21.03.2023, 12:19 34791

Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, мерекелік шараға қатысты

Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі

Астана. 21 наурыз. KAZAKHSTAN TODAY - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тәуелсіздіктің 25 жылдығы" монументі жанындағы алаңда Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
 

Наурыз - жыл басы, халқымыз ежелден тойлаған көктем мерекесі. Бұл - халық асыға күтетін аса ерекше мейрам, қыстың ызғары қайтатын, көктем шуағын төгетін сәт. Табиғат түлеп, тіршілік қайта жаңаратын мезгіл. Еліміз Әз-Наурызды әрдайым ырысты ынтымақтың бастауына балаған. Алыстаған ағайын Ұлыс күні татуласып, қайта қауышқан. Жұрт бір-біріне ақжарма тілектерін айтқан. Көпшілік ортақ дастарханнан дәм татып, қариялар жастарға батасын берген. Бабаларымыз Наурыз тойын жасампаз еңбектің мейрамы санаған. Бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызған. Елге пайдасы тиетін игі істер атқарған. Бір сөзбен айтсақ, Ұлыстың ұлы күні - жаңа өмірдің жаршысы" , - деді Президент.

 
Мемлекет басшысы бұл мейрамды халқымыз тұтас ел болып, бір ұлт болып түгел тойлайтынын атап өтті.
 

Наурыз кезінде бүкіл елге ортақ құндылықтар дәріптеледі. Яғни, Әз-Наурыз - нағыз халықтық мейрам. Бауырмалдық, жанашырлық, сыйластық, отаншылдық сияқты қасиеттің бәрі осы Ұлық мерекеде көрініс тапқан. Біз - ата жолын жалғаған жұртпыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Президент дәл бір жыл бұрын тың бастама көтерді. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформаларды ұсынды.
 

Халық бұл бастамаларды қолдады. Біз жоспарымызды бір жылда табысты жүзеге асырдық. Референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгіздік. Билік жүйесін қайта жасақтау үшін маңызды саяси шаралар іске асырылды. Кеше ғана өткен Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы - бүкіл реформаларымызды алға бастайтын өте маңызды қадам. Бұл сайлау - ауқымды өзгерістердің лайықты жалғасы. Осылайша, мемлекетіміз жаңа дәуірге қадам басты. Жалпы, еліміздің жаңа саяси келбеті қалыптасты. Тарихи сәт Ұлыстың ұлы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар", - деді Президент.

 
Ол Жаңа Қазақстанның бүгінгі бейнесі Әз Наурызбен толық үндесетінін, яғни Ұлыстың ұлы күнінде қасиетті Отанымыз мүлде жаңа сипатқа ие болғанын атап өтті.
 

Енді саяси жүйесі толық жаңғырған еліміз тың қарқынмен дамиды. Бұл реформалар экономиканың өсуіне, халық табысының артуына жол ашады. Реформаларымыз міндетті түрде жалғасын табады. Біз жан-жақты дамыған қуатты мемлекет боламыз! Бұл - негізгі мақсатымыз. Азаматтарымыздың көзқарасы әртүрлі болғанымен, барлығының тілегі - бір. Бұл - елдің амандығы, мемлекеттің жарқын болашағы. Біз осы ортақ мақсат жолында бірлесіп еңбек етеміз. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бір ел болып іске кіріссек, алынбайтын асу жоқ. Мен жасампаз халқымыздың келешегі жарқын болады деп сенемін. Мемлекеттің мүддесі - бәрінен биік. Біз жастарымызға қамқор болып, оларға барынша жағдай жасаймыз. Мен жастарға сенемін! Оларға зор үміт артамын! Ел болашағы - өскелең ұрпақтың қолында. Ендеше, туған елімізді бірге дамытайық, ағайын! Бірлік түбі - береке" дейді халқымыз. Қоғамда келісім және татулық болса, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Біздің мақсатымыз - айқын. Бұл - Әділетті Қазақстанды құру. Осы жолда бәріміз бір кісідей жұмылайық, ардақты ағайын!", - деді Президент.

 
Ол биыл қасиетті Рамазан айы Ұлыстың ұлы күнімен қатар келгенін атап өтті.
 

Ораза ұстайтын жамағаттың ниеті қабыл болсын! Әр шаңыраққа қыдыр қонып, бақ дарысын! Жаңа жыл құт-береке әкелсін! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!" - деді Мемлекет басшысы.

 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны