24.02.2021, 23:23 19391

Қиясов: Қазақстанда "Спутник-V" вакцинасынан жағымсыз реакция тіркелген жоқ

Нұр-Сұлтан. 24 ақпан. Kazakhstan Today - Коронавирус инфекциясына қарсы екі кезеңді вакцинация жалғасуда және жоспар бойынша жүргізілуде. Бұл туралы ОКҚ брифингінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazakhstan Today ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
 
Оның мәліметінше, 20 157 адам "Спутник -V" вакцинасының алғашқы дозасын қабылдады. 22 ақпаннан бастап екінші кезеңде 2 137 адамға екпе жасалды. Алайда жағымсыз реакция тіркелген жоқ.
 

Биыл 25 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген 93 мың доза вакцина өңірлерге жеткізіледі. Сонымен медицина қызметкерлерін вакцинациялау аяқталып, педагогтарға екпе салу науқаны басталады", - деді Қиясов.

 
Сондай-ақ, мемлекеттік санитарлық дәрігер соңғы екі аптада КВИ сырқаттанушылық деңгейі 1,2 есеге (8053-тен 6458 жағдайға дейін) төмендегенін хабарлады.
 

Эпидемиологиялық жағдай матрицасына сәйкес Қазақстан Республикасы соңғы екі апта бойы "жасыл аймақта" тұр. Бүгінде ешбір өңір "қызыл аймақта" қалған жоқ", - деді Е.Қиясов.

 
Сонымен қатар, вице-министр 65 жастан асқан адамдарға КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізуге рұқсат беру туралы түсініктеме берді.
 

Өндірушінің ресми ақпараты негізінде медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, осы жас санатын вакцинациялауға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Созылмалы ауру, аллергиялық реакция және басқа да қарсы көрсеткіштер болса, вакцина салынбайды. Мемлекеттік дәрігердің тиісті қаулысы қабылданды", - деді вице-министр.

 
Ресми деректерге сәйкес, вакцинаның қандай да бір компонентіне жоғары сезімталдық, ауыр аллергиялық реакциялар, бауыр мен бүйректің созылмалы аурулары, эндокриндік жүйе функциясының бұзылуы (қант диабеті), қан түзу жүйесінің, эпилепсия, инсульт, жүрек-тамыр жүйесі аурулары, бастапқы және қайталанатын иммун тапшылығы, аутоиммунды, өкпе аурулары, демікпе және ӨСОА сондай-ақ, қатерлі қан аурулары "Спутник V" вакцинасына қарсы көрсеткіш болып саналады.
 
Сондай-ақ, Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында 15 мыңнан астам адам КВИ-ден қауіпсіз орта құруды және келушілерді жұқтыру мен таралу қаупінен қорғауды көздейтін, сондай-ақ бизнеске карантиндік шаралар кезеңінде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін "АSHYQ" мобильді қосымшасын жүктеп алды. Бұл туралы ОКҚ брифингінде денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, тек пилоттық жобаға 40 нысан қосылды. Олардың қатарында фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, моншалар, кинотеатрлар бар. Тағы 59 қатысушы бұл қосымшаны пайдаланды.
 

Коронавирустық инфекцияның пандемиясы басталғаннан бері бүкіл әлемдегі, оның ішінде біздің елдегі бизнес айтарлықтай шектеулермен жұмыс істеуге мәжбүр болды, бұл кәсіпкерлік қызметтің кірісіне айтарлықтай зиян келтірді. Осыған байланысты бизнес-қауымдастық "Атамекен" ҰКП - ның қатысуымен Қазақстанда "АSHYQ" пилотын іске асыруға бастамашылық етті", - деп атап өтті Е.Қиясов.

 
Естеріңізге сала кетейік, өткен тәулікте коронавирустық инфекцияның 753 жаңа жағдайы тіркелді. Жалпы, елде 209 562 жағдай расталды.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны