17.06.2021, 21:17 18887

Бекшин: Алматыда маусым айында коронавирус ауруы екі есеге азайды

Бекшин эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастаған кезінде тұрғындардың вакциналануы маңызды екенін атап өтті.
АЛМАТЫ. 17 МАУСЫМ - Алматы қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин маусым айында Алматыда коронавирус ауруы екі есеге төмендегенін хабарлады, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Алматы 12 маусымнан бастап "жасыл" аймақта тұр. Айдың басынан бері коронавирус ауруы 2 есе азайды. Соңғы тәулікте КВИ-дің 112 жағдайы тіркелді, ал тәуліктік өсім 0,1%-ға төмендеді", — деді Ж. Бекшин.

 
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ол індеттің әлі сейілмегенін, өткен тәулікте мегаполисте КВИ жұқтырудың 112 жаңа жағдайы тіркелгенін айтты. Жандарбек Бекшин эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтана бастаған кезінде тұрғындардың вакциналануы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ санитарлық шараларды сақтау қажеттігін еске салды.
 

Халықтың 100 мыңына шаққанда ауру деңгейінің төмендеу динамикасы тұрақты, соңғы 7 күнде 64,7-ден 39,8-ге дейін азайды, репродуктивті сан 0,79 деңгейінде тұрақтанды, бұл "жасыл" аймақ параметрлеріне сай", — деп түсіндірді Алматы қаласының бас санитарлық дәрігері.

 
Ж. Бекшин 19 маусымнан бастап күшіне енетін Алматы қаласының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің жаңа қаулысының дайын екенін айтты. Жаңа құжатқа сәйкес бизнес үшін бірқатар жеңілдіктер белгіленген.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны