Астанада қар күреуге жүздеген жол жұмысшы мен техникалар жұмылдырылды
Достарға айту
Қаланың коммуналдық қызметтері ауысымдық режимде тәулік бойы күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Қар тазалау үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен.
7 қарашада түнгі ауысымға қала көшелерін қардан тазартуға 200-ге жуық жол жұмысшы мен 300-ден астам арнайы техника шықты.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы қарқынды тұстар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер - алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. қардан тазартылады.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Қазгидромет" РМК деректері бойынша, 8 қарашада Астанада көшпелі бұлт, қар, боран болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы - 9-14 м/с, екпіні - 15-20 м/с.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" телефонына хабарласыңыз.
Huawei Қазақстанда ICT академиялары үшін марапаттау рәсімін өткізді
Сурет: Huawei
Достарға айту
Huawei компаниясы Huawei Annual Awarding Ceremony атты жыл сайынғы марапаттау рәсімін өткізіп, Қазақстанның 48 университетінің өкілдерін бір алаңға жинады. Аталған жоғары оқу орындарының базасында Huawei ICT академиялары табысты жұмыс істеп келеді. Іс-шара жыл қорытындысын шығару, үздік академияларды, оқытушылар мен студенттерді марапаттау, сондай-ақ елдегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы білім беруді одан әрі дамыту мәселелерін талқылау үшін маңызды алаңға айналды.
Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтары қатарында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Ринатқызы Щеглова, "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасы Арман Айтуғанұлы Ашкин, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен проректорлары болды.
Іс-шараның салтанатты бөлімінде Динара Щеглова Huawei компаниясына студенттер арасында жасанды интеллектті дамытуға бағытталған AI-SANA ұлттық білім беру бастамасын іске асыруға қосқан үлесі үшін алғыс хаттар табыстады. Осы бастама аясында Huawei жасанды интеллект бойынша үш курсты бейімдеп, оларды қазақ тіліне аударды және Huawei Talent Online платформасында оқуға тегін қолжетімділік ұсынды.
Huawei
Бүгінгі таңда Қазақстанның 45 университетінен 200 521-ден астам студент AI-SANA бағдарламасы аясында жасанды интеллект бойынша сертификаттаудан сәтті өтіп, бұл бастаманы өңірдегі цифрлық білім беру саласындағы ең ауқымды жобалардың біріне айналдырды.
Іс-шара барысында Huawei өкілдері білім беру процесін цифрландыруға арналған смарт-шешімдерді таныстырып, қазақстандық жоғары оқу орындарының базасында жұмыс істейтін ICT Academy қызметі туралы өткен жылға арналған есепті ұсынды. Есепте белсенді курстардың, студенттердің және халықаралық сертификаттардың саны бойынша динамика қамтылды.
Кештің негізгі оқиғаларының бірі - Huawei ICT Competition 2025-2026 ұлттық финалына қатысушыларды марапаттау болды. Студенттер Network, Cloud және Computing тректері бойынша жарысып, заманауи технологиялармен жұмыс істеу бойынша практикалық дағдыларын көрсетті. Network бағыты бойынша жеңімпаз атанғандар: Мадияр Мерейев (Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ), Ансар Асылбек (ҚБТУ) және Жақсылық Абдумиталипов (ҚБТУ). Cloud бағыты бойынша Ziani Louay (ҚБТУ), Мереке Нұрай (ҚБТУ) және Арайлым Амангелдіқызы (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) үздік шықты. Computing бағыты бойынша Семсер Бердібек (АТУ), Даниял Сайлаубек (АТУ) және Бақдәулет Кемал (АИУ) жеңіске жетіп, қазақстандық студенттердің дайындық деңгейінің жоғары екенін растады.
Huawei
Сонымен қатар "Instructor of the Year" номинациясы бойынша 14 оқытушы студенттерді даярлаудың жоғары деңгейі, Huawei курстарын оқу процесіне интеграциялау және өз университеттерінде АКТ бағыттарын белсенді ілгерілеткені үшін ерекше атап өтілді.
Негізгі көрсеткіштердің қорытындысы бойынша жыл бойы бағдарламаның жоспарын толық орындап, айрықша нәтижелер көрсеткен бес ICT Academy анықталып, марапатталды. Бағалау үш негізгі критерийге негізделді: AI курстарын білім беру силлабустарына (міндетті және элективті пәндер ретінде) табысты енгізу, AI-SANA бағдарламасы аясында ең көп белсенді сыныптар мен студенттердің болуы, сондай-ақ Huawei ICT Competition 2025-2026 байқауына белсенді әрі нәтижелі қатысу.
Үздіктер қатарына ҚБТУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, ALT University, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті енді. Оқытушылар мен академияларға марапаттарды "Ғылым қоры" АҚ басқарма төрағасы Арман Ашкин және Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директордың орынбасары Сюй Хай табыстады.
Білім беруді қолдау және АКТ саласындағы таланттарды дамыту - Huawei компаниясының Қазақстандағы негізгі басымдықтарының бірі. Біз студенттер мен оқытушыларға салынған инвестицияны ел экономикасының тұрақты дамуы мен цифрлық трансформациясына ұзақ мерзімді үлес деп санаймыз. Huawei ICT Academy, AI-SANA және Huawei ICT Competition секілді бастамалар арқылы біз университеттермен бірлесе отырып, жастардың озық білім мен технологияларға қол жеткізуіне, ал оқытушылардың білім беру бағдарламаларын жаңартуға арналған құралдарға ие болуына мүмкіндік беретін экожүйе қалыптастырып келеміз. Annual Awarding Ceremony - серіктестерімізге сенімі үшін алғыс айтып, Қазақстандағы АКТ-білім беруді күшейтіп, оны заманауи әрі бәсекеге қабілетті етіп отырған жандарды атап өтудің бірегей мүмкіндігі", - деп атап өтті Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директордың орынбасары Сюй Хай.
Huawei ICT Academy - Huawei компаниясының әлем бойынша университеттер мен колледждермен серіктестікте жүзеге асырылатын жаһандық білім беру бастамасы. Бағдарлама аясында білім беру ұйымдары Huawei әзірлеген авторлық курстарға қол жеткізеді, ал студенттер желілік технологиялар, бұлтты сервистер, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және басқа да бағыттарды қамтитын 23 АКТ бағыты бойынша практикалық оқудан өтіп, халықаралық сертификаттауға ие бола алады.
Huawei ICT Academy бағдарламасы бірнеше жылдан бері қазақстандық университеттерде классикалық академиялық курстар мен цифрлық экономиканың нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты қысқартуға көмектесетін платформа ретінде жұмыс істеп, елдің технологиялық дамуына қажетті кадрлық резервті қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Қазақстанның Елшілігінің қолдауымен Әзербайжан астанасында қазақ мәдениетінің онкүндігі өтті. Еліміздің кино, театр және креативті жобалар саласындағы жетістіктері таныстырылды. Баку тұрғындарына толықметражды фильмдер, музыкалық драма және халықаралық деңгейде танылған ойын әзірлемелері ұсынылды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шаралардың бір бөлігі Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) мәдениет пен креативті индустриялар саласындағы негізгі оқиғаларының бірі саналатын ауқымды халықаралық "Baku Creative Week - 2025" фестивалі аясында өтті.
Қазақстан киносы күндері шеңберінде "Мереке", "Операция "Набат"", "Жабайы" және "Менің атым Қожа" атты фильмдер көрсетілді. Көрсетілімдерден кейін көрермендер қазақстандық делегация өкілдерімен, олардың ішінде актер Бақыт Қажыбаев пен сценарист Тамерлан Алмановпен фильмдердің көркемдік және мәдени қырларын талқылау мүмкіндігіне ие болды.
Әзербайжан мемлекеттік академиялық музыкалық театрында Астана қаласы әкімдігінің Жас көрермендерге арналған музыкалық театрының орындауында "Әміре" музыкалық драмасы сахналанды. Қойылым көрнекті қазақ әншісі Әміре Қашаубаевтың Париждегі "ЭКСПО" дүниежүзілік көрмесінде өнер көрсеткеніне 100 жыл толуына арналды.
G-HUB саммиті аясында өткен Turkic Game Jam 2025 финалында Almaty Creative Hub-та ұйымдастырылған Алматы хакатонының жеңімпаз жобалары таныстырылды. Murakami Kult және Teqesh командалары өздерінің ойын әзірлемелерін 50-ден астам мемлекеттен келген халықаралық қазылар алқасы мен сарапшыларға ұсынып, Алматы ойын индустриясының жоғары деңгейде дамығанын дәлелдеді.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын Women’s Creativity Forum тудырды. Форумда қазақстандық әйел кәсіпкерлер мен дизайнерлер цифрландыру, инновацияларды енгізу, жастарды қолдау және мәдени кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, Azerbaijan Fashion Week аясында сән көрсетілімі өтті. Іс-шараға Қазақстан атынан дизайнерлер Әлия Жұман мен Тимур Тұрсынқұлов қатысып, олардың топтамалары бағдарламада айрықша орын алды.
Онкүндік қорытындысы ретінде Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының ұжымы Баку тұрғындарына "Менің досым" атты пьесаны ұсынды. Қойылым үй жануары мен оның иесі арасындағы байланысты суреттейтін трагикомедия жанрында.
Әлішер Науаи атындағы Ұлттық киноөнер сарайында Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" ұлттық киностудиясы, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі жанындағы Кинематография агенттігі тарапынан, Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қазақ киносының күндері өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шара Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Өзбек көрерменіне қазақ кинематографиясының бай мәдени мұрасы мен заманауи жетістіктерін бейнелейтін "Әміре", "Дос-Мұқасан" және "Паралимпиец" көркем фильмдері ұсынылды.
Іс-шараның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшісі Бейбіт Атамқұлов екі бауырлас халық арасындағы мәдени байланыстарды жүйелі түрде дамыту маңызды екенін атап өтіп, өнер қайраткерлерінің елдер арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан елеулі үлесіне ерекше назар аударды.
Ташкент қаласында Қазақ киносының күндерін өткізу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени диалогты кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады және гуманитарлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына ықпал етеді.
Венадағы тарихи Минориттер шіркеуінде "Qazaq soncert" Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің және Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаеваның әлемдік және қазақстандық классиктердің туындыларын аңызға айналған Антонио Страдивари скрипкасында ойнаған жеке концерті өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Аустрияның ең көрнекті шіркеулердің бірінде Петр Чайковскийдің, Камиль Сен-Санстың, сондай-ақ Алмас Серкебаевтың туындылары орындалды, олар кеңістікті жанды эмоционалды күшпен және терең көркемдік көрініспен толтырды. Чайковскийдің, Сен-Санстың лирикалық және драмалық фрагменттері, сондай-ақ Алмас Серкебаевтың шығармалары солистің ерекше шеберлігін және Страдивари еркеше тазалығы мен мәнерлілігін үйлестіретін сирек кездесетін аспаптың бай тембрін ашты.
Концерт Аустрияның дипломатиялық корпусы, БАҚ, іскерлік және мәдени ортасы өкілдерінің, сондай-ақ Венада тұратын қазақ диаспорасы мүшелерінің үлкен қызығушылығын тудырды.
Көрермендер әр шығарманы жылы қарсы алды, ал соңында ұсынылған Вивальдидің туындысына қатысушылар ұзақ қошемет көрсетті.
А.Мұсақожаеваның Минориттер шіркеуіндегі өнер кеші жоғары шеберлік және шынайы музыкалық сұлулықты бағалайтындар үшін нағыз мәдени оқиға болды.
Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі "Қазақфильм" киностудиясымен және Қазақ киносының француз қауымдастығымен бірлесіп Брюссель қаласында Қазақ киносының күндерін ұйымдастырды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бельгия көрермендеріне қазақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдерді, рухани құндылықтары мен мәдени мұрасының байлығын бейнелейтін "Бақыт құшағында" және "Жаужүрек мың бала" фильмдері ұсынылды.
Кинокөрсетілім бельгиялық қоғам өкілдерін, студенттерді және қазақстандық диаспора мүшелерін біріктіріп, мәдени диалог пен қазіргі қазақстандық киномен танысуға арналған алаңға айналды.
Бағдарламада режиссёр Санат Шапашовтың көрнекті қазақстандық композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары негізінде түсірілген "Бақыт құшағында" фильмі ерекше орын алды. Биыл 95 жылдығы атап өтіліп отырған Қалдаяқовтың махаббат, адами шынайылық және ұлттық болмыс тақырыптарына толы музыкалық мұрасы картинаның эмоциялық өзегіне айналып, оған ерекше тереңдік пен лиризм дарытты. Бұл фильмнің мазмұнын халықаралық аудиторияға түсінікті әрі жақын етті.
Кинокөрсетілімдердің ерекше оқиғасы - басты рөлді сомдаған актриса Алия Ануарбектың қатысуы болды. Ол көрермендермен жүздесіп, сұрақтарға жауап беріп, бельгиялық аудитория тарапынан зор қызығушылық пен жылы ықыласқа ие болды.
Іс-шараға Бельгияның тәуелсіз авторлар, режиссёрлер мен продюсерлер қауымдастығының Бас хатшысы Франк Депайфв жоғары баға беріп, ұсынылған фильмдердің эмоциялық айқындығын және көрерменмен киноның әмбебап тілі арқылы сөйлей алу қабілетін атап өтті. Сондай-ақ, ол бельгиялық көрермендерді қазіргі қазақстандық кинематографиямен одан әрі таныстыруға қызығушылық білдірді.
Бельгиядағы Қазақстан мәдениеті апталығы аясында өткен Қазақ киносының күндері Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне деген жоғары қызығушылықты көрсетіп, мәдени дипломатияның өзара түсіністік пен мәдениетаралық диалогты нығайтудың тиімді құралы ретіндегі маңызын айқындады.
Аталған іс-шара Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосып, екіжақты мәдени байланыстардың одан әрі нығаюына ықпал етті.
Домбыра мен сазсырнай Бельгияның Корольдік музыкалық аспаптар музейінің коллекциясына енді
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінде екі дәстүрлі қазақ музыкалық аспабын - домбыра мен сазсырнайды тапсыру салтанаты өтті. Аспаптарды Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшілігі "Алатау Әуендері" концерттік ұйымы қолдауымен табыстады. Бұл іс-шара Қазақстан мен Бельгия арасындағы мәдени диалогты нығайтудағы маңызды қадам болды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Салтанат барысында Алматы облысынан келген "Qulansaz" ансамблінің өнерпаздары қазақ күйлері мен әуендерін орындап, аспаптардың музей экспозициясына қойылмас бұрын олардың шынайы үнін қонақтарға таныстырды. Домбыра мен сазсырнай музейдің тұрақты коллекциясының бір бөлігіне айналып, сондай-ақ цифрлық форматта онлайн-каталог пен аудиогидте де қолжетімді болады. Музейге келушілер әр аспаптың үнімен танысып, олардың шығу тегі мен мәдени маңызы туралы ақпарат ала алады.
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейінің өкілі Саския Виллаерт экспонаттарды тапсырудың маңыздылығын атап өтіп: "Бұл аспаптар музей қорын байытып, музей қонақтарына әлемдегі тағы бір жарқын музыкалық дәстүрмен танысуға мүмкіндік береді. Қазақстанға осы үлесі үшін алғыс білдіреміз және домбыра мен сазсырнайды кең аудиторияға ұсынуға қуаныштымыз", - деп мәлімдеді.
Бельгияның Музыкалық аспаптар музейі (MIM) 1877 жылы құрылған Өнер мен тарихтың Корольдік музейлерінің құрамына кіреді және бүгінде шамамен 8 000 музыкалық аспаптан тұратын бай коллекциясымен әлемдегі жетекші музыкалық музейлердің бірі ретінде танылған.
Ұлы Дала әуендері Куала-Лумпурдың жүрегінде жаңғырды
Сурет: gov.kz
Достарға айту
Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігі Куала-Лумпур қаласының әкімдігімен бірлесіп, Түркістан облысының Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониясы мен қала әкімдігінің оркестрінің қатысуымен қазақ және малайзия халық өнерінің бірегей фьюжн-концертін ұйымдастырды. Іс-шара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық аясында өтіп, Қазақстанның бай мәдени мұрасын шетелде кеңінен насихаттауға бағытталды, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Концерт бағдарламасында қазақ халқының болмысы мен тарихын, рухани құндылықтарын айшықтайтын дәстүрлі қазақ билері, музыкалық және вокалдық шығармалар ұсынылды. Өз кезегінде Куала-Лумпур қаласы әкімдігінің халықтық оркестрі Малайзия музыкалық өнерінің жарқын үлгілерін тарту етті. Өнерпаздардың жоғары кәсіби шеберлігі, әсем ұлттық киімдері мен мазмұнды бағдарлама көрермендердің зор қызығушылығын тудырып, жылы ықыласына бөленді.
Қазақстан Республикасының Егемендігінің 35 жылдығына арналған концерт екі ел арасындағы мәдени көпірге айналып, Малайзия Үкіметінің өкілдерін, дипломатиялық корпус мүшелерін, мәдениет және қоғам қайраткерлерін, іскер топтарды, сондай-ақ қазақстандық диаспораны қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Малайзиядағы Елшілігінің 400-ден астам достарын бір арнаға тоғыстырды.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Малайзияның Жоғары білім министрі Замбри Абдул Қадыр және Малайзия Парламенті Өкілдер палатасының Спикері Джохари бин Абдул болды.
Музыка - баршаға түсінікті әмбебап тіл. Бүгінгі концерт мәдениет арқылы халықтарымызды жақындастырып, болашақ әріптестікке берік негіз қалайтынымызды айқын көрсетті", - деп атап өтті Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Болат Сүгірбаев.
Қонақтар концерттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, мұндай мәдени бастамалардың Қазақстан мен Малайзия халықтары арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудағы маңызын ерекше бағалады.
Қазақстанның мәдениет орталығында "Қазақстанның достары клубының" 8-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Іс-шараға Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері, мемлекеттік органдардың, Орталық Азия өңірі бойынша маманданатын академиялық орта мен бейіндік зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар Қазақстанның өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды үрдістері мен өсімінің жаңа белгілері туралы мазмұнды пікір алмасты. Дамудың ұлттық стратегияларының ұштасуы, Қазақстанның өңірлік және халықаралық бастамаларға қатысуы, сонымен бірге екі елдің сарапшылары арасындағы диалогты одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшісі Шахрат Нұрышев өзінің сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға кешенді шолу жасады. Ол мемлекеттік басқаруды жаңғырту, мемлекеттілік институттарын нығайту және "Әділ Қазақстанды" құру Қытайды қоса алғанда, сыртқы әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін сапалы жаңа негіз қалыптастарын атап өтті.
Елші Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің тұрақты әрі кешенді дамуын атап өтіп, екіжақты қарым-қатынастардың серпініне егжей-тегжейлі тоқталды. Ол сауда, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация, энергетикадағы ынтымақтастық, көліктік-логистикалық өзара байланыстарды және мәдени-гуманитарлық алмасуларды дамыту сияқты негізгі бағыттарға ерекше көңіл бөлді.
Ш.Нұрышев ағымдағы жылы жоғары деңгейде бірқатар жемісті сапарлар өткенін және олардың нәтижесінде өзара іс-қимылдың ұзақ мерзімді бағдарлары айқындалғанын және екі елдің стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ынталы екенін растағанын атап өтті.
Отырыста сөз сөйлегендер, соның ішінде Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қарым-қатынасты қалыптастыру мен дамытудағы рөлін және ерекше үлесін, Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағдарының бірізділігін, сондай-ақ Астана мен Бейжің арасында сақталған жоғары деңгейлі саяси сенімді жоғары бағалады. Олар Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы маңызды серіктесі екенін, ал екі ел арасындағы ынтымақтастық өңірдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.
Қазақстанның Қытайдағы достары Клубы" қазақ дипломаттары, ҚХР мемлекеттік органдары мен Орталық Азия бойынша жетекші қытай мамандары арасында тұрақты пікір алмасуға арналған сараптамалық алаң болып табылады. 2015 жылдан бері өткізілетін Клуб отырыстары өзекті ішкі саяси, экономикалық және өңірлік процестерді, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты және көпсалалы ынтымақтастықтың жағдайы мен келешегін талқылауға арналған.