталған. Осы заң арқылы халықаралық шарт деңгейінде бірлескен бақылау іс-шараларын өткізу тәртібін, кезеңдері мен мерзімдерін, анықталған бұзушылықтарды жою тетігін және тексеруге қатысушылардың өзара іс-қимылының ұйымдастырушылық мәселелерін бекіту ұсынылады.

Сонымен қатар, күн тәртібінде алдымен Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағына сәйкес Парламент Сенатының депутаты Кәрімова Гүлмира Раинбекқызының өкілеттігін тоқтату туралы Орталық сайлау комиссиясының ұсынымы қаралды.

Мәулен Әшімбаев жеке өзінің және Сенаттың атынан Гүлмира Раинбекқызының отбасы мен жақындарына тағы да көңіл айтып, оның Солтүстік Қазақстан облысының дамуына және ұлттық білім беру жүйесін жетілдіруге үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның жаңадан сайланған сенаторы Гүлмира Кәрімова 45 жасында кенеттен қайтыс болды.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны