21.09.2021, 20:41 14632

Алматыда атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына тұрғын үй беріледі

Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй береді.
АЛМАТЫ. 21 ҚЫРКҮЙЕК - Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына тұрғын үй беруді тапсырды.
 
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасымен министрдің орынбасары Мұрат Баймұқашев қаза болған полиция қызметкерлері Дархан Сүлеев пен Нұрбол Байғазиевтің отбасыларына барып қайтты. ІІМ басшылығы, ішкі істер органдарының жеке құрамы атынан қызметтік міндетін орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
 
Ішкі істер министрінің қолдау хаты бойынша Алматы қаласының әкімдігі қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына тұрғын үй береді, деп хабарлайды Polisia.kz.
 
Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің бұйрығымен тәртіп пен заңдылықты соңына дейін күзеткен учаскелік инспекторлар "Құқық тәртібін қамтамасыз етуге косқан үлесі үшін" медальдарымен марапатталды.
 
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция майоры Сүлеев Дархан Дауылбайұлы, 1982 жылы туған, ҚР ІІМ Алматы Академиясының Магистратурасын бітіргеннен кейін 2003 жылдан бастап ішкі істер органдарында қызмет етті. 2021 жылдың тамызында учаскелік инспектор лауазымына тағайындалған еді. ІІО қызмет еткен жылдар ішінде ол 6 марапатқа ие болды, оның ішінде "Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін" 3-дәрежелі медалімен, сондай-ақ, "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгісімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған бес баласы бар
 
Алатау аудандық ПБ ЖПҚБ учаскелік инспекторы, полиция капитаны Байғазиев Нұрбол Назарбайұлы, 1988 жылы туған, ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет еткен. Ол 13 марапатқа ие болды, оның ішінде "Үздік құтқарушы жауынгер" және "Қазақстан полициясына 25 жыл" төсбелгілерімен марапатталды. Үйленген, кәмелетке толмаған екі баласы бар.
 
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйекте Алматыда сот шешімін орындау кезінде 5 адам, оның ішінде екі полиция қызметкері мен сот орындаушысы қаза тапты. Қайғылы оқиға сағат 17.00 шамасында екі адамның арасындағы меншік құқығы туралы сот шешімін орындау барысында орын алды. Сот шешімін орындау кезінде шығарылған тұрғын үйге жүгіріп келіп, сол жерден тіркелген қарудан оқ жаудырды.
 
Ақпарат көзі: Polisia.kz
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны