29.09.2022, 21:27 20306

Манту орнына БЦЖ: Ақтөбеге Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы келді

АҚТӨБЕ. 29 ҚЫРКҮЙЕК - Бүгін Ақтөбеге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы комиссиясы келді. Делегацияны денсаулық сақтау вице-министрі – бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова басқарды, деп хабарлайды KAZAKHSTAN TODAY Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 
Комиссия мүшелері алдын ала манту сынамасыз БЦЖ вакцинасымен қайта егілген №74 мектептің 1-сынып оқушыларының ата-аналарымен кездесті.
 

Жағдай министрдің жеке бақылауында. Қызметтік тергеу басталды, комиссия құрылды, жоспардан тыс тексерулер де ашылды. Эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы бойынша және сараптама нәтижесінің негізінде оқиғаға баға беріліп, медицина қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылданады. Барлық балалар жіті бақылауда болады", - деді А.Есмағамбетова.

 
Кездесу барысында ата-аналар мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
 
Барлығы 42 бала манту сынамасыз БЦЖ вакцинасын алды. Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық. Олар мектепте сабаққа қатысып, сонымен қатар медициналық тексеруден өтеді. Бүгін оларды Ақтөбеге келген республикалық ұлттық фтизиопульмонологиялық орталықтың, педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекші мамандары тексерді.
 
Жағдай Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың ерекше бақылауында. Аймақ басшысының тапсырмасымен бүгін мектеп мемлекеттік емхананың қызметіне берілді. Балалардың денсаулығын тұрақты бақылау мақсатында қаладағы үздік дәрігерлердің арасынан шыққан педиатрлар екі ай бойы білім ошағында кезекшілікте болады. 
 
Бұған дейін Ақтөбе полициясы ауыл мектебінде бірінші сынып оқушыларына қате екпе салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.
 
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ақтөбеде оқушыларды туберкулезге қарсы ревакцинациялау фактісі бойынша тергеу жүргізуде.
 
 Ақпаратты пайдаланған жағдайда Kazakhstan Today ақпараттық агенттігіне гиперсілтеме жасау міндетті. Kazakhstan Today Ақпараттық агенттігінің материалдарына авторлық құқық.

тақырып бойынша жаңалықтар

Ең көп оқылғаны