04.04.2024, 16:41 47946

Ұлттық Банк "сақтандыру жағдайларын" пайдаланатын алаяқтардың жаңа схемалары пайда болғанын ескертеді

ҚҰБ жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды
Қазақстан Ұлттық Банкі сот ісі мен шешімдері аясында жасалған "жеке сот орындаушыларының" жалған құжатын ұсыну арқылы алдайтын алаяқтардың жиілеп кеткенін ескертеді, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметінен.

Қаражат жымқыруды көздейтін қаскөйлер өздерін жеке сот орындаушысы ретінде таныстырып, азаматтарға жалған құжаттар жібереді. Онда азаматтарға тиесілі Ұлттық Банкте "жеке тұлғалардың ашық және сақтандырылған шоты" бар деп алдайды. Сол үшін жәбірленуші тарап ретінде азаматтарға ақшалай төлемдер мен өтемақылар төленеді деген сылтаумен кейін "Ұлттық Банктің қаражатынан" өтеледі деп сақтандыру жарнасын енгізу керек екенін алға тартады.

Азаматтарды сендіру үшін мемлекеттік органдардағы "уәкілетті тұлғалардың" немесе жеке сот орындаушысының қолы мен аты-жөні жазылған және мөр басылған жалған құжаттарды көрсетеді. Мұндай "растаушы құжаттар" азаматтарды үшінші тұлғаға ақша аударуға сендіру үшін көрсетіледі.

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске саламыз.

Егер сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, тиісті арызбен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз.

Кеңес алу үшін Ұлттық Банктің 1477 қысқа нөмірлі байланыс орталығына хабарласуға болады.
 

Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.


МӘТІННЕН ҚАТЕ ТАПТЫҢЫЗ БА?

Оны тінтуірмен таңдап, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны