05.04.2024, 20:35 56736

Алматыда автокөліктерден шығатын улы газ бен түтінін тексеру бойынша рейд жүргізілуде

Алматыда автокөліктерден шығатын улы газ бен түтінін тексеру бойынша рейд жүргізілуде
Сурет: gov.kz
 Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасы Полиция департаментімен және Табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, жылжымалы экологиялық зертхананы және 3 жылжымалы экологиялық бекетті тарта отырып, Алматы қаласының ауа бассейнін ластаудың негізгі көзі болып табылатын автомобильдердің пайдаланылған улы газ бен түтінінің деңгейін өлшеу бойынша рейд жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Жүк, жеңіл автокөліктер мен автобустар тексерілуде. Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 1 ақпандағы №1/56 қаулысымен бекітілген Автомобиль көлік құралдарынан шығарындыларды өлшеуді жүзеге асыру жөніндегі қағидаларға сәйкес пайдаланылған газдардың уыттылығы мен түтінінің белгіленген нормаларының сақталуына мониторинг жүргізіледі.

Бензин қозғалтқыштары бар автомобильдердің пайдаланылған газдарын өлшеу көмірсутектердің, көміртегі оксидінің, көмірқышқыл газының, оттегінің құрамына сертификатталған "АВТОТЕСТ-02.03" көп компонентті газ анализаторларымен жүргізіледі. Дизельді көліктердің пайдаланылған газ түтінін МЕТА-01 МП 0.1(ЛТК,К) өлшегішінің көмегімен тексеріледі.

Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерін бұзғаны үшін көлік құралдарының иелері ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы ("Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерін асыра отырып, автомотокөліктерді және басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану") бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады, оған сәйкес жеке тұлғаларға-10 АЕК, заңды тұлғаларға-100 АЕК мөлшерінде ескерту немесе айыппұл көзделген. Жыл ішінде қайталанған жағдайда автокөлік иелеріне жеке тұлғаларға - 20 АЕК, заңды тұлғаларға - 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

2023 жылы қаланың периметрі бойынша орналасқан 19 стационарлық экопостта шамамен 213 011 өлшеу жұмыстары жүргізілді (бензин қозғалтқышымен - 206 492, дизель қозғалтқышымен - 6 519), олардың ішінде улы газ бен түтіннің белгіленген деңгейінің артуы барлық тексерілген автомашиналардың 15,4% анықталды.

2023 жылы Алматы қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері 26 мыңға жуық әкімшілік хаттама жасады, оның ішінде:

ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы 1-бөлігі бойынша (ескерту) - 20 382 әкімшілік хаттамалар;

ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы 1-бөлігі бойынша (айыппұл) - 4 482 әкімшілік хаттамалар;

ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы 2-бөлігі бойынша (айыппұл) - 864 әкімшілік хаттамалар.

Жалпы сомасы 207 414 000 теңгеге айыппұл есептелді, оның ішінде 145 272 765 теңге (70% өндіріп алу) өндірілді.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны